Жаңалықтар

Қаскеңнің қадірі

Безимени-2Етене жүрген әріптестерім жақсы біледі, аймақ журналистикасының алдыңғы легінде жүрген ағаларыма қатты еркелейтінім бар. Әсіресе, қазақ баспасөзінің қара нарларына айналған Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, Тілеуқабыл Байтұрсын ағаларыма құрдасымдай қалжыңдап, нағашымдай назданғанды жаным қалайды. Олар да еркелігімді ерсі көріп жатқан жоқ. Көтеріп бағады. Қабырғалы қаламгер, парасатты публицист Қасым аға Орынбетов те – «нағашыларымның» қатарынан. Жайсаң ағамның жайлау көңіліне «қоныстанып» аламын да, ал келіп қалжыңдасамын. Қалжыңдасқанда да, қонышынан кіріп, қойнынан шығамын. Апыр-ай, көтеріп бағады-ау… Өйткені, өзі де – қазақы қалжыңның «жілігін шағып, майын ішкен» жан.

Әңгімемнің әлқиссасына қарап, Қаскең екеуміздің сыйластығымызды жеңіл әзіл, қуақы қалжың деңгейінде ғана деп ойлап қалмаңыз. Бізде де бар – шығармашылықты өзек, тарихты тақырып еткен парасатты әңгіме, байсалды байланыс. Жалпы, Қаскеңнің бойынан екі қолдың саусағы жетпейтін ізгі қасиеттерді санамалап шығуға болады. Таза қазақы болмыс, сөзге ұсталық, адалдық, мейірім, қажырлылық, нәзіктік, зерде, парасат, сергектік, білімдарлық, қарапайымдылық, темірдей төзім, сарқылмас сабыр… Аты аталған және аталмаған қасиеттерінің барлығы Қаскеңнің тектілікті қазық еткен қадірін сомдайды.

***

Иә, Қаскеңнің жанындағы жайсаңдық пен бойындағы тектілік қанмен келген. Ол – әйгілі Орманбет ақынның шөбересі, Орынбет бидің немересі. Әкесі Ыхметтің немере ағасы Нарманбет ақынның бір кездері оқуға, дәріптеуге тыйым салынған жырлары ол үшін бесік жыры болды. Не керек, бұл әулет ұрпағының жөргегіне жыр, босағасына нұр сіңген. Баба шежіресін, ұлт тарихын, қазақтың қисса-дастандарын өрелі әкенің оң тізесінде отырып тыңдаған бала Қасымның зердесі ерте оянған-ды. Ақыры, сөз ұстады. Қастерлі сөз өнеріне адал болды.

Ол әдебиетке өлеңмен келіпті. Алайда, қойын дәптеріне түртіп қоятын сезім сырларының оқырманы өзі ғана болған. Жарыққа шығармаған, ешкімге оқып бермеген. Өзі жазған, өзі оқыған. Мұнысының өзінде тектілік жатыр. Шөпті де, шөңгені де өлең қылып, әдеби ортаны ығыр қылған замандастары көп еді. Қаскең олардай болмады. Киелі сөз өнерінің түпкі өніміне зор талғаммен қарайтыны соншалық, өлеңді доғарды. Кім біледі, сол қойын дәптерде небір жауһар дүниелер жатқан шығар… Бірақ, Қаскеңнің дәл осы талғампаздығын өзіне немесе өлеңге жасалған қиянат деп қарауға болмас. Бұл – Қаскеңнің мәрттігі! Бәлкім, ортаңқол ақын болғанша, отты өлеңнің өрелі оқырманы болып қалуды қалаған шығар…

Туған жері ше? Туған жері – Ақтоғай. Алаш зиялыларының алтын бесігі. Қаскеңнің Ақсораңдай асқақ, Тоқырауындай мөлдір болатындығы сондықтан. Бойына Алаш көсемдерінің рухы дарып, ойына олардың ордалы идеялары ұя салған. Ендеше, Қаскеңнің болмысындағы зиялылықты туған топырағымен сабақтастыра беріңіз.

***

Қазақ баспасөзінің тарихында Қасым Орынбетовтің орны да, айшықты қолтаңбасы да бар. Ұстаздық ұлағаты – жеке әңгіме.

