Руханият

Арыстың басы – намыстың бәсі

   Өткен аптада ұрпаққа үлгі болар игі іс атқарылды. Қарағанды қаласының солтүстік-батыс бетінде (ДСК қорымы) жатқан Алаш арысы Әлімхан ЕРМЕКОВТІҢ басы қайта қалпына келтіріліп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Игі шараны ұйымдастырып, сауапты іс қылушы – Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы.

Алаш азаттығы, қазіргі қазақ жерінің шекарасы десе, Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермековтің есімі бірден еске түседі. Бірі – Алашорданың алғашқы президенті болса, бірі – тұңғыш министрі дерлік. Осы Әлекеңнің (Ермеков) сүйегі Қарағандыда жатқанын біреуіміз білсек, біреуіміз біле де бермейміз. «Өлі разы болмай, тірі жарымайды» дегенді қаперге тұтқан басқарма ұжымы ерледі, ендеше.

Әлімхан Ермековтің 125 жылдығы барысында аталған басқарма басшысы Мирас Құттыбай мен бөлім басшысы Сәттібай Жүнісов Алаш арысының Астанадағы інісі Иран Ермековті арнайы шақыртып, сол кісінің көрсетуімен Әлекеңнің басына барып, тәу етіп қайтқанын газетіміздің өткен айдағы санында (27 тамыз) жариялағанбыз. Содан бері сауапты шара жүзеге асырылып, арыстың жатқан жерінің маңы тазартылып, қоршауы сырланды. Ішіне төсеніш төсеп қана қоймай, алдына тізе бүгер орындық та қойыпты жанашыр жастар. «Мағжан сенген жігерлі жастардың бір парасы осындай болса керек-ті» десті сауапты шараның куәгері болғандар. Мұнда арнайы келген ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа құран оқып, аруаққа дұға бағыштаса, ақын Руслан Нұрбай күркіреп өлең оқыды. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова жылы лебізін білдірсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов пен филология ғылымдарының кандидаты, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов мағмұрланып тұрды.

Бұл іс-шара осымен тоқтап қалмайды. Алла амандығын берсе, алдағы уақытта жас математиктер арасында Әлімхан Ермеков атындағы республикалық олимпиада ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл кісі ірі қайраткер ғана емес, қазақтың тұңғыш математигі, профессор екенінен ел хабардар шығар. Осы пәннен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ұз­ақ жылдар бойы дәріс оқыған. Сондықтан, олимпиаданы аталған университеттің базасында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұру ойда бар, – дейді шараның ұйытқысы Мирас Құттыбай.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button