Ресми

Ауыл интернет игілігінен ажырамайды

Өткен жылы елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Ұлттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республиканың интернет саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қабылданды. Мақсат – халықты жылдамдығы секундына 100 мегабит кеңжолақты интернетпен қамту. Жоба 2024 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңді қамтып, сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Облыста Ұлттық жобаны жүзеге асыру негізгі төрт бағыт бо­йынша жүргізіліп, 2026 жылға дейін 10 мыңнан астам адамды қамтитын болады. Бұл туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында белгілі болды.

Сурет farming.org.ua

«Соңғы мильге» жетуге аз қалды

Облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, төрт жылда негізгі төрт шараны жүзеге асыру көзделген. Оның біріншісі – ауылдық елдімекендердегі үй шаруашылықтарына интернеттің «Соңғы милін» субсидиялау.

Жалпы, «Соңғы миль» ұғымы телекоммуникация саласында пайдаланылады. Атап айтқанда, интернет тартудың соңғы шақырымы. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданған кезде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауылға интернет тартқан шағын және орта байланыс операторларына ақырғы шақырымға жұмсаған шығын мемлекет есебінен субсидияланатынын айтқан болатын.

Ауылдық елдімекендердегі үй шаруашылықтарына интернеттің «Соңғы милін» субсидиялау бойынша жұмыстар биыл басталды. 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Осы уақыт аралығында 10 мыңнан астам адам интернет желісімен қамтылады. Атап айтқанда, биыл Бұқар жырау ауданының Қызылқайың, Жаңаталап, Самарқанд және Центральное ауылдарына тартылады. Ал, 2025 жылы Қарқаралы ауданының Қарабұлақ, Аппаз және Қаракөл ауылдары жоспарға енгізілді. Одан бөлек, осы жылы Бұқар жырау ауданының 2024 жылға енбей қалған 2 ауылы, яғни, Урожайное және Құрылыс ауылдарының тұрғындары интернетке қол жеткізеді, – дейді Константин Ильницкий.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын облыста жүзеге асырудың бірінші шарасы 2026 жылмен Қарқаралы ауданының Бүркітті, Жарлы және Ынталы ауылдары және Нұра ауданының Көбетей ауылына интернеттің «Соңғы милін» жеткізумен аяқталмақ.

8 мегабайттан 100 мегабайтқа

Үш жыл аралығында 13 ауылдық елдімекенді қамти отырып, 10 мыңнан астам адам интернетке қол жеткізеді. Ал, атқарылатын жұмыстарға келетін болсақ, бұрынғы интернет жеткізетін инфрақұрылым, атап айтқанда, мыстан жасалған сымдар талшықты-оптикалық инфрақұрылымға ауыстырылады. Бұл өз кезегінде интернеттің жылдамдығын бұрынғыша секундына 8 мегабайттан емес, 100 мегабайтқа дейін таратуға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.

Жалпы, секундына 100 мегабайт – қазіргі заманғы провайдерлердің тариф­теріндегі ең танымал көрсеткіш екенін айтады интернет деректері. Бұл – үй үшін оңтайлы интернет жылдамдығы. Ол қашықтан жұмыс істеуге және түрлі бейнелерді және ойындарды оңай әрі жылдам жүктеуге мүмкіндік береді.

Жұмыстарды атқару үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы шағын және орта операторларға ауылдық жерлерде жергілікті талшықты-оптикалық желі құрылысы үшін грант ұсынып отыр, – дейді Константин Ильницкий.

Жолаушы интернетсіз қалмайды

Басқарма басшысы көрсеткен екінші шара – ауылдық елдімекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиялары бойынша кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету.

Екінші шараның жоспары бойынша биыл 32 мың адамды қамту арқылы 42 елдімекенде жұмыстар басталып, 2025 жылы аяқталады. Сондай-ақ, келесі жылы 59 ауылда, 2026 жылы – 42, 2027 жылы 21 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Осылайша талшықты-оптикалық сым мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі арқылы облыстың 164 ауылына тартылып, 60 мыңға тарта ауыл тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізеді, – дейді Константин Павлович.

