БілімМәселе

Ауылда сұраныс көп, маман жоқ

2009 жылдан бері қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы ауылдық елді мекендерде кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп келеді. Бағдарлама ауылға барып жұмыс істейтін жастарға жағдай жасауға бағытталған: оларға үй алуға несие беріліп, көтерме жəрдемақы төленеді.

Десе де, қалада білім алып, жайлы мекенге үйренген жастардың ауылға барып жұмыс істегісі келмейтіні жасырын емес. Бағдарламаны қаржыландыру мөлшері артқанымен, жастарда қызығушылық жоқ. Сондықтан, ауылда маман тапшылығы азаймай тұр. Бұл мəселе баспасөз беттерінде осыған дейін де бірнеше мəрте айтылып, жазылған еді.

Бағдарлама бойынша биыл да өзгеріс бар. Осы жылдың 1 сəуірінен бастап Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сəйкес, жобаның сенімді агенттігі болып Отбасы банк тағайындалды. Өңірде осы жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталып көрелік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады. Негізгі мəселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Сондықтан, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын» деген болатын. Бұл бүгінгі күнге дейін маңыз дылығын жоймады. Тиісті органдар жыл сайын бағдарламаны жетілдіруге күш салып келеді.

Мəселен, биыл азаматтардың уақытын үнемдеу жəне мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, əрі жеңілдету үшін «Дипломмен – ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Жаңа өтінімдер otbasybank. kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады.

Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген денсаулық сақтау, білім беру, əлеуметтік қамсыздандыру, мəдениет, спорт, агроөнеркəсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер əкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (əкімдер мен əкімдердің орынбасарларын қоспағанда) қатыса алады.

Аудандық əкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың əкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар тізімін бекітеді. Дəл осы тізім аясында жеңілдетілген несие беріледі.

Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, несие бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады). Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғын үй салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі 15 жылды құрайды. Талап бойынша ауылдық жерде жұмыс істейтін жобаға қатысушы 3 жыл жұмыс істеуі керек.

Жəрдемақы мен бюджеттік несие алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау күнін «Отбасы банк» қосымша хабарлайтынын айтты.

Қарағанды облысының экономика басқармасының мəліметінше, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында биыл 201 маманға (əлеуметтік сала жəне агроөнеркəсіптік кешен мамандары, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер əкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері) 1 040,2 млн. теңге сомасында (тұрғын үй сатып алуға) қаражат бөлінген.

«330 маманға 113,9 млн. теңге сомасына көтерме жəрдемақы беріледі. Осы жылдың 1 мамырына дейін 135 маман 46,6 млн. теңгеге көтерме жəрдемақы алды. Бүгінгі таңда көтерме жəрдемақы алған мамандардың жалпы санынан жастардың үлесі 94%-ды құрады. Бұл тізімге 35 жасқа дейінгі 127 маман кіреді» делінген басқарма мəліметінде.

Облыстың экономика басқармасы бұған дейін «Бағдарламаны қаржыландыру жоспары бойынша бюджеттік кредиттерді төлеу осы жылдың маусым айынан бастап жоспарланғанын» хабарлаған еді. Ал, қазіргі уақытта бұл жұмыс əлі басталмағанын айтты.

Қарқаралы ауданының экономика жəне қаржы бөлімінің экономикалық жоспарлау жəне аумақтарды дамыту секторының меңгерушісі Несіпгүл Жаилминаның айтуынша, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен былтыр ауданның ауылдық жерлеріне жұмыс істеуге келген 19 адамға бюджеттік несие берілгенін айтты. Оның 12-сі білім беру, екі адам денсаулық сақтау саласына, мəдениет пен спорт саласына бір-бір адамнан, ауыл шаруашылығы саласына екі адам, ал мемлекеттік қызметке бір адам жұмысқа орналасып, аталған бағдарлама арқасында əлеуметтік көмек алған. Былтыр бағдарламаға аудан бойынша 87 млн. 295 мың теңге бөлінген. 30 адамға көтерме жəрдемақы берілген. Несіпгүл Үйсінбайқызы бағдарламаның сенімді агенттігі «Отбасы банк» болғандықтан, əрі қарайғы жұмыс бірлескен күйде жүзеге асырылатынын айтты.

Қарқаралы ауданының экономика жəне қаржы бөлімінің ресми сайтында ауданның ауылдық елді мекендерінде сұранысқа ие мамандықтар тізімі берілгенін атай кеткен жөн.

Əр салаға маман даярлап, өңірдегі кадр тапшылығын жоюға үлес қосып келе жатқан қарашаңырақ Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде биыл ауылдық квота бойынша 158 түлек оқу бітірген екен. Университетте мансап бөлімінің басшысы Айгерім Исбекованың айтуынша, ауылдық квотамен оқуға түскен жастардың барлығы оқуын бітірген соң міндетті түрде ауылға барып, жұмыс істеуі талап етіледі.

– Біз Бөкетов университетінің студенттеріне жұмысқа орналасу жөнінде бағытбағдар беріп, құзырлы мекемелермен кездесулер өткіземіз. Біз «Дипломмен – ауылға» жəне басқа мемлекеттік бағдарламалар туралы студенттерге түсіндіріп, кеңінен мəлімет береміз, ауылдың жұмыс берушілерімен кездесулер өткіземіз. Бұл бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймай, оларға əлеуметтік қолдау береді. Былтырғы оқу жылында университетті ауыл квотасы бойынша 126 түлек бітірсе, биыл 158 түлек ауыл квотасы бойынша тəмамдап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге жұмысқа орналасуға жолдама алды. Биыл университетті 3480 түлек бітірді, оның 1517-сі міндетті түрде жұмыспен қамтылуы тиіс, – деді Айгерім Əуезқызы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button