Жаңалықтар

«Қарағандыдан сөйлеп тұрмыз…»

     Сөзінің әлқиссасын «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деп бастайтын қазақтың тұңғыш дикторы Әнуар БАЙЖАНБАЕВТЫҢ радиодағы әуезді үні әр қазақтың жүрегін жаулаған.  Әйгілі диктор Юрий Левитаннан кейін 1945 жылғы Жеңіс бұйрығын қазақ тілінде тұңғыш рет эфирде оқып, «Қазақ радиосының» негізін қалады. Ұлт үнінде сөйлеген сол кезең бүгінгі таңда еліміздегі барша радионың бастауы.

novostiЖурналистика – жан-жақтылықты, қазіргі тілмен айтқанда, коммуникабельдікті талап ететін  мамандық. Бұл саладағы әуезді дауысқа ие жандардың көбі радионы таңдайды. Әлбетте, олар тыңдаушының жүрегіне жол таба біледі. Әйтпесе, радио журналисі болудың мәні жоқ. Жалпы, бүгінде Қазақстанда 25 шақты радиостанция бар. Оның ішінде қарағандылықтар 7 радиостанцияның хабарын тыңдау мүмкіндігіне ие. Атап айтсақ, облыста «Тенгри» FM, «Текс» радио, «Ретро» FM, «NS» радиосы, «Авторадио», «Наше радио», «Dala» FM, «Жұлдыз» FM ақпарат таратады. 2016 жылғы «https://7kun.kz/» сайтының мәліметіне сүйенсек, жалпы қазақстандықтардың басым бөлігі «Қазақ радиосын» тыңдайды екен. Сауалнамаға қатысқан 2544 адамның 35,3 пайызы – «Қазақ радиосын» таңдапты. Екінші орында «Жұлдыз» ҒМ және «Шалқар» радиолары тұр. «Love radio» үшін – 8,3%, «Еуропа плюс» үшін – 4,8% тыңдарман дауыс берген. Ең аз дауыс жинаған – «Classic» радиосы және «Tengri ҒМ». Әрине, тәулік бойы хабар  тарататын «Қазақ радиосы» – еліміздің ең ірі ақпарат жүйесі, тыңдарманы  қалың. Радиотыңдарманның біраз бөлігі, тіпті, Ресей мен Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аймақтарында. Оның үстіне «Қазақ радиосы» тіл тазалығына және сөйлеу мәдениетіне ерекше көңіл бөледі. Радионың «Зиялы қауым», «Інжу-маржан» «Әлқисса» хабарлары, «Армандастар» және «Замандас» бағдарламалары көпшілік көңілінен шығады. Сондай-ақ, «Қайырлы таң, Қазақ елі!», «Елім менің», «Ұшқын» жастар бағдарламаларында маңызды мәселелер талқыланып, тыңдарманмен жиі байланыс жүретіндіктен, бұл радионың мерейі үстем. Қазақ радиосынан кейін қазақстандықтардың жүрегін жаулап үлгерген – «Жұлдыз» FM радиосы және сұранысқа ие «Love Radio». Алдымен, туған қаламыздың радиосы – «Радио Текске» тоқталсақ.

 «Радио Текс»: жүректен – жүрекке

«Радио Тексті» – Қарағандыдан жүздеген шақырым қашықтықта жүрсеңіз де тыңдай аласыз. Тәуелсіз коммерциялық радиостанция. Алғаш рет эфирге 1998 жылы 101.2 FM диапазонды толқында шықты. Бүгінгі күні 1 млн. аудиторияны қамтып отыр. Тыңдарманның көбі – 40-50 жастағы қала тұрғындары. Ретро жанрындағы тәуелсіз радио көбіне дүйсенбі-жұма арасында тікелей эфирде 9 сағат хабар таратады. Қызықты ақпараттық-танымдық бағдарламалар қазақ және орыс тілдерінде жүреді. Сәтті деп қазақ тіліндегі ақпараттық ойын-сауықтық «Сәтті күн» сазды реалити-шоуын, «Жүректен –жүрекке» бағдарламасын атап өтуге болады. Оған қоса, тек сейсенбі күндері 19:00-20:00 сағатта шетелдік рок-н-ролл әуендерінен облыстық әншілердің орындауында эфир жасап, қалған уақытта 1970-1990 жылдардағы ең үздік әндерді ұсынады. Қазіргі таңда  әлеуетті аудитория «Жаңа TV» – мен бірлесіп 24 сағат жұмыс жасайды. Егер, «Радио Текстің» жиілігі «Жұлдыз» FM-ге ұқсаса, Қарағандыда радио жиілігі қарқын алары сөзсіз.

