Қаруы – жүрек, оғы – өлең
Ақындардың дуэлі деген бар. Дуэль десе, Пушкин мен Дантэс еске түседі. Орыс халқының ұлы ақыны сонда алған жарақатынан қаза болған. Бірақ, біздің айтып отырғанымыз тентек Сергей Есенин мен Владимир Маяковскийдің дуэлі. Бір-біріне бетпе-бет келген қос шайырдың қаруы – темірден берік жүрек, оғы – қорғасыннан ауыр өлең. Кімнің өлеңі дөп деген жеріне тисе, сол жеңеді. Оқ тиді ме, жоқ па, оны жиналған оқырман қошеметімен білдіреді. Біздің Қарағандыда жыл сайын дуэль.
Қарағандыда поэтикалық дуэль үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қалалық, облыстық деңгейде. 20 мен 30 жас аралығындағы шайырлар қатысып келеді. Биылғысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылды. «Күн сөнгенше сөнбейміз» деп аталды. Мұнда оннан астам жас ақын додаға түсті.
Биылғы дуэль кофеханада өтті. Қазылар алқасы мен ақындар және оқырман дуэлянттарды кофе ішіп отырып тамашалады. Дастарқан да жайылды. Ортаға шыққан әр ақын екі өлеңнен оқыды. Дуэльден аман шыққандары келесі кезеңге өтіп отырды. Дарынды ақын, «Барокко болмысы» кітабының авторы Салтанат Қайырбек пен әдеби ортада есімі ерекше болмысты өлеңдерімен танылған һәм мойындатқан Әділет Шопен қазылық етті. Қатарда мен де бармын. Ақын, «Тәңір таңбасы», «Ой тамған» жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы тізгін ұстады. Дуэльдің мақсаты – дарындарды анықтау және оларға қолдау көрсету. Шара өз мұратына жеткендей. Жыр бәйгесінде Ералы Ғани есімді жас ақын жасындай жарқылдап, үшінші орынды қанжығалады. Бұл өрен былтырғысында жеңіс тұғырынан көрінген. Биыл да өзінің мықтылығын дәлелдей алды. Өлеңдері жұмырланған. Айтар ойы анық. Балаң тіркестер мүлдем жоқ дей алмаймыз. Бірақ, өте сирек. Одан кейін Тілеужан Қамысбай деген ақын көзге түсті. Ол – екінші орынға лайық деп танылды. Ол да былтыр үздіктер қатарынан табылған. Бабын жоғалтпапты. Қуандық. Бірінші орын Қырмызы Алламберген есімді аруға берілді. Өлеңдері ұнады. Айтары бар екен. «Үміт артар жас ақын таптық» деп қазылар алқасы мен өрелі оқырман сүйіншіледі. «Осы қарқынынан танбаса екен» деп тіледік. Қырмызыға 200 мың, Тілеужанға 100 мың, Ералыға 70 мың теңге табысталды. Сөйтіп, жатаханалық студент ақындардың қалтасы бір қампайды. Степендия емес, қаламақы алды.
Тағы бір ақынды таптық. Оның есімі – Мирас Құрақбай. Мүмкіндігі шектеулі жан. Бір сөзбен айтқанда – басында ауыр тағдыр бар. Өлеңінен өмір аңқып тұр. Дуэль шарты бойынша үш жүлде ғана бар еді. Бірақ, елді жалт қаратқан, іштегі дауыстың сыбырымен жазылған өлең елеусіз қалмады. Әдеби шараға қаржылай қолдау көрсеткен, мәдениет жанашыры, жеке кәсіпкер, қалалық қоғамдық кеңестің өкілі Мэлс Сейтмұратұлы жыр жолдарына тебіренгенін жеткізіп, өз қалтасынан авторға жүз мың теңге табыстады. Осы жерде қадірменді оқырманда «мықты болса неге жүлдеге ілікпеді» деген сауал туары сөзсіз. Бірақ, Мирастың бірінші айналымдағы жұбы жүлде алғандардың қатарындағы дарынды жас ақын еді. Мирас Құрақбайдың екінші жыры осалдау болғаны… Ал, қарсыласының қос өлеңі де жақсы. Екі өлеңі биіктен көрінген дарынға барынша әділетті болуды мақсат тұтқан қазылар қиянат жасай алмады.
Жүз мың теңгеден бөлек, Мэлс Сейтмұратұлы Алғыс хат алған ақындарға қазақ әдебиеті классиктерінің таңдамалы жыр жинақтарын табыс етті.
Расын да, биылғы дуэльде мықтыны анықтау қиынға соқты. Ақын Жанат Жаңқашұлының айтуынша, үш жыл ішінде қатысушылардың деңгейі өскен. «Бұл – мақсатымызға жеткенімізді білдіреді» деді тізгін иесі.
– Алғашқы дуэльде көңіліміз түскені рас. Селт еткізер ақын таппаған едік. Деңгейі төмен өлеңдер оқылған. Сол кезде батырып сын айттық. Көңілге қарамадық. Ренжітеміз деп емес, шыңдалсын, өздерін тезге салсын, бой түзесін деп айттық. Содан, не болар екен деп бір жылдан кейін тағы өткіздік. Екіншісінде бір ұшқынды байқадық. Биыл міне, нәтиже көріп отырмыз. Бір кездері Қарағандыда әдеби ортаны Алаштың аяулы ақыны Серік Ақсұңқарұлы қалыптастырған. Содан бері Арқадағы орта биігінен түскен жоқ. Талантты ақындар шықты. Сол көш жалғассын деген ниетпен осындай шараларды ұйымдастырып жүрген жайымыз бар, – деді Жанат Жаңқашұлы.
Айта кетейік, дуэльді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырды. Басқарма басшысы Біржан Әлімжанов есеп үшін емес, жас буынды демеуді көздейтін осындай шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруға тырысатындарын жеткізді.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»