Қазақ болмысының энциклопедиясы
28 қыркүйек – қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Осыған орай, «Қарағанды қаласының орталықтандырылған қалалық кітапхана жүйесіне» қарасты М. Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханасы конференция өткізді. Тақырыбы – «Мұхтар Әуезов мұрасы – ұлт қазынасы». Тағылымды шараға шаһардың зиялы қауымы қатысты. Мақсаты – қаламгердің өмір жолы мен жазушылығынан өскелең ұрпаққа, оның ішінде кітапхана оқырманына мағлұмат беру. Әлем таныған Мұхтардың мұрасын дәріптеу.
Конференцияның ашылуы жазушы бюстінің маңында ұйымдастырылды. Онда жас шайырлар Мұхтар Әуезовке арнаған өлеңдерін оқыды. Одан кейін қаламгер жайында, оның мұрасы жайында ой толғады. Гүл шоқтары қойылды.
– Бүгінгі шара өз дәрежесінде өтіп жатыр. Зейнолла Қабдолов «Абайды танығың келсе, Мұхтар Әуезовті оқы» деген. Біз хакімнің ғұмыры хақында жазушының «Абай жолы» роман-эпопеясынан білдік. Сол себепті де, Мұхтар Әуезовтің мұрасы дәріптелуі қажет. Өзімнің құрдастарыма, достарыма айтарым – өре мен таным көкжиегін кеңейту үшін кітап оқыңыздар. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің шығармашылығынан ұлтымыздың асыл қасиетін, ұлылығын көресіздер, – деді «Bolashaq» академиясының 4-курс студенті Қымбат Шари.
Шараға Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Сексенұлы да қатысып, «Абай жолы» роман-эпопеясы жөнінде айтты.
– Мұқаңсыз хакімнің өмірі мен оның шығармашылығы беймәлім болып қалуы да мүмкін еді. Мұқаң «Абай жолын» жазу үшін 20-30 жыл еңбек еткен. Анығырақ айтсақ, дерек жинаумен айналысқан. Шыңғыстаудың етегіндегі көз көрген ақсақалдардың Алматыға алдыртатынын алдыртып, мүмкіндігі болса, өзі іздеп барып отырған. Қазаққа Абайды таныту үшін оның мұраларын жарыққа шығару үшін өзінің ғұмырын арнаған. Кейінгі жұрт қазақ прозасының жарық жұлдызы, біртуары, классигі Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына жүрегімен бойласа, нұр үстіне нұр, – деді Серік Сексенұлы.
Конференцияда филология ғылымдарының кандидаты Құрманғазы Зәкірұлы «Мұхтар Әуезов – этнограф ғалым» деген тақырыпта баяндама жасады.
– Баяндамада «Абай жолы» роман-эпопеясындағы тұрмыстық салт-дәстүрге қатысты тұстарына тоқталдым. Шығармадағы барлық әдет-ғұрыпты тізіп шықтым. Қолданыста жоқ ғұрыптар хақында түсініктеме бердім. «Абай жолы» – қазақ болмысының энциклопедиясы, – деді Құрманғазы Зәкірұлы.
Конференцияда Мұхтар Әуезовтің ғұмыры мен мұрасы хақында өзге де баяндамалар жасалды. Баяндамашылардың мақсаты айқын. Студенттерге қонымды болуы үшін деректерін слайд түрінде көрсетті. Соңында жас оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын да қойды. Осылайша өзара диалог орнады.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz