ҚАСЫМ – ЖАЛЫНДЫ ЖАСЫН
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ш.Ералиев ауылдық кітапханасында дауылпаз ақын Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ 105 жылдық мерейтойына байланысты «Қазақтың Қасымы, Арқаның ақиығы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Өзінің өмірін өлеңмен өрнектеп, «өртке тиген дауылдай» жалынды жырларымен лапылдап жанып өткен қайсар ақынның 105 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғаны тегін емес. «Ей, тәкәппар дүние, Маған да бір қарашы! Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы» деп дүниеге жар салған Қасым жырларынан азаттық пен еркіндіктің исі аңқып сала береді.
Шара барысында «Қыран қанатты ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашы Қ.Төлеуова библиографиялық шолу жасады. Кешті кітапханашы Г.Ахметбекова мен 9 сынып оқушысы Қ.Серкебаева жүргізді. Ақынның өмір жолынан слайд жасалып, қысқаша бейнероликтермен кітапханашы Г.Құлымбетова толықтырып отырды. 10 сынып оқушылары – Аңсаған Рамазанова, Маржан Бисейітова, Айшабибі Нұртаза, Гүлім Оңдыбаева, Айым Өзгелдина ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Мәдениет үйінің меңгерушісі Жалын Көпбосынов, ауыл әжесі Айман Бейсенбаева ақын өлеңдеріне жазылған әндерді шырқады.
Кешке келген оқырмандар ақынның асқақ рухымен сусындап, ризашылықтарын білдірді.
Г.АХМЕТБЕКОВА.
ЖАҢААРҚА ауданы.