Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қасымнан қалған қасқа жол

«Тұлпарын мініп алып жастық шақтың, Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым…» демей ме Қасым ақын?! Дауылпаз ақынның мұрасы күні бүгінге дейін жас ұрпақтың санасында сайрап тұр. Қарағанды жоғары медициналық интерколледжінде Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым» атты байқау өтті.

Шараға ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Серік Ақсұңқарұлы, «Қасым» әдеби-танымдық журналының бас редакторы Серік Сағынтай, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім меңгерушісі Дана Ерболатқызы және медицина саласының ардагерлері Болат Мұздыбайұлы мен Болат Мұхамедиұлы қатысты. Байқау «Қасымның әндері» мен «Қасымның өлеңдері» атты екі бөлімнен тұрды. Колледж студенттері ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқап, жалынды жырларын оқып, өнерлерін ортаға салды.

– Сонау жылдары ақынға Қарағандының қақ ортасынан ескерткіш орнатып, көше атын берді. Одан бұрын, Қарқаралы ауданында ауылдың аты берілді. Бүгінде мерейтойды жалғыз Қарағанды емес, ел болып тойлап жатыр. Біз де қалыс қалмай, колледжде ақының құрметіне шара өткізіп жатырмыз. Шараға қатысқан баршаңызға алғысым шексіз, – деді колледж директоры Аманжол Нұрбеков.

«Қасымның әндері» аталымы бойынша «Ақ сәулем» әнін шырқаған Лена Құрышбекова Бас жүлдені еншіледі. Колледж студенттерінен құралған топ «Айтшы жаным» әнімен І орын иеленді. Ал, ІІ орын «Туған жер» әнін шырқаған Ерасыл Төлеуғазыға, ІІІ орын «Өзім туралы» әнін орындаған Кәусар Камбарбековаға табысталды. «Қасым өлеңдері» аталымы бойынша «Дүниеге жар» өлеңін нақышына келтіріп орындаған Гүлдана Сейітқазы Бас жүлде алды. І орынды «Слово, обращенное к Абаю» өлеңін жатқа оқыған Гаухар Төлепбекова еншіледі. Ақынның «Атамекен» өлеңін оқыған Амандық Гүлниса ІІ орынды иеленді. Ал, Ринат Темірбеков пен Ақнұр Дәуітбай ІІІ орынды өзара бөлісті.

– Мектептегі оқушы кезімнен өлең оқуға әуеспін. Әсіресе, Қасым ақынның шығармаларын үнемі оқып, іздеп жүремін. Осы жолы байқаудың болатынын естіп, орыс тіліне аударылған «Слово, обращенное к Абаю» өлеңін оқыдым, – дейді емдеу ісі бөлімінің ІІ курс студенті Гаухар Төлепбекова.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button