Жаңалықтар

Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар кешке дейін ашылуы тиіс

17-24 қаңтар аралығында облыс аумағына қалыпты нормадан екі есе көп қар түскен. Ақтүтек боран салдарынан барлық бағыттар бойынша жолдар жабылды. Боран басылғанымен кейбір бағыттар бойынша әлі жол жабық. Бұл мәселе облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында талқыланды.

 

Облыстық ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, аймақта 105 құтқару операциясы ұйымдастырылып 954 адамға көмек көрсетілген. Бұл жұмыстарға 229 дана техника жұмылдырылған. Жолда қалған адамдар жылыту бекеттеріне орналастырылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, қар басқан елді мекендерден емдеу мекемелеріне 21 адам жеткізілді, оның ішінде 6 жүкті әйел бар. Боран күндері республикалық жолдарда 820 көлік тұрып қалған. Оның  188-і жеңіл автокөлік, 601-і жүк көлігі және 31-і автобус.

Бүгін ауа райы тынышталып, күн ашылды. Бірақ, облыстық маңызға ие Оскаров және Ұлытау аудандарында 4 учаске, республикалық жолдарда 5 учаске жабық. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан бағытына жүруге тыйым салынған.  
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек республикалық жолдардағы жағдайға байланысты «Қазақавтожолды» сынға алды. 

Мен мердігердің әлсіз жұмысын атап өтуге мәжбүр болдым. Қысқы уақытта жолдарды қадағалауға дайындық төмен деңгейде болды, деген аймақ басшысы  автомобиль жолдарын қардан толық тазалауды талап етті.

Қар тазалау жұмыстары ерекше бақылауда. Барлық жолдар ашық болуы керек.  Қалалар мен аудандарда жақын күндері барлық қоғамдық орындарда, мектептер, ауруханалар, балабақшалар маңайынан қар тазалап, тасып шығарыңыздар. Жинау үшін қауіпсіз орындарды анықтау керек. Әкімдер, қар тазалау жағдайы бойынша әр елді мекенде жеке жауап беретін болады, деді Жеңіс Қасымбек.
Жетекшілерінің есептері бойынша, қолайсыз ауа райы жылумен қамтамасыз ету жүйесіне әсер етпеген. Облыста барлық 8 станция штаттық режимде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ауа райының қолайсыздығына байланысты 13 елді мекен электр энергиясынсыз қалды. Олардың кейбірінде электр қуаты қалпына келтірілді. Жеңіс Қасымбек кешке дейін барлық  апаттардың зардабын жоюды тапсырды. 

Басқа материалдар

Back to top button