Жаңалықтар

«Қазақ – бауырың, көмегіңді аяма»

 «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгертілмейді» (Абай). Бірақ, сол тағдырыңды әуелден маңдайыңа жазылған қалыпта өмір сүру үшін Алланың өзі қилы жолдармен алып жүрмейді емес пе?! Әлбетте, өскен орта, ата-ана тәрбиесі, тіпті, қала берді шыр етіп, дүниеге келген жеріңнің топырағы, ауасы, суының да әсері болмақ. Су демекші, ғалымдар судың да жады болады дейді. Ағзасы 70% судан тұратын адам үшін табиғаттың берген ерекше сиының тағдырымызға әсері жоқ деп көріңіз осыдан кейін. Бар екеніне көзіңізді жеткізгенде, еріксіз таң қаласыз. Ал, әуелден бейбіт тірлікті қалаған қазақ елінің бір тамшы суының, бір түйір топырағының, бір жұтым ауасының өзі соны білдіреді. Олай болмаса, тарихи Отанынан шалғай жатқан Қазақстанда дүниеге келіп, кейіннен Шешенстан Республикасының бірінші Президенті болған, сонымен қатар соғысты тоқтатқан тұлға ретінде тарихта аты қалған Ахмад ҚАДЫРОВТЫҢ дәл Қарағанды топырағында дүниеге келіп, балалық шағын өткізуі кездейсоқ деп көріңіз. Кездейсоқ емес. Демек, тағдыр маңдайына соны жазған. Басқалай болуы мүмкін емес те…

«Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді»

…1944 жыл. Сұрапыл соғыс. Шекесі шылқып отырған ешкім жоқ. Бірақ, жақыны түгіл жатпен де бір түйір дәнін бөліп жескен қазақ үшін қай кезде де ешкімнің жаттығы жоқ еді. Сол жылдар шешен халқына да оңай соққан жоқ. Ұзаққа созылған соғыстан әбден титықтаған халыққа сталиндік режиммен Қазақстанға жер аударылу бүйірден тиген соққыдай болды. Тіпті, жойылып кету қаупі де бар еді. Даласы қандай кең болса, көңілі де сондай дархан қазақ пен еңсесін ешкімге бастырмаған, Кавказ тауындай асқақ шешеннің жолы дәл осы кезде, қайғылы жағдайларда түйісті.

Жер аударылғандардың қатарында Ахмад Қадыровтың ата-анасы – Абдулхамид пен Мари Қадыровтар да бар еді. Қатаң тыйым салынғанына қарамастан, көмек қолын созған Қазақстанның қарапайым тұрғындары қилы тағдырды басынан өткізген шешен ұлтының нағыз туысына айналды. Себебі, қиындық пен сынаққа төтеп берген бұл достықты, туыстықты кім де болса ажырата алмасы анық еді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейтіні» тәрізді бұл үрдіс әлі күнге жалғасып келеді. Соның дәлелі – Ахмад Қадыровтың ұлы, Шешенстан Республикасының қазіргі Президенті Рамзан Қадыровтың өзі қазақ пен шешен арасындағы достыққа баға бере отырып, «…1944 жылғы қуғын-сүргінде қазақ бізге көмек қолын созды. Мұндай ешқашан ұмытылмайды. Халқымыз бауырлас қазаққа осы қолдауы үшін шынайы алғыс білдіреді!» деп жазды.

Рамзан Қадыров әкесінің өсиетінен титтей де болса жаңылған емес. Себебі, оның аманаты да осы: «Қайда жүрсең де, қайда болсаң да қазақ бауырыңа көмек қолын созудан аянып қалма!» Себебі, Үлкен жол, Ұлы жол дәл осы қазақ жерінен бастау алған. Ендеше, бауыр емей немене?! Себебі, қиын кезеңде бауырына тартып, бауыры езіле жанашырлық танытты емес пе?! Ендеше, бір-біріне жанашыр жұрттың да бірге болуы қалыпты құбылыс.

Кіші Қазан кентіндегі Ахмад Қадыровқа қойылған ескерткіш тақта 

Ұлт «Темірқазығы»

Қарағанды облысының Кіші Саран кентінде «Чечевица» операциясымен жер ауып келген Қадыровтардың отбасында осылайша, 1951 жылдың 23 тамызында елінің болашақ көшбасшысы, шешен ұлтының ардақты ұлы – Ахмад Қадыров дүниеге келген. Ал, 1957 жылы отбасы Қазақстаннан тарихи Отандарына оралып, Курчалоевск ауданындағы Центорой ауылына қоныстанып, 1968 жылы Ахмад Қадыров Бачиюрт орта мектебін бітіреді.

