Рухани жаңғыру

Ауыл ажары – айшықты қақпа

Жаңаарқа ауданындағы Мыңадыр елді-мекені ымыра-бірлігі жарасқан шағын ауыл. Өткен жолы жолда келе жатып, сол ауылдың кіреберісінен жарқыраған қақпаны көріп, суретке түсіріп алдым. «Көптен бері әкімдік қолға алған екен ғой» деген оймен. Әсілінде, олай емес екен. Ауыл азаматтары өздері ұйымдасып, жарқыратып қойыпты.

«Ауылына қарап, азаматын таны» демей ме? Әсіресе, жастары жанып тұрған ауылдың ертеңі зор ғой, шіркін. Міне, сол жастары бас болып, «Ауылымыз жарқырап тұрсын» деген ниетте көзтартар қақпаны қатырып қойыпты. Қалай разы болмайсыз?

– «Whatsapp-тан» «Ауыл азаматтары» деген топ ашып, ұсынысымды сонда білдірдім. Бәрі бірден қолдады. Бірлесе істеген жұмыста қашанда береке бар ғой. Содан жігіттер іске кірісіп кеттік. Қазір, Құдайға шүкір, ауыл халқының жағдайы жақсы ғой. Ақтың уақыты. Қымыз, құртын саудалап, жақсы табыс тауып жатыр. Туған жерімізге жұмсамағанда қайда жұмсаймыз, – дейді шарапатты шаруаны ұйымдастырушы Айдын Асан.

Қақпаның жобасын Айдын өзі сызыпты. Қарағандыдағы фирманың біріне тапсырыс беріп, ауыл азаматтары өздері орналастырыпты. Материалына, жазуына, бояуына 1 500 000 теңге қаражат жұмсапты.

– Алдыңғы толқын ағаларға Алла разы болсын. Міне, Айдын ағаның ұсынысымен айшықты қақпаны тұрғыздық. Қаңқасын әкелген күні ауыл жігіттері мәре-сәре болып, іргетасын құйып, әрлеп-сырлап, тамаша қылып қойдық. Шынымен, ауыл біздің алтын бесігіміз ғой. Ойлағанымызды ойдағыдай аяқтап, бәріміз бір жасап қалдық. Ауыл ажары үшін әлі де көптеген жоспарларымыз бар, – дейді Еркебұлан Қанат.

«Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді»… «Алтын бесік» деп алып-ұшқан ауыл азаматтарының жүрегінен осыны ұқтық. Жігіттер «енді саябақ салсақ» дейді. Ауылдың ажары, берекелі базары үшін барын салатын осындай ақжүрек азаматтары бар ауыл да бақыт құшағында…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button