Жаңалықтар

Қарағанды – үздік үштікте

Кеншілер шаһарының құрылыс алаңындағы үлесі өзге өңірмен салыстырғанда көп-көрім ілгері. Дәлірек айтқанда, еліміз бойынша алдыңғы үштікте. Көш алдына мегаполистерді ғана салған Қарағанды республикадағы құрылыс үлесінің 9,5 пайызын иеленсе керек. Ал, биыл құрылыс жұмыстарын 103,2 пайызға орындауды меже етіп алған. Бұл – 485,8 млрд. теңгенің инвестициясы.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегінше, былтыр аймақта «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қаржыландырудың барлық көздері есебінен 529,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұнымыз 6 мыңнан астам пәтер. Алдыңғы жылмен салыстырғанда орындалған жоспардың көлемі – 125,8%.

Бұл үйлердің 26 пайызы – жеке тұрғын үйге тиесілі болса, коммерциялық үйдің үлесі – 46 пайыз. Мемлекеттік сектордағы тұрғын үй 28 пайызды қамтыпты. Сонымен, өткен жылдың соңында бюджет қаражатынан 148 мың шаршы метр мемлекеттік баспана иесін тапқан. Аталған өсім 2019 жылғы деңгейге қарағанда 97 пайызға артық дейді басқарма деректері. Басқарма мәліметтері 50/50 өңірлік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыруға байланысты көлем ұлғайғанын атайды. Мұнда тұрғын үй құрылысы облыстық және жергілікті бюджеттер арасында тепе-тең негізде жүзеге асырылады.

Ал, биыл қаржыландырудың барлық көзі есебінен 662 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, шамамен 6,8 мың пәтер пайдалануға беріледі деген меже бар. Оның 23%-ы жеке тұрғын үй, 54%-ы коммерциялық және 23%-ы мемлекеттік сектордыкі.

Сонымен қатар, әлеуметтік нысан құрылысында да қарқын бар. Айталық, 2020 жылы 8 әлеуметтік маңызы бар нысан пайдалануға берілген. Осы жылы 34 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 11 білім беру, 3 мәдениет, 9 спорт, 9 денсаулық сақтау , 2 ветеринария нысаны бар.

Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары көлемінің артуы Бұқар жырау, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарын қоспағанда өзге өңірдің бәрінде байқалған. Ең үлкен өсім Шетте – 2,7 есе , Ақтоғайда – 2,6 есе, Пирозерскіде – 2,3 есе.

«Облыс бойынша құрылыс жұмыстарының негізгі көлемі Қарағандыда, Қаражалда және Шет ауданында орындалды. 2020 жылда 1018 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде, 878 тұрғын үй және 140 тұрғын емес нысан бар. Тұрғын емес сипаттағы объектілерден сауда кәсіпорындарының, және көлік, байланыс және коммуникация және өнеркәсіп объектілері іске қосылды. Өнеркәсіп объектілерінен ағаштан жасалған құрылыс конструкцияларын және ағаш өңдеу бұйымдарын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, декоративтік және құрылыс тастарын кесу, өңдеу мен әрлеу жөніндегі кәсіпорындар, құрамында алтыны бар кендерді өндіру жөніндегі кәсіпорындар және ұсатып өткізетін кешендер қосылды.

Әлеуметтік-мәдени объектілердің ішінде 980 орынға арналған 2 жалпы білім беретін мектеп және амбулаториялық 3 емхана бар», – дейді статистика департаментінің баспасөз қызметі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button