Қазақ жерінде өткен алты жыл бар, қала берді ата-анасының Қазақстанда өмір сүрген жылдары көрген-түйгендерін отбасында жиі айтып отыратыны бар, барлығы айналып келгенде Ахмад Қадыровтың соғысты қаламайтының, ол үшін ең басты жол – халқының амандығы екенінің кепіліне айналды. Себебі, ол – бейбіт өмірді ғана қалайтын қазақ елінің топырағында дүниеге келіп, суын ішкен шешен халқының ардақты ұлы еді.

Ахмад Қадыров елінің тарихындағы ең бетбұрыс сәтте халқын дұрыс жолға шығарған «Көшбасшы» болды.

…1990 жылдардың басындағы Шешенстан Республикасы үшін қайғылы кезеңді әлі ешкім ұмытқан жоқ. Орын алған заңсыздық, хаос. Экстремистік күштердің қолында қалған шешен халқының құқығы аяққа тапталып, барымтаға алынып кете барды. Ұлттық мәдениет пен дәстүрден айырылу қаупі туғанда ұлттық бірлік аса қажет еді. Осы кезде ұлтын шексіз сүйетін, солай бола тұра болаттай шыңдалған, ерік-жігері қандай да болсын қиындыққа қасқайып қарсы тұра алар бір көшбасшының шығуы заңды еді. Дәл осы кезде әлемдік деңгейдегі саясат көшбасшыларының өзі жоғары деңгейде қабылдаған Ахмад Қадыров шешен аспанында жарық жұлдыздай жарық етіп шыққан еді. Шығып қана қойған жоқ, ұлтының «Темірқазығына» айналды, бейбітшіліктің негізін қалады. Осының барлығы Ахмад Қадыровты ұлтын сүйген ұл ретінде ғана емес, әлем алдында оны «Жеңімпаз» ретінде танытты.

100 жылда бір рет туатын тұлға

 Кіші Саран кентінде Шешенстан Республикасының Тұңғыш Президенті, қоғам және мемлекет қайраткері ретінде орны ерекше Ахмад Қадыровтың құрметіне Ескерткіш белгі қойылған. Шешен ұлтының ұлықты ұлына 9 тонналық гранит тастан осындай белгі қоюға да бастама көтерген қазақ ұлтының өкілі Жайық Тақиров еді. Ал, таста «Любить народ, бояться Бога!» (Халқыңды сүю, Құдайдан қорқу!) деп қашап жазылған жазба бар. Тасты да өзі тауып, ескерткішті де өз қолынан шығарған мүсінші шығармашылық идеясын «Адам көзі тірісінде қандай болса, ол туралы естелік те сондай болуы керек!» деп түсіндірді.

Жайық Тақировтың ерекше құрметпен әрі қамқорлықпен жасаған бұл ісіне таң қалмаған жан некен-саяқ еді. Сол кезде салтанатты жиынға қатысқандар «Мүсінші сол кезде өзгеге емес, өз әкесіне ескерткіш орнатқандай еді!» деп естеріне алады.

Шынында да, көзі тірісінде екі елдің арасындағы бауырмалдық қарым-қатынасқа ерекше мән берген Ахмад Қадыровқа қойылған бұл ескерткіш қазақ елінің оған деген ерекше құрметі мен ілтипатының белгісіндей еді. Әлбетте, Қарағанды халқы да бауырынан түлеп ұшып, бүтін ұлтты соғыс езгісінен құтқарып, бейбіт аспан орнатқан ардақты ұлдарын ешқашан ұмытпақ емес. Әмсе, солай болып қала береді. Себебі, бұл ел ұлттар мен ұлыстардың бітіскен жері. Қазақ елінің брендіне айналған татулық пен достық – қолдан жасалған туынды емес, тарихи мұра.

«Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз. Құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз», – дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Демек, тарих табыстырған шешен ұлтының ардақты ұлы – Ахмад Қадыровтың екінші Отанында жасалған осындай құрмет сол достықтың, бауырмалдықтың, береке мен бірліктің айқын көрінісі.

 «Қазақты кездестіргенің – бауырыңды кездестіргенің»

Шешенстанда Елбасының атындағы лицей бар. Сондай-ақ, аталған оқу орнының фойесінде Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні қойылған. Ал, Елбасы өз кезегінде оқу орнына сыйлық ретінде шағын автобус, кітапхана және компьютерлік сыныпқа арналған интерактивті тақта берді. Сонымен қатар, Грозныйда Қазақстан қаржысына «Достық үйі» деп аталатын көпқабатты үй салынды. Одан бөлек, Грозныйда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің атындағы көше де бар.