Қолға алынатын үшінші шара – рес­публикалық және облыстық жолдар бойында антенна-діңгек құрылыстарын салу. Жалпы, ұлттық жоба қолға алынған кезде еліміздің жолдарында мобильді интернет тарататынын 500-ге жуық антенна-діңгек орнатылатыны жайлы айтылған болатын. Ал, облыста дәл осындай 14 құрылғы бой көтереді. Яғни, жолға шыққан жолаушы интернеттен мұқтаждық көрмейді.

– 14 антенна-діңгек облыстық және республикалық автомобиль жолдарының бойын интернетпен қамту деңгейін 93 пайызға жеткізеді. Ол Астана-Алматы, Қарағанды-Аягөз, Қарағанды-Баянауыл, Қарағанды-Павлодар, Теміртау-Нұра, Көк­шетау-Ақадыр тасжолдары, – дейді Конс­тантин Ильницкий.

Бүгінде облыс өңірлерінде жобалау жұмыстары жүргізілуде. Ал, алтауының құрылысы биыл аяқталады.

Басқарма басшысы антенна-діңгектер орнату жұмыстары бақылауда екенін айтады. Ал, «Халықтың сұрап отырғаны – интернет» деген Ермағанбет Қабдулаұлы діңгектер орнатуда ешқандай кедергілер болмауы керектігін қадап тапсырды. Керек болса, жұмысты жылдамдату да назардан тыс қалмауы керек.

Ал, төртінші, соңғы шара барысында облыс орталықтарында бесінші буын ұялы байланысы енгізіледі.

– Байланыс желісіне қажеттіліктің артуына байланысты бесінші буындағы 5G ұялы байланыс технологиясына көшу маңызды. Бүгінде Қарағанды қаласы бойынша Tele2 және Kcell операторларының 13 базалық станциясы орнатылған. Келесі жылдың соңына дейін тағы 45 базалық станция орнату жоспарда бар, – дейді Константин Павлович.

Жалпы, 5G – бұл алдыңғы буын желі­лерімен салыстырғанда жүктеу және қосылу жылдамдығын арттыратын сымсыз ұялы технологияның бесінші буыны. 5G қазіргі танымал 4G желілеріне қарағанда әлдеқайда жылдам және сенімді. Бұл – түрлі қолданбалармен, әлеуметтік желілермен және ақпаратпен жұмыс істеу өте ыңғайлы.

Басқарма басшысы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңында облыстың ауылдық елдімекендерінде талшықты-оптикалық сым арқылы интернетке қол жеткізу 43 пайыздан 90 пайызға дейін артады деп отыр. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарының ғана емес, сондай-ақ, қала тұрғындарының да өмір сүру сапасын арттырады.

Тығырықтан шығарған Starlink

Аппарат жиынында Ермағанбет Бө­лекпаев шалғай ауылдарда Starlink технологиясын енгізу мәселесіне де тоқталды. Starlink – бұл талшықты-оптикалық немесе ұялы байланысы жоқ ауыл тұрғындары үшін балама. Яғни, кең жолақты интернетті қамтамасыз ететін жерсеріктер желісі. Бұл өз кезегінде интернет жылдамдығын оңтайлы параметрлерге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы мұғалімдер мен оқушылар барлық цифрлық ресурстарды пайдалана алады.

Константин Ильницкий 1 қыркүйекке дейін интернетпен проблемасы бар 106 мектеп аталған технологиямен қамтылатынын айтады. Бүгінде 50 мектеп Starlink-ке қосылған. Ал, қалғандары маусым айының соңына дейін толық қамтылады. Нәтижесінде 8500 бала сапалы интернетке қол жеткізбек.

Жиын соңында облыс әкімі облыстың ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына және қала, аудан әкімдеріне «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бойынша көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button