Бас тақырып

ҚарМУ-ды “қыспаққа” алған қымбат жылу

Еліміздегі маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті орталықтандырылған жылу желісіне қосыла алмай, автономды жылу жүйесіне жылына 500 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсауда. Бұл мәселені Мәжілістегі «Үкімет сағатында» Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков көтерді.

Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке сұрақ қойған депутат ҚарМУ-дың жылуға жыл сайын 500 миллион теңге жұмсап отырғанын жеткізді.

– Себебі, дизель отынын пайдаланады. Осы мәселені шешуге Білім және ғылым министрлігі көмектессе, оқу орнының шығыны азайып, артылған қаражат оқытушылар жалақысын көтеруге, студенттер қажеттілігіне жұмсалар еді, – деген Нұрлан Дулатбеков министрдің ішкі мүмкіндіктерді пайдаланып, оқытушылардың жалақысын көтеру және олардың материалдық базасын нығайту туралы мәселе көтергеніне де тоқталды.

– Кезінде ҚарМУ басшылығы автономды жылу жүйесіне көшуге шешім қабылдаған болатын. Қазір орталықтандырылған жылу жүйесіне қайыра ауысуға мүмкіндік болмай отыр. Шынымен де, оқытушылардың орташа жалақысы небары 67-70 мың теңге. Бұл әрине жеткіліксіз. Ал, қаржының көп бөлігі жылумен қамтамасыз етуге жұмсалуда. Осы жайлы жуырда облыс әкімімен сөйлестік. Университетті жылу жүйесіне қосу үшін 1,5 миллиард теңге қажет. ҚарМУ-ды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін жергілікті атқарушы органмен бірге бірлесе отырып шешеміз және біздің бақылауымызда, – деген Асхат Аймағамбетов те бұл мәселеден хабардар екен.

Министр айтқандай, орталықтандырылған жылу жүйесіне жөпелдемеде қосыла қоюға шынымен мүмкіндік жоқ. Кезінде орталықтандырылған жүйеде болған оқу орнына жылу құбырлары тартылғаны да рас. Бірақ, кейіннен қарқын алған құрылыс, тұрғын үйлердің көптеп салынуы, әрине, бос тұрған жылыту жүйесі құбырларын пайдалануға алып келді.

Аумалы-төкпелі 90-шы жылдардағы дағдарыс кезінде, атап айтқанда 1997 жылы орталықтандырылған жылу жүйесінен автономды жылу жүйесіне көшкен ҚарМУ-дың сол кездегі бұл қадамын ешкім бұрыс дей алмас. Жылу тұрмақ, жалақысыз жұмыс істеген қиын кезеңде өз күнін өзі көріп, оқытушылары мен студенттердің жағдайы үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған білім ордасы проблеманы осылай шешті. Оның үстіне, сол кезде литрі небары 7 теңге ғана тұрған дизельді отын бірнеше оқу корпустары мен жатақханаларды автономды жылу жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Содан бері бірнеше жыл өтті. Ал, қазір дизельді отынның литрі – 200 теңге шамасында.

Министрдің сөзін аталмыш оқу орны да растап, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтады.

– Оқу орнымызды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу үшін бірнеше ай бойы тиісті шаралар атқарылуда. Облыс әкімдігі де атсалысуда. Оған қосылу үшін алдымен қалалық жылумен жабдықтау деңгейінде техникалық мүмкіндіктерді қарастырып, қаржы мәселесін шешу керек, – дейді оқу орнының баспасөз хатшысы Игорь Хлебников.

Қала нысандарына жылу жеткізуді қамтамасыз ететін «Теплотранзит-Қарағанды» ЖШС баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Сейдірахым биылғы жылдың 21 қаңтарында қажетті техникалық шарттар ұсынылғанын айтады. Шартта көрсетілген жұмыстардың барлығы орындалса, ҚарМУ-ды орталықтандырылған жылу желісіне қосуға еш кедергі жоқ.

«Ал, білім ошағы орталықтандырылған жылу желісіне қосылар болса, жылуға қанша қаражат жұмсалатыны жайлы ақпарат әзірге нақтылана қоймаған. Бұл мәселе әлі де қарастырылады» дейді Игорь Хлебников.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button