Баған

Қарындас

«Қарындастан айырылған жаман екен, Қара көзге мөлтілдеп жас келеді» деп, жүректі шымырлататын әнді тыңдаған сайын құлағыма ананың жылағаны, ботаның боздағаны естілетін. Сондағы «қарындас» деген сөзді бала кезімде өзімнен жасы кіші қыз бала деп ойлап, дәл солай қабылдайтынмын. Шәкәрім атамыздың мұраларын оқығанда «қарындас» сөзі көне мағынасында жалпы туыс, бауыр деген ұғымды білдіретінін түйсіндім…

 

Демек, бұл – бір туған ағайынға, бір қарында жатқан жанға қатысты айтылатын сөз. Мұны тілге тиек етіп отырған себебіміз – қарындас сөзін әйел затына ғана қатысты айтылады деп түсінетіндер арамызда өте көп. Әсіресе, жігіттер қауымы «қарындас, танысайық» дегенде, оның түпкі мағынасына ой жүгіртпейді. Туыстықтың түп-тамыры қарындаста жатқанын қайдан ұқсын?!

Осындайда Өтемістің баласы Махамбеттің «Біз бір енеден бір едік, бір енеден екі едік – Екеуіміз жүргенде, бір-бірімізге ес едік. Бір енеден үш едік – Үшеуіміз жүргенде, толып жатқан күш едік. Бір енеден бес едік – Бесеуіміз жүргенде, Алашқа болман деуші едік. Өтемістен туған он едік – Онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік!» – дейтін отты жыры еріксіз есіңізге оралады.

«Ауыр жүкті бөлісу – ақ атанның парызы» деген екен Майқы би жарықтық. Ал, қазір сол қарындас, яғни, бір құрсақтан шыққандар бір-біріне жат болып, туған-туысқанға қарайласпайтын, қолдары қысқарып, қалталары жұқармаса да, қажеттілік туындағанда, бір-бірінің мұқтажын өтеуге пейіл бұрмайтын заман туды.

Бұрынғы жасы үлкендер өздерінен өрбіген ұл-қыздарына «Өле жегенше, бөле же», «Бауыр – шырын, бас – тәтті, Ағайынмен ішкен ас – тәтті», «Туысы бірдің – қонысы бір. Туысы бірдің – уысы бір» деп, ақыл айтып отырушы еді. Орайы келгенде «ырылдайсың, қаппайсың, менен артық таппайсың» деп, ілкі бір сәтте сөзге келіп, көңілің қабаржу тартып қалғанда, туғаныңнан артық жанашыр жанды жер жүзін жеті айналсаң да іздеп таба алмайтыныңды алға тартып жататын. Бүгінде осындай өрелі ойды ортаға салып, төңірегіндегі жандарды ымыра мен бірлікке ұйыстырып отыратындардың қатары тым сиреп бара жатқаны да көңілге қаяу салады. «Қарындас» ұғымының қадірі кетіп, түпкі мәнінен ажырауы, тіпті, күнделікті тірлікте тым жұтаң мағынада қолданылуы содан да шығар, бәлкім…

Жерұйықты тынбай іздеген Асанқайғының ақырзаманның белгілері туралы сөз өрбіткенде «Ол күнде қарындастан қайырым кетер» дегені бар еді…

Шерағаң (Шерхан Мұртаза) айтпақшы «бір кем дүние».

Нұрдос КӘРІМ,
облыстық «Ortalyq Qazaqstan»
газетінің меншікті тілшісі

Басқа материалдар

Back to top button