Қарағандыдағы қамқорлық қақпасы
Осы жылдың наурыз айынан бастап Қарағандыда облыстық мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы өз жұмысын бастаған еді. Республикадағы алғашқы ұйым орталық әлеуметтік қызметтер, жұмыспен қамту, жастарды қолдау және отбасыларға көмек сияқты түрлі мәнді мәселелер бойынша халыққа консультативтік тұрғыдағы жәрдемін аямайды. Бір жерде тоғысқан мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар шоғыры, мұндағы әр азаматтың қажетті мұқтаждығын қол созым жерден реттей алады.
«Жұмыссыз да, ырыссыз да қалмайды»
Жарым жылдан астам уақыт ішінде қандай берекелі істер атқарылғандығы, өңір тұрғындарына несімен пайдалы екендігін облыстық мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығының қабырғасында тоғысқан ұйымдардың басшылары баяндап берді.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласын қолдау бағытында жұмысқа орналасуға көмек қажет болса, қарағандылықтар осындағы Мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына келе алады. Облыстың еңбек ұтқырлығы орталығы мен қалалық Мансап орталығы жұмыссыздықты мейлінше азайту үшін сан түрлі шаралар легін ұсынып келеді. Бармақ бүгіп санар болсақ, бұл дегеніміз субсидияланған жұмыс орындары, бизнесті бастау гранттары, «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» сынды өзектендірілген түрлі өміршең жобалар.
– Жыл басынан бері 55 мыңнан астам адам Мансап орталықтарына жүгінген. Оның 22 900-і тұрақты жұмыс тапты. Орталыққа ат басын тіреген азамат жұмыссыз да, ырыссыз да қалмайды, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Нұржан Сыздықов. – Бүгінгі таңда көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар үшін 178 грант бөлінді. 481 адам жұмыс берушілердің сұранысы бойынша қысқа мерзімді курстарға қатысты. Ал, 2025 жылы зейнеткерлерді жұмысқа орналастыруға бағытталған «Алтын жас» жобасын іске қосу жоспарлануда.
Орталық тек жұмысқа орналасуға ғана емес, сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмекті ресімдеуге, жұмыссыз ретінде тіркелуге көмектесіп, түрлі мәселелер төңірегінде керек кеңес береді. Сенім телефоны жұмыс істейді: 60-50-50. Мұнда әрбір сұраныс жедел өңделеді.
Арманға қанат қаққан аймақ
Облыстық мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы жас қарағандылықтарға да көмек қолын созады. Бұл арада жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы білуге болады. Еріктілер қозғалысына қосылуға мүмкіндік бар. Жұмысқа орналасу жобаларымен таныса аласыз. Қазан айының соңында осында жастардың кәсіби қолдауымен өз жобаларын тегін әзірлей алатын қауымдастық орталығы ашылды. Жеті тақырыптық аймақ жабдықталған. Олардың қатарында дизайн студиясы, подкаст жазу және мобилография аймағы, коворкинг бар. Жастар үшін психологтар мен заңгерлердің қызметтері де қолжетімді.
– Облыста 306 мыңнан астам жас тұрады. Бүгін біз NEET-жастармен белсенді жұмыс істейміз. Еңбек ұтқырлығы орталығымен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкелерін әрі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Нәтиже көз қуантады. Аймақта NEET-жастардың саны 7,9%-ға дейін төмендеді. Сондай-ақ, еріктілер қозғалысы белсенді дамып келеді. Өңірде 63 ұйым жұмыс істейді, – деді жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Жасұлан Хамитов.
2022 жылдан бастап, аймақта жастарға арналған ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Биыл Қарағандыға Саран мен Теміртау шаһарлары қосылды. 200-ге жуық қарыз сомасы берілді. Бағдарламаны кеңейту жоспарында Абай мен Шахтинск қамтылуы тиіс.
Еңбекке бастар есік
2022 жылдың соңында мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы қабырғасында Ten Qogam мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды. Орталық әлеуметтік қамсыздандыру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша көмек көрсетіп, оңалтудың техникалық құралдарын бейімдеу мен іріктеуге жәрдемдеседі. Мүгедектігі бар адамдар үшін заңгерлер мен психологтардың тегін кеңестері, сондай-ақ, компьютерлік сауаттылық, қазақ және ағылшын тілдері бойынша курстар қолжетімді.
