Бәрекелді!

Қарағандыда – Абай мектебі

Қарағанды қаласындағы №104 мектеп-гимназиясына Абай есімі берілді. Қуаныштан төбеміз көкке сәл жетпей қалды. Бұл – қазаққа ортақ қуаныш, мектеп ұжымына жүктелген сенім мен баба аманаты алдындағы жауапкершілік.

«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» демекші, еліміздің әр аймағында хакім атындағы мектептің болуы – заңды құбылыс. Ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай кеншілер шаһарында №104 мектеп-гимназиясы бой көтерді. Білім ошағының ашылу салтанатына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды құттықтап: «Әр қазақ Абайды оқуы керек» деген еді. Сонымен қатар, мектепке Абайдың есімі берілуі һәм сол атқа лайықты әлемдік деңгейдегі білім ошағы болуы керектігін, сол жолда бірлесіп жасайтын жауапты істердің көп екенін атап айтқан болатын. Осындай үлкен аманатты арқалап №104 мектеп білім айдынына өз желкенін керіп, сол сәттен бастап, данышпан Абайдың есімін алу мақсатында жұмыстар қолға алынды.

– Мектеп 1200 оқушыға шақталған. Бірақ, қазір 1300-ге жуық оқушы білім алуда. 1-ші сыныпқа биыл 8 сынып қабылданды. 100- ден астам мұғалім қоғамдық гуманитарлық бағытта білім беруде, – дейді мектеп директоры Жадыра Баймолдина.

Мектеп кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Атап айтсақ, STEM-лаборатория, роботтық техника және зияткерлік бөлмелер, мектеп телестудиясы мен медиастудия бар. Бұдан бөлек, сабақтан тыс үйірме жұмыстары үшін ART-студия және хореография залы салынған. Білім ошағы ұлы ақын әрі ойшылдың мұраларын зерттеу, насихаттау орталығына айналады. Мектеп базасында қалалық қана емес, облыстық іс-шаралар да өткізу үшін 700 орындық акт залы бар. Зал Абай шығармашылығымен безендірілген. Қазақ тілді мектепке сұраныс жоғары екені белгілі. Аталған мектеп бұл сұраныстың бір бөлігін жапқаны рас.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button