Шығармашылық еңбек жолына үңілсеңіз, журналист Қасымның шартарапты шиырлаған ізін көресіз. Екі ауданда – Ақтоғай, Шет аудандарында ұзақ жыл аудандық газеттердің редакторы болды. Ақтоғай аудандық партия комитетінде нұсқаушы болды. 1973 жылы Жезқазған облысы құрылып, жаңадан ашылған «Жезқазған туы» газетінің тұңғыш жауапты хатшысы болды. Кейіннен сол басылымның Ақтоғай, Шет аудандарындағы меншікті тілшісі болды. Бұл қызметке басшылық пәрменімен төмендеп келген жоқ, өз ықтиярымен сұранып келген. Өйткені, ол қалашыл емес, қарашыл еді. Қаланың жанталас өмірін емес, даланың дархан болмысын жаны қалады. Еңбек адамымен етене жүріп, дала дүбірінің ортасында болуды жаны қалады.

…Қаскең – өте әңгімешіл адам. Зердесінің зеректігі мен жадының мықтылығы таң қалдырып, таңдай қақтырады. Көптен танып, жиеніндей еркелеп жүргеніммен, екі ауыз жақсы сөз, жарым лепесімді толғап шығу үшін осы жолы арнайы жолығып, біраз әңгімеге тартқанмын. Көсемдей көсіліп, шешендей шешіліп берді. Үш жарым сағатқа созылған әңгіме барысында өзі туралы үш ауыз сөз айтпады-ау… Қатар жүрген әріптестері, сол замандағы хатшылар туралы тамсанып әңгімелейді. Өзі қызмет еткен жылдарда аудан басқарған Жаманқұл Шайдаров, Мейрам Абақанов, Жезқазған облысының идеология жөніндегі хатшысы боғлан Жылқыбай Аралбаев, редакторлары Ұзақбай Төлеуов, Сабыр Сауытбаев сынды ағаларының ұлағатты істерін, өнегелі болмысын жырлайды. Жырлағанда тынбайды. Өзі туралы бір ауыз сөз жоқ. Тіпті, жаңадан құрылып жатқан облыстың бас газетіне жауапты хатшылыққа шақырылғанын айтады да, өзі туралы ұсыныстың кімнен болғанын білмейді. Орнында басқа біреу болса: «Таңдау маған түсуі тегін емес. Менің елге мықты қаламгер ретінде танылған кезім еді. Мені пәленшекең өзі ұсынған екен» деп, жыртылып-айырылар еді. Қаскең олай етпеді.

Жадындағы жазбалардан ғана шатыспайды. Кейбір оқиғалардың жылын қойып, ай-күні мен сағатына дейін қолмен қойғандай етіп әңгімелегенде, еріксіз таң қаласың. Ойдан соға салды дейін десең, кейбір әңгімелерін бірнеше рет естігенмін. Осыдан бес-он жыл бұрын айтқандағы ай-күні сол қалпында әңгімеленеді ғой. Журналист үшін жадының мықтылығынан асқан даралық жоқ. Бір өзі – бір диктофон.

***

Ол – ұстаз. Өзі шаңырағын көтеріп, уығын шаншуға қатысқан бұрынғы «Жезқазған туы», қазіргі «Сарыарқа» газетінен Қаскеңнің қаншама тастүлегі түлеп ұшты. Мен – солардың кенжесімін.

Қаскеңнің қабырға газетінен қазақ әдебиетіне алып келген қаламгерлер інілері қаншама. Барлығын түгендемей-ақ, қазақ жырының қасиетіне айналған марқұм Дәуітәлі Стамбековті, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегерлері Абзал Бөкен мен Серік Ақсұңқарұлын айтсақ та, жетіп-артылар. Осы інілерінің қаламындағы сөздің сөлін аңғарған ағаның қарапайымдылығы сол, Дәукеңді, Абзекең мен Серіағаңды «менің шәкірттерім» деп шіренгенін көрмеппіз. Ал, інілері Қаскеңді ұстазымыз деп пір тұтады.

…Бүгінгі жауапты хатшылар бұрынғы жаухатшылардың көрген бейнетінің бірін де көрген жоқ. Қаскеңдер майға малынып, күйеге көміліп, газет басылып шыққанша баспаханада жүретін. Ал, бүгінгілер салқын кабинетте отырып алып, салқын қабағын жылытпайды ғой. Ал, Қаскеңдер бейнетке белшесінен бата жүріп, жаңа ашылған газетті мықты мамандармен қамтамасыз етуде сұңғылалық танытқан екен. Редакцияда Гүлнәр апайдан басқа линотипистка жоқ. Қаскең Ақтоғай аудандық газетінде бас редактор болып жүрген кезінде «Ақтоғай сөз қадірін білетін халқы бар, сөз киесі қонған өңір ғой. Тілшіге зәру бола қоймаспыз, бізге техник-мамандардың резервін жасау керек» деп, бірнеше қыз-келіншектерді линотипистка ісіне машықтандырып, арнайы курстарда оқытып алған екен. Солардың арасынан Сақып  Шәріпованы облыстық газетке шақыртты. Ол кісі – бір ауысымда 1500-2000 жол мақаланы өте сауатты теріп шығатын маман еді. Мектепте оқып жүріп, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген, жазуға әжептәуір төселіп қалған шәкірті Балтабек Әбеуов те келді «Жезқазған туына».