– Биыл біз ерекше жандарға 5 мыңнан астам қызмет көрсеттік. Көбінесе бізден мүгедектікті растау, жәрдемақы алу және жұмысқа орналасу туралы көмек сұрайды. Мемлекеттік порталдармен жұмыс істеу бойынша көптеген сұрақтар бар, – дейді Ten Qogam басшысы Нияз Сүндеталиев. – Біз үшін жұмысқа орналасу мәселесі басты назарда. Өйткені, мүгедектігі бар адам үшін жұмыс – экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болу мүмкіндігі. Осы жылы мүгедектігі бар 70 адамға жұмыс орнын табуға мүмкіндік туды.
Иә, әр адамға қоғамда өз орнын табу – өмірдің мәнін іздеудегі басты бағдарының бірі. Бірақ кейбіреулер үшін бұл жол тегіс емес, кедергілермен өрілген, ал, кейде мүлде жабық болып көрінеді. Осындай сәттерде мейірімділік пен қолдауға толы бір есік ашылады – бұл Ten Qogam сияқты орталықтар. Мекеме мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер әлемін ашып қана қоймай, олардың болашаққа деген сенімін қайта қалпына келтіреді. Әрбір кеңес, әрбір ұсынылған курс, тіпті, ең кішкентай болымсыз көмек түрі – бұл өмірге жаңа тыныс, арманға бір қадам жақындау. Заңгерлер мен психологтардың шын жүректен берген ақыл-кеңестері, қазақ және ағылшын тілдері курстары, компьютерлік сауаттылықты арттыру сабақтары – мұның бәрі тек білім беру ғана емес, өмірге жаңа бағыт-бағдар ұсыну деп ұғынған абзал. Ten Qogam орталығының статистикасы сандар тізбегі емес. Сандар да – тағдырлар. Жұмысқа орналасқан 70 адам – тек еңбекпен ғана емес, еркіндікпен де табылған бақыт. Бұл адамдар енді тек жәрдемақыға тәуелді болып қалмай, өз мүмкіндіктерін іске асыра алады. Олардың әрқайсысы – экономикалық және рухани тәуелсіздікке жасаған маңызды қадамның айқұлақтанған айқын мысалы. Нияз Сүндеталиев айтқандай, жұмыс табу – бұл тек материалдық көмек қана емес. Бұл – қоғамның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік. Бұл – арманға жетуге бастар жол. Ten Qogam – тек жөнекей мекеме емес, селкеусіз сенімге, үмітке және өзгелерге мейіріммен қарауға толы жүрек мекеніндей. Аталған орталық мүмкіндігі шектеулі адамдарға берілген сый ғана емес, бүкіл қоғамға адамгершілік сабағындай. Бәлкім, бір күні мұндай орталықтардың қажеті де болмас. Бірақ, сол күнге дейін Ten Qogam сияқты ұйымдар қоғамның дамуы мен бірлігіне жарқын үлес қоса береді. Жарыққа жол ашқан есік ешқашан жабылмасын.
Отбасы – басты назарда
2023 жылы мемлекеттік және сервистік қызметтер орталығы Қарағанды облысы полиция департаментінің жанынан республикадағы алғашқы отбасыларға көмек көрсету бірыңғай орталығы ашылды. Ол қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетеді. Мұнда полициядан, заңгерлерден, психологтардан, сот орындаушыларынан, теологтардан және еріктілерден қолдау алуға болады. Сондай-ақ, медиатор, қаржылық кеңес беру мамандары және дағдарыс орталықтарының өкілдері жұмыс істейді.
– Біздің орталықтың мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар санын азайту. Биыл біз 1200-ден астам азаматты қабылдадық. Оларға түрлі көмек көрсетілді. Биыл бізде жұмыс істейтін жеке сот орындаушысы алимент алушы балалардың пайдасына 40 млн теңгеден астам қаражат өндіріп алды. 28 отбасы қайта қауышты, 21 адам психокоррекциялық жұмыстан өтті, 15 медиативтік келісім жасалды. Дағдарыс орталығына 47 адамды орналастырдық, оның ішінде, 37 бала, – деді отбасына көмек көрсету бірыңғай орталығының басшысы Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева.
Отбасыларға қатысты барлық мәселелер жедел шешіледі. Бұған көптеген ұйымдар мен қызметтерді бір жерге орналастыру ықпал етеді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz