Қарағандыда жаңа неке сарайы ашылды
Қарағандылықтар неке қию салтанатты рәсімін жаңа және әсем Неке сарайында өткізу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай сыйлықты жерлестеріне кәсіпкер Болат Қожақпаев жасады. Бұл бизнесменнің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы үлесі, — деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің ресми сайты.
Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Ақ сарай» салтанат сарайында болып қайтты. Аймақ басшысы Қазыбек би атындағы аудандық АХАТ бөлімінің қызметкерлері қандай жағдайда еңбек етіп жатқанын қарап шықты. Әкімнің аралауы барысында салтанат залында жас жұбайлардың, алтын және күміс той иелерінің тіркеуі өтіп жатты. Облыс әкімі жанұяларды осындай тамаша мерекелерімен құттықтады.
– Қарағандылықтарға осындай сарай бұрыннан керек болатын. Енді олар неке жібімен өз тағдырларын қазіргі заманғы, салтанатты және әсем жерде байланыстыра алады. Мен жаңа отбасылар құрылып жатқан осындай кең Махаббат сарайы жастарға бақыт пен шаттық сыйлайтынына сенімдімін, – деді Ерлан Қошанов. – Бұл жай ғана қалаға жасалып отырған сыйлық емес. Бұл патриоттықтың және меценаттықтың, жақсы еңбектің үлгісі. Еліміздің әр тұрғыны, әр кәсіпкері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуы өте маңызды.
Осыған дейін Неке сарайы тозығы жеткен ескі, тар ғимаратта орналасқан болатын. Болат Қожақпаев өз қаражатына салтанаттарға арналған залы бар мейрамханалық және қонақ үй кешенін салды. Жобаның құны 3 млрд теңгені құрады.
Ғимараттың жалпы ауданы – 16,5 мың шаршы метр. Аумақтың бір бөлігін кәсіпкер тегін түрде Қазыбек би атындағы аудандық әкімдігіне берген. Бір ай бұрын мұнда АХАТ бөлімі көшіп келді.
Мекеме қызметкерлері қазіргі жұмыс шарттары анағұрлым жайлы болғанын атап айтты. Шілде айында бұл жерде 500-ге жуық тіркеу актілері өткен.
Салтанат иелері билік өкілдері мен кәсіпкерді естелік оқиғаларын осындай әсем жерде өткізу мүмкіндігін сыйлағандары үшін алғыстарын айтты.
– Біздің тойымыз 50 жыл бұрын әке-шешеміздің үйінде Майқұдықта, Узловая көшесі, 35 мекенжайында өткен болатын. Менің жарым 19 жаста еді, ал мен одан 13 жас үлкен болдым. Ол кезде №3 кәсібитехникалық училищеде директор орынбасары қызметін атқардым. Дәмен менің қарындасыма қонаққа келді. Таныстық, сонан соң көп ұзамастан оған үйленуге ұсыныс жасадым. Ол бірден келісе кетті, – деп еске алады алтын той иесі Марак Тәжетденов. – Біз бақыттымыз. 50 жыл қалай өте шыққанын да білмей қалдық. Ең бастысы – бір-бірлеріңізді сүйіп, әрдайым қолдау керек, жәнеде шыдамдылық танытқан жөн.
Алтын той иелерінде қазір ересек ұлы мен қызы, төрт немересі мен төрт жасар шөбересі бар.
Анатолий мен Елена Спириндер күміс тойларын тіркеді. Ал жас жұбайлар Дидар Молдабеков пен Әйгерім Батырбекова салтанатты түрде некелерін қиды.