Руханият

Қасиетке құндақталған құндылық 3.Үштаған

Тәуелсіздіктің мәңгілік үштағаны. Ол – кең байтақ жеріміз. Ол – қасиетті тіліміз. Ол – бекем бірлігіміз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласының «Қоғам мен құндылық» деп аталатын үшінші бөлімінде осы қастерлі үштағанның қасиетін бағалауға шақырды. Жасыратыны жоқ, барымызды бағалап, бағымызды қастерлеуге келгенде енжармыз. Мемлекет басшысы соны меңзейді. Саналы түрде салмақтап, бағалы түрде ардақтай білсек, бағымыз – бес елі. Бірақ, қадірін білмей жүрміз. Неге?

Кеше ғана әлеуметтік желіден үскірікке ұрынып, үсікке шалдыққан ақбөкендердің мүйізін кесіп алып, құлқынына жұқ қылған қандықол қарақшылар туралы жүрегіңді жаншып, төбе құйқаңды шымырлатар қан тамшылаған ақпаратты көзіміз шалды. Сұлу табиғатымыздың көркін арттырып, ажарына айналған даланың еркесін неге осынша қиянат құрбаны етуге ықтиярмыз? Президент мақаласының да өзегінде осы өкініш бар…

Шермен шегенделген шекара

Шекара – мемлекеттің ең басты нышаны. Тәуелсіздіктің өзі – кез келген мемлекеттің жерінен кейінгі нышаны. Қарапайым логикаға сүйенсек, шекарасы шегенделмеген мемлекеттің тәуелсіздігі мойындала ма? Сондықтан, Қазақ Елі үшін қасиетті жерінен артық құндылық жоқ.

Қасым-Жомарт Кемелұлының біз үңіліп отырған мақаласындағы мына бір ойға көз жүгіртіңіз: «Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр».

Шынымен-ақ, біздің шекара шермен шегенделген. Кең байтақ жеріміз үшін болған күрес ғасырларға созылды. Қаншама қан төгіліп, миллиондаған баһадүр жан берді. Айламен емес, найзамен сызылған шекараның соңғы шегін нақтылау мүмкін емес, әрине. Өйткені, ата-бабамыздың ат дүбірі жеткен жердің бәріне орда тігіп, иелік еткенін дәлелдей алмаймыз. Неге? Ғасырлар қойнауындағы талай ақиқат жер бетінде өркениет өрістегелі халықаралық деңгейде қабылданған құжаттарға жол беріп қойған. Ендеше, біз Алаш арыстарының араласуымен, оның ішінде Әлімхан Ермековтің асқан қайраткерлігімен бөлінген шекараның негізінде қалыптасқан бүгінгі 14 мың шақырымды құрайтын шекарамызды місе тұтуға тиіспіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының сұңғыла саясаты бабадан мұраға қалған осынау байтақ даланың шекарасын халықаралық деңгейде заңдастырып алуымызға мүмкіндік берді. 1868 жылы патшалық Ресейдің озбыр саясаты қабылдап жіберген реформа бойынша жаужүрек бабаларымыздың қан төгіп, жан қиып қорғаған жеріне иелік ету құқығынан біржола айырылғанымызды ескерсек, Әлекеңнің Ленинмен тайталасып отырып, қайта сыздырған шекарасы біз үшін олқы байлық емес.

Президент мырза Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шекарамызды ресми шартпен бекіту мәселесі өте күрделі болғанын айтады. Бұл аңыз емес. Тіпті, 8 мың шақырымы Ресеймен, 30 мың шақырымы Қытаймен, қалған Орта Азия мемлекеттерімен шектесіп жатқан құрлықтағы шекарамызды былай қойып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы халықаралық Конвенцияның тура кешеге дейін кешеуілдеп келуінде астыртын айла, бөтен пиғыл жатпасына кім кепіл? 2018 жылы ғана осы шарт қабылданып, біз теңіздегі шекарамызды да белгілеп алдық. Міне, сонау Ғұн, Сақ дәуірлерінен бастап, Алтын Орда тұсында найзамен сызылған, патшалық Ресей тұсында іргедегі Қарқаралы орманынан патша жендеттерінің рұқсатынсыз бір тал кесе алмаған күндеріміздің куәсі болған, 1920 жылы 24 тамызда Алаш арыстарының пәрменімен Ленин қол қойған Декретке енген шекарамыздың шерлі шежіресі. Ендеше, бүгінгі жаңа Қазақстанның аумағы шермен шегенделген шекарамен бекітілген.

Президенттің бұл мақаласы – күні кеше ғана өздерінің биік мінберінен шовинистік пиғылдағы пікірлерін жарыса айтқан Ресей саясаткерлерінің ылаңына берілген лайықты жауап! Сондай-ақ, шекараны қорғау, көз алартқан дұшпан болса, асқақ рухпен қарымта қайтару – өз алдына. Ал, осы ұлан байтақ жеріміздің көркін тайдырмай, құндылықтарын дәріптеу – бөлек әңгіме. Президентіміздің де айтып отырғаны – осы. Әңгімемнің әлқиссасында ақбөкен тағдырын тілге тиек етуімнің де себебі – осы. Жалпы, қазақтың тағдыры – дала кербезі ақбөкенге қатты ұқсас. Сұқ көздің сұғынан, қанды қолдың оғынан сақтаса екен!

