Бас тақырып

Қарағандыда ауыл әкімдерінің форумы өтуде

Бүгін Қарағандыда облыс әкімдігінің және «AMANAT» партиясының орталық аппаратының қолдауымен аймақтағы ауыл әкімдерінің форумы өтуде. Шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Бауыржан Смағұлов, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев пен облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Қобжанов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Серікжан Байбосынов қатысуда. Жиын барысында қала және аудан, ауыл әкімдері мемлекеттің саяси, әлеуметтік бағдарламаларын іске асыру бағытында ауыл тұрғындарының әл ауқатын көтеру жолында жүзеге асырылған мәселелерді тізбектеп, алдағы атқарылатын міндеттерді талқыламақ.

Суреттерді Түсірген Е.КЕҢЕСБЕКҰЛЫ

Форумға облыстың түкпір-түкпірінен 130 ауыл әкімдері қатысуда. Бір күндік Форум пленарлық сессия форматында екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде қатысушылар пленарлық отырыста бас қосып, аудан, ауыл мәселесін көтерсе, екінші бөлімі оқыту семинары түрінде өтпек. Мұнда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алудағы өзгерістерді талқыламақ. Әрі мемлекеттік қызмет істері саласындағы жаттықтырушылар менеджмент процесін жақсарту, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар береді.

– Бұл жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Партияның сайлауалды бағдарламасында халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында барлық бағыттағы жұмыстар қарастырылған. Ал, сол бағдарламаларды іске асыру үшін біздің өңірге триллион теңге қаражат көзделген. Біз сол бөлінетін қаржының аясында тұрғын үй, жайлы мектептер салудамыз. Елді-мекендерді абаттандырып, жолдарды жөндеудеміз. Одан бөлек, көптеген әлеуметтік жұмыстар да іске асырылуда. Оның ішінде ауылға арналған бағдарламалар да бар. Өздеріңіз сол бағдарламалармен тікелей жұмыс атқарып жатырсыздар. Жергілікті жерлерде бұл жобаларды іске асыратын – өздеріңізсіздер, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Форумға қатысқан Шет ауданы, Талды ауылының әкімі Нұрлан Абжанов ауылдық жерлерде техниканың жетіспеушілігін айтып, мәселе көтерді.

– Ауыл әкімдері елеусіз, ескерусіз жатқан лауазым иелері. Бүгін барлық ауыл әкімдерінің басын қосып, үлкен шара ұйымдастырып жатыр. Әрине, біздің де білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Осы жиында тәжірибе алмасып, бір-бірімізден кеңес сұраймыз. Одан бөлек, ауыл мәселесін облыс басшылығына жеткізіп, өзара пікір алмастық. Мәселе ортаға салынып, оның шешу жолдары талқыланды. Мен мысалы, осы жиында ауыл әкімдігін техникамен қамту мәселесін көтердім. Апат айтып келмейді. Ауылды қар да басады, су да шаяды. Сол уақытта техниканың күшіне жүгінеміз. Ал, ауылдық әкімдіктерде техника жетіспейді. Күллі ауылдың тіршілігі – техникаға байланып тұр. Сондықтан, ауылды қолдау мақсатында жұмыс істейміз десек, әуелі әкімдікті техникамен жабдықтау қажет, – деді Нұрлан Аманұлы.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button