«Қазақ халқының құрметіне елімізде біз көшелер, үйлер мен мектептер ашамыз» деп, қазақ ұлтына деген ерекше құрметін білдірген Рамзан Қадыров «Нұрсұлтан Назарбаев еліміз үшін қиын кезеңдерде алғаш қолын созды. Осы елде тұратын отандастарымыздың саны жүз мыңға жуық, жетпіс мыңға жуығы Қазақстанның азаматтығын алған. Халқымызда «Қазақты кездестіргенің – бауырыңды кездестіргенің» деген сөз бар. Біз осыны естен шығармай, екі халықтың арасында туындаған достықты одан әрі нығайта түсуіміз керек. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бөлінген қаржыға Грозныйда көпқабатты тұрғын үй салынып, «Достық үйі» деп аталатын болады. Мен екі елдің арасындағы достыққа мыңдаған жылдар өтсе де сызат түспейтініне сенімдімін!» деген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының аты берілген №1 лицейде осы елдің танымал тұлғалары білім алған. Олардың қатарында кеңес тарихшысы, публицист Абдурахман Авторханов, жазушы Халид Ошаев, драматург Саид Бадуев бар.

«Туған ел – түп қазығың»

Ахмад Қадыровтың ілкімді ісін ұлы – Рамзан Қадыров жалғады. Шешенстан Республикасының Президенті ретіндегі алғашқы сапарын ол Қазақстаннан,яғни, әкесі – Ахмад Қадыров дүниеге келген елден бастады.

Әуелде астана төріндегі «Ақ Ордадан» басталды құрметті қабылдау. Рамзан Қадыров дәл осы жолы Елбасыға екі елдің арасындағы достықты дамытуға қосқан үлесі үшін және «Қазақстан Президенті Грозныйдағы тұрғын үй құрылысына және Шешенстан астанасы үшін коммуналдық арнайы техниканы сатып алуға қаражат бөлу арқылы көрсеткен үлкен көмегі» үшін Ахмад Қадыров атындағы орденді табыстады.

Әлбетте, Қазақстанға келгеннен кейін, әкесінің туған жері, яғни, Қарағанды облысына соқпай кету де мүмкін емес. Рамзан Қадыровты сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Нығматуллин қарсы алды.

Қарағанды мен Грозный арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамыту перспективалары талқыланды. Кездесу барысында бизнес-элитаның және Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері шешен тарапының жобаларына қызығушылық танытып, Рамзан Қадыровтың жақын арада Грозныйға шақыруын қабылдады. Облыс басшылығы шешен астанасына Грозныйда жаңадан қалпына келтірілген орталық стадионға арнайы футбол көгалдарын ұсынды. Ал, жас президентке сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанға жер аударылған халықтар туралы ақпарат бар анықтамалық сыйға тартылды. Басылым беттерінде – Қадыровтың атасының жұмыс картасы, отбасымен бірге тұрған үйінің фотосуреттері және Рамзанның әкесі Ахмад Қадыровтың туу туралы куәлігі бар.

Ахмад Қадыров атындағы орден 

Ахмад Қадыров туған үйдің орнына қойылған ескерткіш тақта 

Р.S. Биыл тірі болғанда Ахмад Қадыров 70 жасқа толар еді. Бірақ, маңдайына Алла 52 жыл өмір сүруді жазған екен. Небары жарты ғасырға жуық өмірінде бейбітшіліктің негізін қалап, «Мен өртенген қалалар мен ауылдарға, сансыз адам шығынына нүкте қоямын. Бұдан былай, баласынан айырылып, қайғыдан жүрегі қарс айырылған ананың бір түйір көз жасы шығын болмайды!» деп, өзінің 2004 жылғы 9 мамырдағы «соңғы парадына» дейін осы ұстанымда болды. Шешен ұлтының ардақты ұлы, адал перзенті өзіне шексіз сенген халқын артына қалдырып, Ұлы Жеңіс мерекесі күні ақтық сапарға аттанып кете барды. Бірақ, артында халқы үшін жасаған үлкен ісі қалды. Бүгінде Шешенстан Республикасы тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім орнаған ел. Рамзан Қадыров халқына қызмет еткен әкесінің игі ісін жалғастыруда. Бұдан артық не керек? …Топырағынан түлеп ұшқан осындай ұлының бары әлбетте, қазақ елі үшін де мақтаныш. Себебі, біз – бауырмыз!

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button