Жаңалықтар

Ауыл күні-айтулы мейрам

Жастары ата салтын дәріптеген,

Іскері бірге басқан нарықпенен.

Атыңды, айналайын Жұмыскерім,

Жазамын өшпейтұғын әріппенен.

– деген Мұрат Жадаевтың жүрекжарды өлең жолдарында айтылғандай, Жұмыскер ауылы жастарының ұйымдастыруымен облыс көлемінде алғаш рет ауыл күні өтті.

Қайрақты өзенінің жағасындағы жұртшылық мерекені ауылдағы мешіт үйінің жанында ұйымдастырды. «Туған жерге туың тік» деген халық даналығын Елбасының өзі жаңғыртып отырғанын білеміз. Осы орайда туған жерінде ауыл күнін өткізуге ат салысқан «Матан» фирмасының басшысы Мұрат Жадаевтың еңбегін айрықша айта кеткеніміз жөн. Бұған дейін мұнда мешіт салып, жұртшылықтың алғысын алған да осы азамат.

Осыдан бір күн бұрын осы ауылдың тумасы, әнші Саят Әбдіғали жеке концертімен жұртшылықты бір серпілткен екен. Мерекеде Мұрат Жадаев бір киіз үй, осы ауылдың 73, 75, 80, 86 жылғы тумалары бір-бір киіз үй тігіп, түс әлетінде қонақтарға, ауыл тұрғындарына дәм берілді. Киіз үй жанында құрылған алтыбақанда тербетілген балалар да шат-шадыман көңіл-күйде. Айтулы мерекеде, ат әбзелдері,  ұлттық аспаптармен қатар, тоқпақ, шоқпар, қыл арқан, қайла, самаурын, шәйнек, мосы, басқа да көптеген құрал-жабдықтар, тіпті, патефонға дейін топтастырылған шыны тіркеменің ішіндегі мұражайды жұртшылық тамашалады.

Аудан әкімі Марат Жандәулетов «Ауыл күні» мерекесінің ерекшелігі Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында айтылған міндеттермен үндесетінін, «Туған жер» бағдарламасының нақты бір көрінісі іспетті екенін айта келе, осынау тойға бір кісідей ат салысып, үлкен ұйымшылдық танытқан барша ауыл тұрғындарын мерекелерімен шын жүректен құттықтап, сондай-ақ, «Туған жерім – Кіші Отаным» деп алыстан ат арытып келген қадірлі қонақтарға шын пейілден рахметін білдірді.

Бұдан соң ауданның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен Адай Әрінов, Серікбай Смағұлов, Нақыш Ажарбекова, Мұрат Жадаев марапатталды. Сонымен қатар, ауыл күнін атап өтуге демеушілік жасаған Медет Ажарбекова, Санат Серғалиұлы, Санат Қанатұлы, Мадияр Төреханұлы, Дастан Дәуренұлы, Дастан Қалдыбекұлы, Бекболат Мэлсұлы, Мақсат Нұрлыбекұлы, Фарида Иманмұсақызы, Ақылзат Маратұлы аудан әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Қоғам және мемлекет қайраткері Қасымбек Медиұлы сөз алып, «Мұндай ауыл күнін өткізіп жатқандарыңызға шын жүректен ризамын, ауыл жастары осы мерекені өткізуге бастамашы болды. Мен ауыл әкіміне айтар едім, мұндай жастарды алақанға салып көтеріп жүру керек, мен осы жастарға ақ басымды иемін», – деді. Ауыл әкімі Ришад Әшенов Қасымбек Медиұлының иығына шапан жауып, ат мінгізді.

Келесі болып құттықтау сөз сөйлеген ардақты ақсақал Иманжан Жекебаев «Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн, келешек жастардың қолында,  ауылымыздан қуаныш кетпесін» деген игі тілегін білдірсе, жазушы Кәмел Жүністегі «бұл бірігудің, еліміздің жаңғыруының тойы, неше түрлі қиындықтарды бастан кешкен кешегі бабаларымыздың өсіп-өркендегенінің көрінісі, қуаныш молынан болсын, елім деген ақсақалдардың, азаматтардың абыройы өсе берсін», – деп тілегін білдірді.

