Жаңалықтар

Аркадагы арда жырдын арыны

       

  Самарқанның көк тасы жібіп, қасат қардың қабырғасы сөгілер Наурыз мерекесі қарсаңында Арқа төрі айрықша дүбірге бөленетіні бар. Ол дүбірді естіген жерлестеріміз облыс орталығындағы ордалы шаңырақтардың біріне ат басын бұрар еді. Бұл дәстүр биыл да бұзылған емес. Сәрсенбілетіп Сарыарқа жұртшылығы К.Станиславский атындағы орыс драма театрына ағылды. Құлама бесінде қарормандай көзіқарақты көрермен жинап, облыстық «Армысың, әз Наурыз» айтысы осында өтпек.

Не сенбі, не жексенбі емес, кәдуілгі жұмыс күні өтетін айтысқа Арқа жұртшылығы аса көп жинала қоймас деп едік. Қателесіппіз. Театр залында ине шаншар орын болсайшы. Төл өнерімізге деген шынайы құрмет, айтыс өнеріне деген айрықша сүйіпеншілік осындай болса керек-ті. Көріп көз қуанды.
Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйытқы болып, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған биылғы дода ұлтымыздың ұлы тұлғалары Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығы мен Шортанбай Қанайұлының 200 жылдығына арналды. Мұнымен қоса, ару Астанамыздың 20 жылдығы да тілге тиек етілмей қалмады. Неге дейсіз ғой? Елордамыздың 20 жылдығына орай ұйымдастырушылар комитеті ырымдап 20 ақын қатыстырған екен.
Десе де, бұған дейін өткізілген наурыз-айтыстан ерекшелеп алар тұс бар. Ол – жоғарыда аталған 20 жыр сүлейінің кілең жастар болғандығы. Тілеген Әділов, Мақсат Аханов сынды тісқаққан жерлестерімізді қарайлап, сахнада сап түзеген ақындар арасынан таппай қалған көрермен таңғалысы – соның дәлелі. Әсілі, дәстүрлі айтыстың дәстүрлі жанкүйерлері бабаларымыздың «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» дейтін асыл сөзін қаперінен шығарып алған ба дедік. Ендеше, «жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дегенді қайда қоямыз? Ел көлеміндегі айтыстарда аймағымыздың абыройын асырып, Арқа топырағының атағын оздырар жастарды бүгіннен баптап, сахнаға бой үйрете білмесек, өзге өңірлерден озғанымыз қайсы? «Кілең жастар екен» деп бет шымшымас бұрын, осыны ойға түйген абзал болар.
Біреу білер, біреу білмес, Қарағанды төрінде облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы іргесінде құрылған «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі жұмыс жасайды. Айта кетерлігі, күні бүгін дәстүрге айналып отырған осы айтыстың «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» де аталған мектептің жетекшісі – Айтбай Жұмағұлов. Бұл мектеп талай жас айтыскерге бағыт-бағдар беріп келеді. Ал, биылғы бақ сынасар дүлдүлдер 14-25 жас аралығында. Дегенмен, оларға жас екен деп мұрын шүйірер жай жоқ. Араларында ел көлемінде өткен додаларда топ жарып, аймағымыздың абыройын аспандатып жүргендер жетіп артылады.
Қош! Кіл жүйрікте кім жүйрік екен деп, қалың көрерменнің қатарында тақым қысып біз де отырдық. Жасыратын несі бар, қатысушылар көмей кенеген сайын, біз құлақ түре түсеміз. Сынай қараған түріміз ғой. Десе де, қалың көпшілікті әп-сәтте қол соқтырып әкеткен тартымды теңеулер мен ұтымды жауаптарды естіп, қайран қалыстық. «Сөз тапқанға қолқа жоқ»! Бірақ, он жұп та түгелімен жақсы айтыс жасады деп көлгірсуден аулақпыз. Жас болған соң, сүрінгені де, мүдіргені де болды. Әлдебір жұп сан соқтырып, әлдебірі таңдай қақтырған алма кезек тартыс.
Тоқталғымыз келгені – жас перілердің сөзді орынды қолдана білулері. Осал тұстарын осыдан аңғардық десек те болады. Ұйқас қуып, сөз бұзған немесе мүлде мағынасыз тіркес айтқан, тіпті, жаңадан сөз жасаған жастар да болды. Мәселен, Жанарыс Тілеу­бек есімді айтыскер «ағынды суды есіп өтіп» дейді. Суды кешіп өткенді, жүзіп өткенді естіп едік. Есіп өткенді алғаш естуіміз. Бәлкім, ескегін есіп өткісі келді ме екен? Қайық туралы айтпағасын, ескекті де ескермедік. Осы тектес, ұйқас үшін «шалқайып отырайын несір етіп», «кешір етіп», «жәй түрініп» деген тіркестер де қолданылды. Бұл – Жанарыс ашып отырған жаңалық. Ендігі кезекте Төрехан Совет есімді азамат «түреніп білегіңді» деп «білек түру» сөзін түрлендірмек болады. Бекарыс Оспанов деген саңлағың «бәйтерек бұталары» деп сөз саптайды. Бәйтеректің бұтағы болса керек-ті. Бұта-қараған өз алдына өсімдіктің бір түрі емес пе? Мұның бәрін әлдебіреуді мінеп-сынайық деп емес, ертеңгі күні ескерсе екен деп айтып отырмыз.
Жалпы, айтыс әлсіз өтті деуге болмас. Оған – көзі қарақты көрермен де куә. Жас екенбіз деп жасқана бермей, жанарларынан жасын атып тұр шетінен. «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты – Қырандай күштi қанатты. Мен жастарға сенемiн!» дегені нақ осы жастарға қарап айтылса керек. Елдің мұңын, жүректің сырын қозғай білді. Сөйтіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтаев бастаған, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкен қостаған, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабеков, «Нұр Отан» партиясы «Мирас» аймақтық кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков, «Сарыарқа» телеарнасының редакторы Әли Тойжігіт және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Ерлан Құсайын сынды қазылар құрамы тартысты сайысқа таразы болып, кіл жүйрікте кім жүйрік екенін анықтады. Нәтижесінде, Бас жүлдені Доскей Ботпай (Бұқар жырау ауданы) және Бекарыс Оспанов (Қарқаралы ауданы) иеленсе, І орын Мұхтар Әділовке (Шет ауданы), ІІ орын Сырым Бейсенбек (Жаңаарқа ауданы) пен Бекболат Еркеғалиға (Теміртау қаласы) бұйырды. Өз кезегінде, ІІІ орынды Нұрсұлтан Рымбай (Қарағанды қаласы), Нұрмұхаммед Байсүгіров (Шахтинск қаласы) және Абзал Мақашев (Қарағанды қаласы) бөлісті. Сонымен қатар, Шашубай Қошқарбайұлы атындағы арнайы жүлдеге Төрехан Советке (Қарағанды қаласы) табыс етіліп, Қайып Айнабеков атындағы арнайы жүлде Жұлдыз Елеусізге (Сәтбаев қаласы) бұйырса, Доскей Əлімбаев атындағы жүлде Ботагөз Мұхиден лайық деп танылды. Бұл аз десеңіз, облыстық мəслихат депутаты, қазылар құрамының мүшесі, атымтай жомарт азамат Бекзат Алтынбек те өз атынан Кенішбай ақын атындағы арнайы жүлде тағайындап, оны Ғалым Арғынға ұсынды.
Барлық ақындар диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Суреттерді түсірген

Ж.СҰҢҒАТҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button