Қарағандыдағы неке сарайы күрделі жөндеуден өтуде
Қарағандыдағы Чкалов көшесінде орналасқан бұрынғы неке сарайы қайта қалпына келтірілуде. Күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң бұл жерге барлық әлеуметтік қызметтер көшіп келеді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ашық алаң да пайда болмақ. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев нысанға арнайы барып, жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.
Нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып қалған. Қазір ішкі жұмыстарына дайындық басталып кеткен. Еден төсеп, лифт орнатылады. Сонымен қатар, бұл мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы көтергіш құрылғы мен екі лифт бар. Күрделі жөндеу жұмыстары жыл соңында аяқталып, ғимарат пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
– Жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауда ұстаңыздар. Тұрғындар жақсы абаттандырылған орталықта әлеуметтік қызмет алуы керек. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жағдай жасалу қажет. Ғимараттың кіреберісі стандарттарға сай әрі ығайлы етіп жасалуы керек. Ауладағы автотұрақ та жеткілікті болуы шарт, – деді аймақ басшысы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz