Архив ісінің келешегі

   Биыл облыстың архив қызметінің құрылғанына – 80 жыл. Осынау мерейтой қарсаңында облыс орталығындағы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында «Архивтер қазіргі қоғамда: дамудың үрдістері және келешектері» тақырыбында республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Аталған шараға облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстың мемлекеттік архиві ұйытқы болды. Конференцияға қатысушылар қатарынан облыс әкімдігінің, ҚР Президенті Архивінің, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Құжаттама және архив ісі департаментінің, Нұр Отан партиясының, ҚР Ұлттық архивінің, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары, Алматы қаласы архивтерінің, Ғылыми-техникалық құжаттамалық орталық архивінің, ЕҰУ, ҚарМУ, мәдениет мекемелерінің өкілдері, архив ісі ардагерлері табылды.

Конференцияда ҚР Ұлттық архивтік қорын сақтау мен пайдалану жолдары талқыланып, облыстық архив қызметіне сараптама жасалды. Архив қызметінің негізгі бағыттары пысықталып, саладағы маңызды мәселелер қарастырылды.

Қарағанды облысының архив қызметі 1937 жылдың 19 желтоқсанында ресми жұмысын бастады. Қазіргі кезде облыста үш жүзден астам білікті қызметкер еңбек ететін 20 мемлекеттік архив қызмет көрсетеді.

Архив байлығын сақтау, толықтыру және пайдалану архивистердің  жоғарғы біліктілігінің арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан, еліміздің архив игілігін сақтап қалу жұмыстары көп жағдайда архив басшылары мен қатардағы архивистердің біліктілігінің арқасында алға басуда.

Мемлекеттік архивтер – Қазақстанның үлкен ақпараттық қоры. Мемлекетіміздің тарихи-мәдени игілігінің ажырамас бөлігі саналатын архивтердің халықтың материалдық және рухани өмірін айшықтауда, құжаттық мұраны сақтауда ролі өте зор.

Бүгінде архивтердегі құжаттар арқылы облыстың қалыптасу кезеңінен бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықты нақты дәлелдермен суреттеуге болады. Мұнда Қазақстанға, Қарағанды облысына еңбегі сіңген тұлғалар туралы құнды құжаттар сақталған.

Сондай-ақ, облыстық архив саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-мәдени бағыттағы, машина құрастыру, химиялық, металлургиялық және кен өндіру саласындағы құжаттарға бай.

Республикалық конференцияда оқылған баяндамалар келешекте жинақта басылып шығады. Шара шеңберінде «Қоғам. Архив. Тарих» тақырыбында көрме ұйымдастырылып, архив қызметі туралы фильм мен бейнеслайдтар көрсетілді.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.