Шет

Қасиетті түліктің қадіріне жеткен

Келісілген уақытта мен Қарағанды қаласындағы Степной ықшам ауданында тұратын «Шолақеспе» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Қожамбердиннің үйінде отырдым. Мұраттың Райхан есімді апасы да осында екен. Аз-кем таныстықтан кейін адам жатырқамайтын мінезіне басып, әңгімені Мұраттан бұрын Райхан бастады.

Біздің әулеттің шежіресін парақтаған адамның тұнып тұрған тарихқа тап болары сөзсіз. Менің әкем Хасеннің туған ағасы Қожамбердин Құсайын – қазақтың арасында ең алғаш жоғары дәрежелі ветеринарлық білім алған азаматтардың бірі. Туған халқының жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен. Төңкеріске дейін Ақмола земствосында еңбек еткен. Ақмола совдепінің мүшесі ретінде белгілі қоғам қайраткері, Алаштың аяулы азаматы Сәкен Сейфуллинмен үзеңгілес жолдас болған. Ақмолада Совет өкіметі құлағанда Сәкенмен бірге Анненковтың азап вагонында қорлық көрген. Өкініштісі сол, асыл азаматты өз қолымен орнатқан өкіметі «Халық жауы» деп айыптап, отыз жылға жуық ғұмырын айдауда өткізуге мәжбүр қылды. Кейін елге оралған соң ақталып, 1956 жылы дүниеден озды.

Шет ауданының Бетбақдаламен шектесетін тұсында «Қызылтау» кеңшары болған. Оған атақты ғалым Кәрім Мыңбаевтың есімі беріліп, мұнда асыл тұқымды Мұғалжар жылқысын өсіретін тәжірибе станциясы жұмыс жасаған. Менің әкем Хасен 1953 жылы осы шаруашылықтың жылқысын қабылдап алып, өзі өмірден өткенше, 1972 жылға дейін жемісті еңбек етті.

Райхан біраз жайлардан хабардар етті ғой, – деп бастады әңгімесін Мұрат. – Жасымнан әкейдің қасында жүріп, қасиетті түліктің қыр-сырына қанығып өстім. Әкем қайтқаннан кейін құтты құрығын Дулат ағам ұстады. 1979 жылы ағайдан мен қабылдап алдым. Өйткені, ағай бөлімше басқарушысы болып тағайындалды. Сол тұста шаруашылық қарамағында 2,5 мың жылқы болды. Ал, әкей баққан жылдары жылқы саны 5 мыңнан асыпты. «Қызылтау» совхозы асыл тұқымды жылқы өсірген ғой. Жаңа тұқым шығару ісімен Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Игорь Нечаев бастаған бір топ ғалымдар айналысқан. Жаңа тұқым шығару талмай ізденуді, үлкен төзімді, таусылмас қажыр-қайратты талап етеді. Өйткені, бір тұқымды шығаруға орта есеппен 50-60 жыл уақыт кетеді екен.

Тоқсаныншы жылдардың басында шаруашылықтың берекесі қашты. Жекешелендіру науқаны басталды. Үлес бөліскенде біздің отбасымызға 80 жылқы тиді. «Енді қандай кәсіппен айналысамыз?» деп абдырағанымыз жоқ. Жылқы өсірумен шұғылданамыз деп шештік.

Содан 1994 жылы «Шолақкеспе» шаруа қожалығын құрдым. Әкейден мұра болып қалған Мұғалжар жылқысын өсіруді жалғастырамыз деп ұйғардық.

2002 жылы Былқылдақ деген бұлақтың басына 3-үй, қора салдық. Балаларды оқыту үшін Қарағандыдан осы үйді алып қойғанбыз. Шаруашылық менің атымда. Дулат ағайым зейнет демалысында. Ол кісінің өмірден түйген тәжірибесі мол. Көп жыл жылқы бақты, бөлімше басқарды. Елдің, жердің жағдайын жақсы біледі. Ара-тұра келіп, ақыл-кеңесін айтып кетеді. Бір кіндіктен 12 ұрпақ тараған екенбіз. Екеуі өмірден озған. Қалған ағаларым мен апаларым Алланың берген ырзығын теріп жүріп жатыр. Сол ағаларым мен апаларымның балалары келіп, қолғабыс жасайды.

Ағай кезінде жүз биеге жүз құлын ерткен атақты жылқышы болған ғой. Бір жылдары Ленин комсомолы Орталық Комитетінің пленум мүшелігіне сайланған. Әнине, бұл саладағы менің тәжірибем де аз емес. Дегенмен, бас қолбасшымыз Дулат ағай. Ол кісінің айтқаны біз үшін бұлжымас заң.

Шаруашылық менің атымда болғанымен бағыт-бағдар беріп отыратын Дулат ағай.

Біздің шаруашылығымыз Қа­рағанды мен Жамбыл облысының шекарасында орналасқан. Жаз айларында Жамбыл облысының малшыларымен араласып тұрамыз. Біз оларға, олар бізге келеді. Қымыз ішіп, пікір алмасамыз.

Қазір үш қыстақта 1,5 мыңдай жылқы, 2 мыңдай Еділбай қойы, үш жүзден астам ірі қара бар. Мұғалжар жылқысының басқа жылқыларға қарағанда артықшылықтары көп. Суыққа төзімді. Биелердің салмағы 500 килограмға жуықтаса, айғырлардың салмағы 600 килограмнан асады. Семіздігі сондай, қазысы шекке сыймайды. 100 биеден 85-90 құлынға дейін алуға болады.

Тілеуқабыл БАЙТҰРСЫН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button