Бас тақырып

Қарағандыда атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін төлеу басталды. Соңғы мәліметтер бойынша Қарағанды облысында оны алушылар қатары 4213 отбасын, яғни, 18 795 адамды құрайды. 1 сәуірге дейін бұл көмекті 1434 отбасы, сәйкесінше 6487 адам алып келгенін айта кеткен жөн. Құжаттарды қабылдау жалғасатындықтан, бұл көрсеткіштің әлі де артатыны анық.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тапсыру басталғалы жергілікті жұмыспен қамту орталықтары, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен аудан не болмаса ауыл әкімдігіне 17 мыңға жуық адам барған. Мамандарға жеке куәлік ұсынсаңыз жетіп жатыр. Сіз және отбасыңыз туралы барлық мәліметті «Е-халық» ақпараттық жүйесінен алады. Тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелу тұрақты немесе уақытша болуы мүмкін. Кей жағдайларда жұмыс орнынан еңбекақысы туралы анықтама керек болады. Құжаттар бойынша келушінің атаулы әлеуметтік көмек алатын-алмайтындығын анықтау қиын емес.

Әсем ЖҮНІСПЕКОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

 – Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету бойынша Елбасы тапсырмаларын іске асыру жұмыстары атқарылып жатыр. Қабылданған құжаттар бойынша алғашқы төлемдер жасалды. Құжаттарды қабылдау штаттық тәртіпте, кезексіз жүріп жатыр. Адамдар әлі де келуде, тиісті комиссия үйді-үйге барып, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін барлық шараларды қолдануда.

Кең ауқымдағы түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасын табады. Аз қамтамасыз етілген отбасыларды жеке-жеке аралап шығуды облыс әкімі де тапсырған болатын. Осы мақсатта жұмыспен қамту орталығы мен жергілікті әкімдік қызметкерлері әрбір көпбалалы отбасын есепке алып, олардың әлеуметтік картасын толтырды. Жұмыс топтарының мүшелері тек қана төлемақы туралы ғана емес, сонымен қатар, жұмысқа орналасу, жеке ісін ашуда мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар жайында кеңес берді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек және әлеуметтік нормативтер бөлімінің бас маманы Толқын Елеубекованың айтуынша, тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің шартты ақшалай түрі бір жылға, шартсыз ақшалай көмек жарты жылға дейін төленетінін айтты.

 – Шартты ақшалай көмек бойынша есептелген төлемақы келесі жылға дейін өзгеріссіз сақталады. Шартсыз ақшалай көмек алушылар 3 тоқсандағы еңбекақы туралы анықтама бойынша тағы да құжат тапсыруы тиіс. Біз отбасының жұмысқа қабілетті мүшесін жұмыспен қамтуға міндеттіміз. Сондықтан, отбасы табысы артқан жағдайда атаулы әлеуметтік көмек те өзгереді, – дейді Толқын Елеубекова.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін биылғы жылы Қарағанды облысына 449,9 млн. теңге қарастырылған. Оның 298 млн. теңгесі – республикалық бюджеттен, 151,9 млн. теңге көлеміндегі қаражат – жергілікті бюджет есебінен. Сонымен қатар, 1 сәуірден бастап республика бойынша кедейшілік шегінің 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге артуына байланысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі 2 млр. 66 млн. теңге көлемінде қаражат бөліп отыр.

Мемлекеттің бұл қолдауы атаулы әлеуметтік көмек алуға, сонымен қатар, жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған. Мәселен, көпбалалы отбасынан шыққан балалар балабақшаға 50 пайыз жеңілдікпен бару, көпбалалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүру сияқты мүмкіндіктер жасалуда. Қолға алынған жаңа жоба – фрилансер мектебінде көпбалалы аналарды үйде отырып жұмыс жасауға үйретеді.

Жансая ОМАРБЕК

Басқа материалдар

Back to top button