Қарағандылық кітап оқып, iPhone ұтып алды
23 сәуір күні атап өтілетін Ұлттық кітап күні қарсаңында «Хабар» Агенттігі «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен бірлесіп, арнайы медиажобаны іске қосты. Жоба «Оян» таңғы шоуы аясында жүзеге асуда. Оның басты мақсаты – Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасын қолдап, қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау.

Жобаның форматы көрермендерге қызықты әрі танымдық бағытта ұсынылған. Эфир барысында интерактивті әдеби викториналар өткізіліп, көпшілікке танымал бестселлер кітаптарға шолу жасалады. Сонымен қатар, арнайы шақырылған спикерлермен сұхбаттар ұйымдастырылып, кітаптың маңызы мен оқу мәдениеті туралы ойлар ортаға салынады.
Алғашқы шығарылым қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романына арналды. Викторина қорытындысы бойынша Қарағанды облысы Батық ауылының тұрғыны Дәметкен Жиенбаева жеңімпаз атанды. Бұл кезеңнің демеушісі ағартушылық бастамаларды қолдайтын «Теңге ілу» федерациясы болды.
Жоба аясында кітап оқуға шақыратын арнайы челлендж де басталды. Оған мемлекеттік қызметкерлер мен облыс әкімдері қатысып, өздерінің сүйікті кітаптарын таныстырып, көпшілікке оқу бойынша ұсыныстарын білдіруде.
Абай облысының әкімі Берік Уәли кітап эстафетасын бастап, оны Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа жолдады. Осы аптада көрермендерге Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы ұсынылды. Викторина барысында шығарманы терең меңгерген қатысушылар өз білімдерін сынауға мүмкіндік алды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



