Қарағандылық жас кәсіпкерлерге облыс әкімінің гранты табысталды

Ұлытау ауданында  ауыл жастарының Халықаралық  форумы өтуде. Жастар жылы аясында ұйымдастырылған шараға аймақтың белсенді жастары мен өзге облыстардан және ТМД елдерінен келген қонақтар қатысты.

Форум аясында  ауылдың жас кәсіпкерлеріне Қарағанды облысы әкімінің гранттары табысталды. Бес ауданның өкілдері — 10 жігіт пен қыз миллион теңгеден алды. Олар бұл қаражатты өз ісін дамытуға жұмсайды. Жобалардың аясы кең — сүт өңдеу мен автомобиль сервисінен бастап, клинингтік қызметтерге және туристік маршруттарды ұйымдастыруға дейін бар.
Облыс әкімінің гранттарына Бұқар жырау ауданының тұрғындары Жалғас Қабылқайыр, Тадей Самсонов, Жаңаарқа ауданынан Бекмұрат Алпысов, Ерқанат Нұрғали, Мейрамбек Салықпаев, Ұлытау ауданының жас кәсіпкері Сағадат Мұхамбетов, Шет ауданынан Сая Олжатай, Әлішер Серікбаев, Нұра ауданынан Қанат Әбдіғапар, Анастасия Қалаева ие болды.
Сондай-ақ форум барысында өңірлік жастар саясатын дамытуға үлес қосқан белсенді жастар марапатталды.