Міне, өңір журналистикасында біздің Қаскеңнің шарапаты тимеген жан жоқтың қасы.

***

Қаскеңнің әзілдері мен айтқыштығы – жеке бір мақалаға жүк боларлық қазына. Бейәдеп емес, мәдениетті қалжың. Иә, тілі – мірдің оғындай. Қасым ағаның ондықты ойып түсер мергендігін мына бір әңгімеден-ақ аңғаруға болады. Газеттің қара жұмысы мен секретариаттың «бит іздегендей» жанар талдырар шұқшимасынан Қаскеңнің көз жанары сыр беріп, жауапты хатшылықтан туған еліне – Ақтоғай ауданына меншікті тілшілікке сұранады. Басшылық құп көріп, Орынбетов «Жезқазған туы» газетінің Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалады. Елге келген соң, ерулік берген ауылдастардың төрінде жүріп, мақала жазуды сиретіп алса керек. Жыл қорытындысы бойынша редакция алқасының мәжілісі өтеді де, редактор Сабыр Сауытбаев Қаскеңе шүйлігіп:

– Орынбетов, сенің еруліктен қолың босамай кетті-ау деймін. Тіпті, амандық-саулығымызды бір білуге жарамадың-ау, – депті. Сонда Қаскең жұлып алғандай:

– Сәке, Сіздердің амандықтарыңызды газеттен біліп отырдым ғой. Орталарыңыздан мен кеткелі төртінші бетте ешқандай қазанама жарияланған жоқ, – деген екен. Еріксіз күліп жіберген редактор:

– Әй, саған дауа жоқ екен, – дегеннен әріге бармапты

Қаскеңнің мұндай жатыпатарлары толып жатыр.

***

Сөз басында жіпке тізген Қаскеңнің қырлары мен дара қасиеттерінің әрқайсысына тоқталып шығатын болсақ, мақала емес, Қаскеңнің шиырлаған жолы туралы кітап жазуымызға тура келеді. Ертеңгі төл мерекемізде төрге оздыруға лайықты бір ардагеріміз болса, ол – Қаскең. Әдеттегідей қалжыңдап, еркелеп отыр деп қалмаңыз, Аға. Бұл жазбам – қалжың емес, шынайы баға. Көзден қалсаңыз да, сөзден қалып отырған жоқсыз.

Сіздің зердеңіз – зерек, жадыңыз – мықты. Туған жеріңіз Ақтоғайдың шежіресін де, жақсысы мен жайсаңын да жадыңыздан бір сәтке шығарған жоқсыз. Ауданда мұражай ұйымдастырып, газетін басқардыңыз. Алтын бесікке сіңірген еңбегіңіз белгілі меценат Бекзат Алтынбековке ғана керек секілді. Сіздің ұшан-теңіз еңбегіңізді бағалап, көзіңіздің тірісінде атыңыздан сыйлық тағайындап, аудандық газеттің жас тілшілеріне үлестіріп жүрген сол Бекзат бауырыңыз ғана. Ал, ауданның атқамінерлері Сіздің Ақтоғайда туғаныңызды, Ақтоғайға жасаған қызметіңізді ұмытып жүр. Әйтпесе, ауданның «Құрметті азаматы» деген атақты осы Сізге баяғыда беруге болатын еді ғой. Сіз қарапайымдылыққа жеңдіріп, сұрамайсыз. Тым болмаса, біз сұрайық Сіз үшін.

…Біраз толғадық. Мұның барлығы – Сіздің кемімеген, керісінше кемелденген қадіріңізге деген құрметтің айнасы, Аға! Анау жылы асыл жарыңыз – Бикеш апай дүние салғанда, былтырғы жылы сүйікті қызыңыз Ардақ пен талантты немереңіз Заңғар жол апатынан көз жұмғанда қатты қамығып едіңіз… Ендігі жерде Алла қамықтырмасын!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button