Жаңалықтар

Қазақстан: әлемге ықпалы һәм жаһандық бастамасы

Қазақтың көрген құқайы аз емес. Талай қырғыннан, небір апаттан Алла жар боп, аман қалды. Қан-жыны аралас жымысқы саясат қазақты құрту үшін қанша жүргізілсе де, тағдыр талқанын тауыспапты. Қазақты қынадай қырып кеткен ату-асуларды айтпағанда, бейбіт заманда басына бұлт үйіріп, атом жарған зұлматты әлі ұмыта қойған жоқ. Ел мен жерді сынақ алаңына айналдырып, ұлтты да, рухты да улаған уақытты дұшпанға да тілеуге болмас. Мәліметтер, Қазақстан аумағында 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды, бұл ядролық зарядтардың жиынтық қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе асып түседі дейді. Елу жылға таяу уақыт қазақ жерін дүр сілкіндірген ядролық сынақтар халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірді. Мамандардың бағалауынша, топырақтың өнімді әлеуетін қайтадан қалпына келтіру үшін кемінде 300 жыл уақыт керек екен.

Осындай қасіретті басынан өткерген, жан-тәнімен сезінген еліміз әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тартты. Айды аспанға шығарды. Одан соң биыл Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит Қазақстан үшін әлемдік қоғамдастық үшін мән-маңызы жоғары болған-тын. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпті жою туралы «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жария еткені мәлім. Ал, бұған дейінгі 2010 жылғы самитте Президент дүние жүзінде бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан болатын…

Расында да, аузы дуалы қауымның айтқанындай, Тәуелсіздік алғанда Қазақстанның ірі ядролық державаға айналу мүмкіндігі зор еді жария етілген деректерге қарасақ. Мынаған үңіліңіз… Сол кезде, яғни, Тәуелсіздік алған тұста, Қазақстанда құрлықаралық баллистикалық зымырандарға арналған 1216 оқтұмсық және ауыр бомбардирлердің зарядтары, жаппай қырып-жоятын заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған ядролық стратегиялық күштер кешені болыпты. Оған қоса, 1400 ядролық оқтұмсықты стратегиялық 104 Р-36М зымырандары, құрлықаралық зымырандарды ұшыратын 148 шахталық қондырғылар шоғырланды, сондай-ақ, ауыр МБР СС-18 оқ-зарядтардың үштен бірі, Байқоңыр ғарыш айлағында баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізетін маңызды нысандар жұмыс істеп тұрыпты. Бұдан бөлек, яролық қару өндіретін ғылымы мен инфрақұрылымы да болған екен.

Қазақстан осынша қару-жарағымен, мол мүмкіндігімен ірі державаға айналса, ешкім қолынан қаға алмас еді. Бірақ алдыңғы кезекке ұлт қауіпсіздігін қойған Президент ондай әрекеттің көсегемізді көгертпейтінін күні бұрын сезді. Білді. Сондықтан да әлем елдерінің басшылығын қайран қалдырған шешім қабылдады. Оны жүзеге асырды және бұл туралы өзінің ойларын ортаға салды да. Н.Назарбаевтың «Ауқымды алып әлем және ядролық қауіпсіздік» атты мақаласында бұл мәселелер айқын баян етіледі. «Қаруды таратпау саласындағы бүгінгі ахуал көңілдегіден көп төмен жатыр. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім (ЯҚТК) өзіне артқан сенімді ақтай алмай отыр. Өйткені ол асимметриялы болып табылады және ядролық қаруы жоқ елдерге қатысты санкцияларды ғана қарастырады. Құжат МАГАТЭ мен БҰҰ-ның мемлекеттердің ядролық нысандарға халықаралық инспекторлардың жіберілуінен ауытқу фактілеріне нақты да түсінікті ықпал ету тетіктеріне ие емес. Ақыр аяғында ЯҚТК өзінің қатысушыларына қол қоюшылар қатарынан ешқандай салдарсыз шығып кетуіне мүмкіндік береді. Осы жағдайлардың барлығы келісімнің тиімділігі мен нақтылығын әлсіретіп отыр», – деген болатын.

Мемлекет басшысының АҚШ Президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің жұмысына қатысқаны да әмбеге аян. Онда Қазақстанның ядролық қарусыздану процесіне қосқан маңызды үлесі және біздің еліміздің ядролық қаруды таратпаудағы рөлі атап өтілді. Жаһандық саммитке әлемнің 43 елінің, соның ішінде АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Австралия, Бразилия, Германия, Испания, Израиль, Сауд Арабиясы және өзге елдердің мемлекет және үкімет басшылары қатысқан-ды. Мұндағы жұртшылық та ядролық қауіпсіздіктегі біздің елдің қосқан үлесінің ауқымдылығына куә болды.

Әлемдік қоғамдастықтың қолдауымен Қазақстанда ядролық қауіпсіздік саласындағы бірқатар өзге де маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ядролық отынды жоғары байыту төменгі байыту жағдайына түсірілді. Уран өндіру және өңдеуде әлемдік рынокта Қазақстанның көшбасшылық позициясын есепке ала отырып, ерекше маңызды болып табылатын ядролық инфрақұрылымдар мен ядролық материалдардың қауіпсіздігін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Қазақстандағы барлық ядролық объектілер МАГАТЭ-нің қатаң бақылауына алынған.

Ал біздің ел бұған дейін ядролық қауіпсіздікті нығайту үшін тоқтаусыз іргелі жұмыстар атқарды. Ірі державаларға үлгі болды. Семей ядролық полигонын жапқан 1991 жылдан бастау алған бұл іс толассыз жалғасып келеді.

Мәселен, 1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынға КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.

Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды.

1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуына байланысты жоғарыда айтылған мемлекеттерге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды.

Бұл құжатқа қол қойылу Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдірді. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қазақстанға Қытай және Франция тарапынан берілді.

Ядролық арсеналды шығару бойынша өз міндеттемелерін орындай отырып, Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудың инфрақұрылымын жою проблемасымен және бұрынғы әскери өндірістерді азаматтық мақсаттарға көшірумен айналысты. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) аясында ядролық материалдарды бақылау мен есепке алудың, АЭС-ті пайдаланудың, ядролық материалдар мен қондырғылардың физикалық қорғалуының мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру бойынша Қазақстанға техникалық көмек көрсетудің үйлестіру жоспары жасалды. Оған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.

Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады. ЯҚТШ ядролық қаруды бақылау саласындағы қатысушы мемлекеттерді ядролық қарусыздану бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттейтін бірден-бір көп жақты келісім болып табылады.

Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

2004 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы 19 ақпанда бекітті. Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды іске асырудың мақсаты – ядролық материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын болдырмауға, сонымен бірге жалпы алғанда мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына берік сенімділікті қамтамасыз ету.

1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ БА 51-ші сессиясы уақытында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосуда. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты. 2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық полигонында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді. ИДЭ08 – ЯСЖТШ Ұйымы құрылғаннан бері ұйымдастырылған іс-шаралардың ішіндегі аса маңыздысы еді.

Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы. Сондай-ақ, еліміз Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны бекітті де. Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. Сөйтіп,

Ядролық қауіпсіздік мәселесінде еліміз көп елге өнеге көрсетіп отыр. Мұны шетелдің саясаткерлері де аса жоғары бағалайды. Қазақ бұл істе көшбасшыға айналды.

Ғаламтор, БАҚ материалдары

негізінде дайындаған

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button