Руханият

«Қазақ спортында есімімді қалдырғым келеді»

Шет ауданының топырағында жауырыны жер иіскемеген палуандар жетерлік. Дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған ардагер спортшы Болат Манабаев және білікті бапкер Айқын Қантайұлынан бастап, әр салмақта өнер көрсететін дзюдошыларының дарынын мойындамайтын жан кемде-кем. Алдыңғы толқын спортшылардың даңқын жалғап келе жатқан жастар қаншама?! Саңлақ спортшылар сапында аға буынның ізбасарлары жетерлік. Солардың бірегейі – Дастан Жұмажанов.

Дастан Жұмажанов

Жиырма жастағы спортшының жеке бапкері – Талғат Қыдырбайұлы. Көп жылдық тәжірибесі бар бапкер шәкіртінің болашағынан үлкен үміт күтетінін жасырмады. Бұл мақсатта күндіз-түні аянбай еңбек етіп, білгенін үйретуден де жалықпайды. Нәтижесінде, Дастан биік белестерден көрініп үлгерді. Нақтылай түссек, 2020 жылы жасөспірімдер арасында 66 келі салмақта, 2022 жылы 73 келі салмақта облыс чемпионы атанды. 2018 жылдан бері біраз халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпазы мен жүлдегері. Осы жылы ересектер арасында облыстың чемпионы болып, 10-12 тамызда Бішкек қаласында өткен ересектер арасында Азия кубогында чемпион атанды. Сонымен қатар, Ақтау қаласында Қазақстан Универсиадасында 73 келі салмақта күміске қол жеткізді.

– Дастанды жаттықтырып жүргеніме 5 жылға жуықтады. Шәкіртім бұған дейін біраз белестерді бағындырып үлгерді. Десе де, бұған тоқмейілсуге болмайды. Өйткені, ел намысы сынға түсер дүбірлі додалар әлі алда. Осы мақсатқа жету үшін талмай еңбектенеміз. Шәкіртіме тек сәттілік тілеймін. Жарқын жеңістерімен бізді қуантады деген сенім мол, – дейді бапкері Талғат Қыдырбайұлы.

Өзінің айтуынша, жас спортшы бала жасынан өз қатарларымен күресіп, шың­далған екен. Жамбыл Ақылбаев мектебінің түлегі 5-сыныптан бастап, дзюдомен айналысқан. Алғашқы бапкері – белгілі жаттықтырушы Айқын Қантайұлы. Айқын ағасы 5 жыл баулып, қанатын қатайтқан. 2018 жылдан бері Талғат Қыдырбайұлы жалынды жасты баптап келеді.

– Дзюдоға жаным қалап бардым. Үздік атануыма бапкерлерімнің қосқан үлесі зор. Әр адамға спорттан бөлек білім де қажет. 2018-2022 жылдар аралығында Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжінде оқыдым. Қазіргі уақытта Қарағанды университетінің Дене мәдениеті және спорт факультетінде білім алып жатырмын. Дзюдоға бала кезімнен қызықтым. Спортқа келгеніме өкінбеймін. Өмірімді спорт­сыз елестете де алмаймын. Қазақ спорты тарихында есімімді өшпестей етіп қалдырғым келеді, – дейді Дастан Саятұлы.

Айта кетейік, Дастан Жұмажанов 2003 жылы 31 шілдеде Қарағанды облысы Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Ата- анасының үмітін ақтап жүрген спортшы ауылдастары үшін нағыз батыр. Спорт саңлағының әрбір жеңісі мен жеткен жетістігін отбасы мақтан етеді.

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button