«Жұлдыз» FM: Арайлы таң қуаныш әкелсін!

«Қайырлы таң, Қазақ елі! Арайлап атқан таң баршаңызға қуаныш әкелсін! Сәрсенбіні сәттілікке толтыратын, «Таңғы шоудың» бүгінгі тақырыбы – «Өзіңізді қалай тәрбиелейсіз?» Хат жазып, хабарласыңыздар! Студияда – Анар Мыңбаева және қазақтың қарапайым жігіті Жасұлан Қали». Бұл  – «Жұлдыз» FM-діктердің қазақ елін оятуы. Көптеген қарағандылықтардың талғамынан шыға білген үздік радионың бірі – осы. Радиожурналистер авторлығындағы «Таңғы шоу» – автобус жүргіншілерінің сүйікті бағдарламасы десек артық емес. Сонымен қатар, «Соңғы оқыған кітабың қандай?», «Егер өмірге қайта келсеңіз, қандай мамандық таңдар едіңіз?», «Қоғамдық орындарда сіз өзіңізді қалай ұстайсыз?», «Алғашқы табысыңызды қалай жұмсадыңыз?» тақырыптарын қозғау арқылы жастар мен дүйім жұртшылықтың сүйікті радиосына айналды. Оған қоса «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» айдары сауалнама жүргізеді. Студияға телефон шалып, пікір білдіруге асық жастар көп. Құттықтаулар мен тілектерді жолдайтын «Сәлем саған, туған ел!» бағдарламасының орны – бір бөлек. Аз ғана уақытта жүрекке жол таба білген «Жұлдыз» FM – менің де таңдауым. Десек те, жастардың жүрек қалауынан шыққан ғашықтық хаттарын жолдайтын «Love radio» басқаға ұқсамайды.

«Love radio»: Жұлдыздарға жақын бол!

Оның қазіргі таңдағы ең танымал әрі сәнді радио екенін көпшілік мойындайды. Ойын-сауықты ұнатып, ең таңдаулы әрі жағымды шет тіліндегі әуенді іздесеңіз «Love radio» көмекке келеді. Мұнда әлемдік танымал жұлдыздар, жетекші орындаушылардың таңдаулы әндері қойылады. Сондай-ақ, сұранысқа ие ди-джейлер жұмыс жасайтындықтан, әр тілді кең аудиториға арналған. Яғни, жастар сүйіп тыңдайтыны соншалық, радио аясында ең қызықты және бірегей музыкалық бағдарламалар жүреді. Үздік композициялық әуендер ойнатылады. Күн сайын эфирде  «Big love message» – сүйікті жанға хат қалдыру 7707 нөміріне хат жолдау арқылы ақылы негізде жүзеге асады. Жүлдеге қымбат бағалы смартфондар қойып, ұтыс сыйлықтар ойнатады. Әлбетте, кез келген ақпарат құралдарына қарағанда радиода жарнама  сапалы,  әрі эфирден жақсы естіледі.Көрерменге тосынсый жасауымен, көбінесе сұранысқа ие әлемдік хиттерді эфирде бірнеше рет беруімен ерекшеленеді. Радионың ұтымды тұсы – жастардың жүрегіндегісін дөп басып, «жұлдыздай жарқыра!» дейді. Десек те,  «Love radio»-ны алмастыра алатын “Tengri FM”– әлемдік радиолармен теңесе алатын бірден-бір радио.