Сондай-ақ, құттықтау лебіздерін білдірген осы ауылдың тумасы, осы ауылда кезінде жұмыс істеген, қазіргі таңда ірі құрылыс компаниясының президенті Бақытжан Құмарбеков, бұрын осы ауылда жұмыс істеген, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитетінің төрағасы  Санат Тұңғышбековтер аудан әкімі М.Жандәулетовке, қоғам және мемлекет қайраткері Қасымбек Медиұлына алғыстарын білдіріп, келген қонақтардың қадамдарына құтты болсын айтып, осы тойды ұйымдастырған жастарға жақсы істеріңді жалғастырып, елді еңбекпен көркейтіңдер деген ақ тілектерімен тәмамдады.

Ауыл күніне арналған «Ақадыр әуендері» ансамблінің мерекелік концерттік бағдарламасы басталды. «Ақадыр әуендері» ансамблі Құрманғазының «Балбырауын», Тәттімбеттің «Сылқылдақ», Нұрғисаның «Ата толғауы» күйлерін орындаса, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Жалғас Сәдуақасов, Қыздарбектің «Сылқым қыз», Нұрғисаның «Әлқисса» күйлерін шертіп, жиналғандарды құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ, Ә.Қашаубаев атындағы республикалық конкурстың лауреаты Қайрат Әбеуов, Біржанның «Он саусақ», Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық» әндерін шырқап, қалың қауымды желпінтіп өтсе, халық әні «Қара-ай көзің» Саягүл Бейсенова, І.Жақановтың «Асылым» әнін Айзада Жиенбаева, Т.Базарбаевтың «Ауылым» әнін дуэт нақышына келтіре шырқап, өнерсүйер қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мерекелік концерттен соң, қалың жұртшылық Ақадыр кентіндегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Сейсенбай Жанасыловтың ұйымдастыруымен өткен ұлттық спорт түрі қазақ күресін тамашалады. 75 келі салмақта ақадырлық палуан бірінші орын жеңімпазы Марлен Жанғабылға 50 мың теңге ақшалай сыйлық, екінші орынды еншілеген қаражалдық палуан  Қайрат Ағыбаевқа 30 мың теңге ақшалай сыйлық, үшінші орын жеңімпазы Қарқаралыдан келген палуан Едіге Сыздықовқа 20 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды және грамоталар мен арнайы медальдармен марапатталды.  Түйе палуаннан бірінші орын алған Қарқаралы палуаны Ерсін Мұхамеджанов тай мінсе, екінші орынды қаңжығасына бөктерген Ақжігіт Оралов 80 мың теңге ақшалай сыйлықпен, үшінші орынға ие болған Бекзат Ахметбеков 50 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші, үшінші орын алған бұл екеуі Қарағандыдан келген палуандар. Палуандарға грамоталар және арнайы медальдар табыс етілді.

Аса бір икемділікті қажет ететін, ұлттық спорт – асық ату ойынына он алты бала қатысып, жеңімпаз атанған үш бала ақшалай сыйлықпен, арнайы медальмен, грамотамен марапатталды. Кір тасын  көтеруден бірінші орын жеңімпазы ақадырлық Руслан Тұрсынбековке ақшалай сыйлық, екінші орынға ие болған Ақсу-Аюлыдан Қанат Сағындықов кілем, үшінші орын иеленген Шопа ауылынан келген  Ертай Қаниевке ақшалай сыйлық, грамоталар және арнайы медальдар табыс етілді.

Сондай-ақ, қошқар көтеру сайысына түскен сом білекті 11 жігітті қызықтаушы қалың жұртшылықтың қиқу-қошеметі сайыс соңына дейін бір толастамады. Үлкен қошқарды 38 рет көтерген қайрақтылық Саябек Әлтаев жеңімпаз атанып, жүлде ретінде қошқарды иеленді.

Сонау 1933 жылы іргетасы қаланып, он шақты үйден құралған алақандай ауыл аштықтан, репрессиядан, Ұлы Отан соғысынан қабырғасы қайысса да, омыртқасы сынбай аман өтіп, тоқсаныншы жылдардың тоқырауын артқа тастап, Тәуелсіздікке жетіп, бүгін міне іргелі елге айналып, Ауыл күнін тойлап өтті.

Кешке таман Ауыл күні мерекесі аяқталып, қонақтар мен ауыл тұрғындары тарқаса бастады. Мұрат Жадаевтың сөзімен айтқанда; Итазудан шыққан күн Қояншоқыға, Тағылының саласын, Қайрақтының жағасын, Жұмыскердің ауылын, бірлігі жарасқан қауымын қимай-қимай әрең батып бара жатқандай әсер қалдырды.

 

Ш.МҰҚАЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button