…Тағы бір мәселе. Мемлекет басшысы жердің шетелге сатылмайтынын қадап айтты. Ендігі міндет – сол ортақ игіліктегі жерді тиімді пайдалану. Сонымен қатар, өз жеріміздегі сұлу табиғат, көркем жерді көзге ілмей, Анталияға анталап, Еуропаға ентелеуіміздің себебі не? Ол – отандық туризмнің олқылығы. Осы мәселеге, Үкімет назар аударып, туризм орталықтарының инфрақұрылымын талапқа сай жабдықтаса… Табан ақы, маңдай термен тапқан қаржымызды шетелдің туристік фирмаларының есепшотына еселеп бергеніміз де саябырлайды.

Осының бәрі аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Отанымыздың ең басты игілігі саналатын киелі жер ұғымы, оны қастерлеу, барымыздың бағасын білу деген мәселеге қатысты ордалы ой, сабырлы пікір, байсалды бағытты неге біз Президент мақаласынан ғана оқуымыз керек? Өйткені, ащы да болса айтайық, бізде қоғамдық пікір айту мәдениеті қалыптаспай тұр. Әлеуметтік желіні ашып қараңыз, аттанға айғай қосқан байбаламнан басқа ештеңе оқи алмайсыз. Олай болса, билік тарапынан айтылған жақсы сөзді жарым ырысқа балап, оған салиқалы түрде ой қоса білуге дағдылансақ екен…

Тілге тірнек – ниеттен

Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты ойымен бөліскен Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» – деді өз мақаласында. Яғни, төрге оза алмай, үлкен үйдің жабығынан сығалап, босағада қалып келе жатқан қасиетті тіліміздің жарқын болашағы үшін бәріміз – жауаптымыз.

Қытайдың данагөйі Конфуций айтады: «Егер, маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік болмаған елде бірлік болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі – маңызды» деп. Мен айтар едім, біздің билікке де осындай ықылас, осындай жігер керек деп…

Жасыратыны жоқ, мемлекеттік тіл туралы мәселе жауыр тақырыпқа айналды. Елбасымыз да: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деп қатты айтты. Менің әріптестерім де (журналистер) Президент талабын өз тілінен жерініп жүрген қандастарымызға түсіндірмек ниетпен қаламдарының сиясы таусылғанша жазды. Жазып жатырмыз, жаза береміз. Жарасы жазылып, жаны жадыраған тіліміз жоқ, алайда. Кеңсеге кіре алмай, кемсеңдеген күйі жүр әлі…

Шынымен де, ең көп әрі ашық жазылып жүрген тақырып – тіл мәселесі. Нәтиже шығара алмай жүрміз. Неге? Тіпті, мемлекеттік тілдің мәртебесі, оның маңыздылығы мен қолдану аясының тарлығы, жарымжан жарнама, ала-құла аударма, ана тіліне шекеден қараған шенеуніктер туралы жазылған мақала, пікірлеріміз халықтың санасын сансыратып жіберді. Оқылмайтын деңгейге жетті. Өйткені, қарапайым халық жазарман қауымның мұнысынан түк шықпайтынын түсіне бастады, білем.

Мемлекеттік тіл көсегесінің көгермей тұрғанында санаулы ғана салдар бар.

Біріншіден, қоғамдағы ықпалды қауымдастық – мемлекеттік аппарат. Қарапайым халық үшін қағбадай қастерлі болып тұрған министрліктер мен әкімдіктер. Ондағылар мемлекеттік тілді менсініп тұрған жоқ. Конституцияның 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген талапты оқығаны болмаса, орындағысы жоқ. Заңды да, заңның талабын да белшеден басуға дағдыланып алған. Ана тіліміздің босағада қалып кеткен алтын басын төрге оздырудың бірден-бір жолы – осы мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге мәжбүрлеу. Біз деген биліктегілер есінесе, мүлгіп кететін халықпыз ғой. Осылай кете берсе, билік басындағылар шалдыққан бейдауа дертке бүкіл ел болып шалдығуымыз мүмкін.

Екіншіден, мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін біз тек өз ана тілімізде ғана дәріптеп, оның қажеттілігі мен маңыздылығын өз тілімізде ғана насихаттап жүрміз. Неге орыс тілді басылымдар мен орыс тілді эфирді пайдаланбасқа? Өйткені, қазақ тілінде оқи білетін оқырманға жауыр болған тақырыпты қайта-қайта оқытып опа таппайтынымыз белгілі. Әрине, шовинизмнің шоғын үрлеген ондай басылымдар біздің ұлттық құндылығымызды дәріптеуге мүдделі емес. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс орындап отырған БАҚ-тарды міндеттеу керек.

