Бас тақырып

Қарағанды теміржол вокзалы жақында ашылады

Қарағанды теміржол вокзалындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қалпына келтірілген бас ғимаратты мердігерлер осы аптада ашуға уәде беріп отыр. Мұнда келген әрбір адам көп ұзамай жасалған өзгерістерге баға бере алады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында аталған нысандағы жұмыс қарқынымен танысты.

Вокзалдың жаңа қанатының құрылысы қараша айына дейін жалғаспақ. Бұл нысан аймақ басшысының тұрақты бақылауында. Сапар барысында Ерлан Жақанұлы жұмыстың сапасы мен жобаның толық аяқталу мерзіміне назар аударды.

Құрылысшылар вокзалдың ескі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізді. Ғимаратта электронды-ақпараттық табло іске қосылады. Қазіргі уақытта еденді жылыту және термореттеу жүйелерінің жұмыс істеуіне тексеру жүргізілуде. Мұнда кассалар, жүкті тексеру пункттері, екі күту залы бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға, ана мен балаға арналған бөлмелер пайда болды.

Вокзалдың жаңа қанатының құрылысы кесте бойынша жүріп жатыр. Қаңқасы тұрғызылды. Ішінде әрлеу жұмыстары, лифт пен эскалаторлар орнату шаралары атқарылуда. Сонымен қатар, қасбетті травертинмен қаптау басталды.

– Платформаларға апаратын конкорстық өткелді монтаждау үшін барлық қажетті шарттар жасалды. Құрылыстың бұл бөлігін қазан айының басында аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді «Қазақстан темір жолы» АҚ филиалының бас директоры Еркін Мейірбеков.

Теміржол вокзалының жаңа қанатында қосымша кассалар мен күту залдары, фудкорттар орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көтергіштер орнатылады. Ерлан Қошанов жолаушыларға ыңғайсыздық тудырмау үшін кестені қатаң сақтауды және қатты суыққа дейін жаңартылған вокзалды ашуды тапсырды.

Естеріңізге сала кетейік, вокзалдың мұндай ауқымды реконструкциясы бұған дейін болған емес. Құрылысшылар үшін басты міндет – ғимараттың тарихи келбетін сақтап, сонымен қатар оны қазіргі заманғы нормалар мен талаптарға сәйкес ету болды. Жаңартылғаннан кейін вокзалдың жолаушыларды қабылдау қабілеті 2,5 есеге артады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button