Жаңалықтар

ҚАУІПСІЗДІК қорғаны

     Биыл – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 25 жыл. Осыған орай, «Достық үйінде» салтанатты жиын өтті.

Кендебай Адамбеков

Мерекелік шараға аймақ басшысы Ерлан Қошанов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, облыстың құқық қорғау органдары мен басқармаларының басшылары, Департамент ардагерлері және басқа да қонақтар  қатысты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылдың 13 шілдесінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып өзгертілген болатын. Ұлттық қауіпсіздік органдары жеке адамның, қоғамның қауіпсіздігін, елдің конституциялық құрылысын, егемендігін, тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс әлеуетін қорғауды қамтамасыз етеді.

Елбасы айтқандай, Ұлттық қауіпсіздік болмаған жерде мемлекеттің өзі де жоқ!

Салтанатты жиын  Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Төрағасы Кәрім Мәсімовтің құттықтау сөзімен ашылды.

Құттықтау хатында: «Қазақстан Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті. Бұл – ерекше мереке. Ол еркіндік, «Мәңгілік Елді» қалыптастыру және оның салтанат құруы туралы ата-бабамыздың сан ғасырлық арманының орындалуымен байланысты.

Тәуелсіздік жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзін ел басшылығы қойған міндеттерді жауапты әрі тиімді шешетін арнаулы қызмет ретінде танытты.

Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер, өзге елдердегі қақтығыстардың ушығуы мен шиеленістер жағдайында біз қоғамымыздағы тұрақтылық пен келісімді сақтап қана қоймай, қол жеткізген жетістіктерімізге қорған болуға дайынбыз. Оған ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы айқын дәлел, онда Комитет алдына киберқылмысқа, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бойынша міндеттер қойылған.

Біз тәуелсіздікті қалыптастыру мен нығайту, түбегейлі экономикалық реформалар жүргізу, қоғамның әлеуметтік және саяси негіздерін ауқымды қайта жаңғырту тарихында маңызды рөл атқарған ҰҚК ардагерлерін әрдайым есте сақтап, құрмет тұтамыз.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының барлық қызметкерлеріне Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жаңа жетістіктер мен отбасыларыңызға бақыт пен береке тілеймін!» – деп жазылған.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов мерекелік жиынға қатысушыларды құттықтады.

– Ұлттық қауіпсіздік органдарының жарқын тарихы еліміздің тәуелсіз жылдарымен тікелей байланысты. Өткен 25 жылда орган қызметкерлері қыруар шаруа атқарды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ардагерлерінің, қазіргі ұжымының да қоғам тыныштығын, ел іргесін нығайтудағы еңбегі ерекше. Мемлекет басшысының қолынан Департамент бастығының генерал-майор шенін алуы – еңбектің лайықты бағалануы, тұтастай департамент ұжымының еңбегі деп білеміз.

Намыс. Айбын. Отан. Осы ұғымдарды биік ұстаған ұжымға бек сенеміз! – деді Ерлан Жақанұлы. Сондай-ақ, облыс басшысы Ұлттық қауіпсіздік Департаментінің бірқатар ардагерлері мен қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыс етті.

–Біз – егеменді Қазақстанның арнаулы қызметіміз. Оны құрушы – Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бүгінгі күні Елбасымыздың қолдауы және Отанымыз үшін отқа түсуге әрқашан дайын қызметкерлеріміздің қажырлы қызметінің арқасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті заманауи және жоғары кәсіби білікті арнаулы қызмет дәрежесіне ие болды. Тәуелсіз еліміздің аса маңызды құндылықтары болып табылатын ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің орнатылуы Комитеттің тікелей қатысуымен қамтамасыз етілгені баршаға мәлім. Біз бұдан әрі де Ата заңымыздың қағидалары мен талаптарын, демократиялық негізді қорғаудан тайынбаймыз! – деді Кендебай Сарыбайұлы.

Парламент Мәжілісінің депутаты, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Қарағанды облыстық ІІД бастығының орынбасары Қайрат Дюсембеков те құтықтау сөз сөйледі.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ат салысқан облыстағы бірнеше мемлекеттік органдардың – басқарма, департамент басшылары «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 25 жыл» мерекелік төсбелгілерімен наградталды. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне, ардагерлеріне Алғыс хаттар мен ведомстволық медальдар табыс етілді.

Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Қазақстан эстрадасының жұлдыздары Досымжан Таңатаров пен Маржан Арапбаеваның орындауындағы әндер көрермендердің көңілдерінен шықты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

 

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button