Абай

Ауыл әйелдеріне – толайым мүмкіндік

Абай ауданының орталығында ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті. Аталмыш шара «Рухани жаңғыру» және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламаларының шеңберінде ұйымдастырылды.

Форумға облыстың барлық аудандарының өкілдері қатысты. Қатысушылар үшін өңірлік тауарлар мен қолдан жасалған бұйымдарының көрмежәрмеңкесі ұйымдастырылды. Делегаттар іскер әйелдердің жетістіктері туралы тыңдап, Абай қаласындағы тігін цехына барып, семинар-тренингтерге қатысты.

Форум ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға облыс әкімдігі, «Жасыл экономика» және G-Global даму Коалициясы, G-Global халықаралық хатшылығы, Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы ұйытқы болды.

Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, ҚР Паламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ирина Унжакова, «Жасыл экономика және G-Global дамуы Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы, ҚР Президенті жанындағы жасыл экономикаға көшу жөніндегі Кеңестің мүшесі Салтанат Рахымбекова және Абай ауданының әкімі Бауыржан Асанов қатысты.

– Бүгін Қазақстанда жұмыс істегісі келетіндер үшін ешқандай кедергі жоқ. Егер, ниеті болса, жұмыс әркімге табылады. Ол үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. Біз әйелдерді бизнеске тартумен жеті жыл бойы айналысудамыз. Еліміздің әр өңірінде оларды кәсіпкерлік негіздеріне үйретеміз. 11 мыңнан астам әйел оқытылды. Бұл форум «Әр әйелге іс – елге табыс» ұранымен өтуде. Біз елдің экономикасын көтеру үшін әйелдердің әлеуетін 100%-ға пайдалануға тиіспіз, – дейді депутат Майра Айсина.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов форумға қатысушыларды құттықтап, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті.

– Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған бұл бағдарлама ауылдарды дамытуға, оларда жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бүгінде біздің облыста 2 мыңнан астам шаруа және фермерлік шаруашылықты әйелдер басқарады. Мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен олардың көбі өздерінің кәсіпкерлік бастамаларына қолдау алды. Тәжірибе мен білімді бөлісуге мүмкіндік беретін форумдар ауыл шаруашылығын дамытуы тиіс, – деп атап өтті Абзал Нүкенов.Форум қатысушыларына мемлекеттік қолдау мен бағдарламалар, әйелдерді жұмысқа орналастыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және қаржылық қолдау құралдары туралы айтылды.

– Бұл форум Қазақстанда алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылды. Сонда біз көпшілік тарапынан үлкен қызығушылықты байқадық. Қатысушылар ауылды дамыту мәселелерін жоғары мінберден талқылауға мүмкіндік алды. Делегаттар бізден осындай форумдарды өңірлерде де өткізуімізді сұрады. Қарағанды облысы – осындай іс-шара ұйымдастырылған тоғызыншы өңір. Басты тақырыптар – бұл ең алдымен ауылдарды тұрақты дамыту, ауыл халқының кірісін арттыру, жұмыспен қамту. Біз осы мәселелерді талқылау үшін демонстрациялық және пікірталас алаңын ұйымдастырдық, – деп түсіндірді Салтанат Рахымбекова.

Ол, сондай-ақ, форум ұйымдастырушылары «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аймақтарда жүзеге асырылуына мониторинг жүргізетінін айтты. Қарағанды облысында оған үш ауыл – Нұра, Атасу және Ұлытау енгізілген. Осы үш ауылда биылғы жылы жалпы сомасы 1,5 млрд. теңге болатын 26 жоба іске қосылды. Олар инфрақұрылымды жақсартуға, мемлекеттік қолдау мен шағын несиелендіруге бағытталған.

Салтанат Рахымбекованың айтуынша, ауыл әйелдерінің форумы қатысушыларды жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға ынталандырып, даярлайтын болады. Сонымен қатар, онда көптеген бизнес-идеялар таныстырылды.

 Өткен аптада Президент Петропавлда өткен кеңесте фермерлік шаруашылықтарды, жеке қосалқы шаруашылықтарды шағын несие беру механизмінің көмегімен дамыту туралы айтқан болатын. Біздің форум мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдерді кеңінен насихаттайды. Бүгін біз кішігірім бизнес-идеялардың үлкен легін таныстырамыз. Арнайы сайттар құрып, онда қажетті ақпараттарды алуға болады. Біздің форум ауылдағы өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өңірлердің әлеуетін күшейтеді, – деп атап өтті Салтанат Рахымбекова. Шара соңында қатысушылар 7-8 қараша күндері НұрСұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына облыс атынан қатысатын делегаттарды таңдады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button