Үшінші салдар – аралас мектептер мен балабақшалар. Тәрбие ошақтарындағы тілдік ерекшеліктерді екшеп, қалыпқа келтіру де – кезек күттірмейтін мәселе.

Төртіншіден, еліміздегі балалар үйінің барлығы тек орыс тілінде тәрбие береді. Бұл дегеніміз – жөргегінде тағдырдың тәлкегіне ұшырап, әртүрлі жағдайларда жетімдік қамытын киген бүлдіршіндердің тауқыметін еселеу. Олардың отбасы – Отан, ата-анасы – мемлекет. Ендеше, мемлекет өз балаларын өз тілінде тәрбиелеуі керек.

Қорыта айтқанда, «мемлекеттік тіл – менің тілім» деген қастерлі ұғымды әрбір қазақстандықтың жүрегіне жөргектемейінше, Тәуелсіздікке тірек болған туған тіліміздің тұғыры биіктемейді.

Осы орайда, қасиетті тілімізге қатысты ел Президентінің осы мақаласында қамтылған өткір байлам, ұтқыр ұсыныстары тілге қатысты мәселеде тың бетбұрыс, соны серпін болады деген үміттемін.

Бірлігі бекем елденбіз

Тәуелсіздікке тірек болар құндылықтар қатарын ел бірлігімен толықтырады Президент. «Ауыл иті ала болса да, бөрі келгенде бірігеді» деген сөз бар қазақта. Иә, қауіп біріктіргенше, тауып біріккеніміз абзал. Сонау Абылай заманынан ойдағы көршіміздің ойынан шығып, қырдағы көршімізге қыр көрсетпей-ақ, дала дипломатиясының ерен үлгісін көрсетіп келе жатырмыз. Елдегі ынтымақты дәріптеуден ырысымыз кеміген жері жоқ. Далаға тән дархандығымыз бен кемел кеңдігіміздің арқасында етегімізге ел сыйғызып отырмыз. Бұл – біріншіден ұлттық қауіпсіздігіміздің басты кепілі.

Мақала авторы «Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық» деген парасатты пайымын көлденең тартады. Шынымен-ақ, біз кеңдікпен кемелденіп келеміз.

Әлем елдері арасында Қазақстан халқы Ассамблеясы деген құрылымға үміт артып, осы институттың маңыздылығын танытқан ел ретінде Қазақстан өзінің ішкі-сыртқы қауіпсіздігін нығайтты. Алайда, осы Ассамблея құрылымы жайында кезінде түсініспеушілік танытып, «келімсектерді кердеңдетіп қойдық» деген арзан пікірге бой алдырғанымыз өкінішті-ақ. Қазір де қайталанып жүр бұл пікір. Бұл дегеніміз – тыныштыққа тұғыр болған құндылықтан бас тарту секілді көрінеді маған.

Бәрібір, Ассамблея асыл мұраттар мен асқақ армандар алаңына айналды. Асыл мұратымыз – ынтымақ, асқақ арманымыз – тұрақтылық пен бейбітшілік. Осы құндылықтар Қазақстанды тарихи Отаны санайтын 130 ұлттың ортақ мүддесіне айналды. Әрине, Елбасының сарабдал саясаты мен Ассамблеяның арқасында.

Бұл жерде Елбасы саясаты мен қазақ халқының көнеден керуен тартқан жомарттығының, кең пейілі мен мейірімінің үндестігі небір тарихи тәуекелдерде жеңіске жетуімізге дәнекер болғанын аңғаруға болады. Бұл да – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Бұл пікірімізді қуаттау үшін көршілеріміздегі жағдайларды мыңдап мысал етуге болар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда жергілікті ұлт өкілдерінің үлесі аз болды дедік. Ол да бір сын-қатер еді. Түске дейін төңкеріс, түстен кейін теракт жасап жатқан елдерде ішкі тұрақтылық қайдан болсын?!

Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі де, бәсі де басқадан озық. Ендеше, елдің ертеңіне күмәнмен қараудың өзі артық. Ертеңіміз үшін алаңдайық, бірақ, күмәндануға болмайды.

Айтып-айтпай не керек, Президент мақаласы тұтас қоғамды біріктіретін құндылықтарды қасиетке құндақтап беріп отыр. Талғам таразысында бағамдайтын – өзіміз. Өрекпіген өркениет, жалақтаған жаһандану, Президент тілге тиек еткен идеологиялық вирустар… Осының бәріне тосқауыл болар ұлы құндылықтар жоқ емес бізде. Тек қана пайдалана білу керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы Наурыз мейрамын атап өту мазмұнын байыту керектігін де айтты. Әлдебір салтанатқа, тіпті, қазаға орай құрылған киіз үй көрген баламыз таңдай қағып: «О, Наурыз!» деп жатқанда селт еттік пе? Жоқ. Өйткені, өзіміз де Наурыз мейрамының құндылығын киіз үй құру деңгейінде ғана бағалап жүргенбіз. Президенттің Наурызға қатысты пікірі – осы осалдығымызға тағылған айып, айтылған сын. Дұрыс қабылдайық!

Басқа материалдар

Back to top button