«Tengri FM»: Қарағандыда 11 сағат 30 минут

“Tengri FM”– нің  әрбір жарты сағат  сайын осылай хабарлайтын аңдатпалары ұнайды. Ауа райын түсінікті береді. Ұлттық рок радиостанциясы болғанымен, репортаждар, мамандар пікірі, шұғыл жаңалықтар шығарылымдары уақытынан кешіккен емес. Радиоға күніне млн. тыңдарман қосылады. Alash Media group медиа-холдингіне қарасты радио құрамына Tengrinews.kz ақпараттық порталы Alashainasy.kz жаңалықтар сайты, Massaget.kz порталы, «СТВ» отбасылық арнасы, «Vesti.kz» спорттық сайты, «Жұлдыз» жастар радиосы кіреді. Сондығымен қазақ көшпелі мәдениетіне үлес қосып, ұлттық нақыштағы әндерден музыкалық фестиваль өткізіп тұратын радионың бүгінде көші – ілгері.

Түйін

 Қарағанды жастары жиі тыңдайтын радиоларға кішігірім шолу жасадық. Ал, өзім радиосүйер жастарға «Жұлдыз» FM-нің» әніне ұйып, «Tengri FM-нің» жаңалығын тыңдауға кеңес берер едім. Әсіресе, көлік жүргізгенде, сүйсіне тыңдарыңыз хақ. Себебі, аталған радиолардағы әріптестеріміз эфирді жетік меңгеруі арқылы өзгеше табиғатымен ерекшеленіп, әрбір хабарды сәтті ұйымдастыра біледі.

Оған қоса, радио – жағымды жаңалықтың жаршысы ғой. Атқан таңмен көңіл-күйді көтеріп, күні бойына қуаныш сыйлайды.

Біле жүрер бір дерек

БАҚ-тың басым бөлігі, орта есеппен алғанда барлық түрлері бойынша медиа нарықтың 70%-дан астамы тәуелсіз болып табылады. Бірақ соңғы үш жылда мемлекеттік БАҚ үлесі өсті. Мәселен, 2014 жылы мемлекеттік БАҚ үлесі 16% болса, қазіргі уақытта ол 25%-ды құрайды.

***

Тұтынушылар тұрғысынан теледидар әлі күнге дейін ең танымал ақпарат алу құралы болып қалуда.

***

Қазақстандағы телекөрермендер аудиториясының орташа жасы – 36 жас. Мысалы үшін, Ресейде телекөрерменнің орташа жасы – 49, Украинада – 54 жас (IMS талдау бөлімінің мәліметі бойынша). Үлкендер дәстүрлі БАҚ-ты қолдануды артық көреді.

***

Ғаламтор аудиториясы айтарлықтай жас – 16-34 жас аралығында екен. (Деректердің айтуынша, пайдаланушылардың

65%-ы осы жаста).

 

Әлемде алғаш радиодан хабарланған саяси жағдай туралы ақпарат 1917 жылғы Қазан төңкерісі болды.

♦ ♦ ♦

1950-ші жылдары Қазақстанда тың игеру, 1961 жылы тұңғыш рет ғарышқа Юрий Гагариннің ұшырылуын «Қазақ радиосы» тыңдармандарға жеткізді. Бұл кездің өзінде-ақ, «Қазақ радиосының» әуе толқынынан қазақ, орыс, неміс, ұйғыр, корей, татар және ағылшын тілдерінде хабарлар эфирге шығып тұрды.

♦ ♦ ♦

Франция еліндегі әйгілі Эйфель мұнарасы радиомен тікелей байланысты болып шықты. 1889 жылы Бүкіләлемдік көрме кезінде тұрғызылған бұл мұнараны жиырма жылдан кейін бөлшектеуді (демонтаж) ұйғарды. Бірақ, радио пайда болғаннан кейін Париждегі ең биік мұнараға антенналар орнатылғандықтан, Францияның көркіне айналған атақты «Эйфель» аман қалды.

♦ ♦ ♦

Қазіргі таңда «Қазақ радиосының» «Алтын қорындағы» материалдар сандық форматқа көшірілуде. Бүгінде қордағы 31 мың материал көшірілді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button