Шет

Ауыл деп соққан жүрегі Құрметті «Орталық»!

Әркімге де өзінің туып-өскен жері, ауылы ыстық қой. Туған жеріңнің, тіпті, топырағы мен тасына дейін тым ерекше болатыны бесенеден белгілі, түсінікті.

Сыртта жүрсе де, ауылын ойлап, сол ауылдың көркеюіне үлес қосатын жандар болады. Солардың бірі – Киікті ауылында туып-өскен Жасұлан Мұса деген азамат туралы жазсам деген оймен қолыма қалам алдым.

Жасұлан осы ауылдағы мектепті тәмамдаған соң, бұрынғы Ақмола қаласындағы транспорт техникумын бітіріп, «26-шы Ақадыр жол дистанциясына» қарасты Киікті ауылына келіп, жол шебері болып жұмысқа орналасты. Бір жылдан кейін Алматы транспорт инженерлері институтына сырттай оқуға түсіп, жұмысын істей жүріп, жоғары білім алды. Кейін Қарағанды-Сұрыптау станциясына аға жол шебері болып тағайындалды. Тәжірибе жинақтаған ол кейін Ақадыр жол дистанциясының басшысы қызметіне орналасты.

Жасұлан өзінің ағасы Темірланның аяқтай алмай кеткен игілікті ісін соңына дейін жеткізді. Марқұм ағасы мешіттің құрылысы аяқталар тұста кенеттен қайтыс болған еді.

Қазір ауылдың кәрі-жасы мешітке барып, имандылыққа бет бұруда.

Жасұлан осындай жақсы ісімен шектеліп қалған жоқ. 2015 жылы ауылға 250 орындық тойхана салып берді. Бұрын той өткеру үшін Қарағанды қаласына, Ақадыр кентіне шапқылайтын едік.

Биылғы көктемде өзеннің үстіндегі көпірді су шайып кетті. Арғы жағалаудағы тұрғындар көп қиындық көрді. Оның да шешімін Жасұлан тауып берді. Көпір жөнделіп, қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, Жасұлан халыққа қолжетімді бағамен азық-түлік ұсынатын дүкен ашты. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Бір айта кететін жайт, Жасұланның әкесі Сатыбалды да ауылдың сыйлы азаматы еді. Еңбек ардагері теміржол бойында 48 жыл еңбек етті. Қарапайым жұмысшыдан басшылық қызметке дейін атқарды. «Әке көрген – оқ жонар» деген нақыл осындайда айтылса керек.

Жасұланға ауыл тұрғындары және өз атымнан алғысымды білдіре отырып, өсіп-өне беруіне тілек білдіремін.

Кендебай САҒЫМБЕКОВ,

зейнеткер.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button