Бас тақырып

Қарағанды облысы аграрлы аймаққа айнала ма?

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда алған қойған міндет көп. Соның бірі – ауыл шаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығында бұл басымдықтарды іске асыру үшін табиғи және адам ресурстары жеткілікті. Тек, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат мақсатты түрде жұмсалса болғаны. Осы орайда, Қарағанды облысы өнеркәсіпте де, ауыл шаруашылығында да әлеуетке ие өңір ретінде жыл сайын тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірде аталмыш саланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң беталыс сақталып отыр. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров @krgagri Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде баяндады.

– Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру аясында Үкімет 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұ­жырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-­экономикалық әлеуетін ашуға бағытталған. Онда ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту барысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-­ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жауапты міндеттерді қойды. Бұл міндеттер еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында көзделген шаралар шеңбе­рінде жүзеге асырылатын болады, – деді басқарма басшысы.

Қаңтар, ақпан, наурыз айларында ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім өндіру көлемі 45,7 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,4%-ға жетті.

Аймақта мал басын көбейту, оның ішінде асыл тұқымды мал басының үлесін арттыру мал шаруашылығы өнімдері көлемінің тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, ет өндіру көлемі – 4,2%-ға, сүт – 0,7%-ға, жұмыртқа – 20,9%-ға артқан.

Астық – елдің азық-түліктік қауіпсіздігінің негізгі компоненті болғандықтан, жыл сайын аймақта егіс алқаптарын ұлғайту қолға алынуда. Биыл егістік алқап көлемі 4%-ға артты, қосымша 43,7 мың гектарға көбейіп, жалпы аумағы 1 105,5 мың гектарға ұлғайды. Сонымен қатар, 3,9 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Егістік алқапты күтіп-баптау, минералды тыңайт­қыштар қолдану да өзекті. Бүгінде барлық егіс алқабының 42%-ын, оның ішінде өнімділігі жоғары тұқым себілген егіс алқабының 94,5%-на минералды тыңайтқыштар қолданылады деп жоспарлануда. Бүгінде 22,3 мың тонна минералдық тыңайтқыш алуға шарт жасалды. Оның 15,9 мың тоннасы жеткізілді. Сонымен қатар, ауыл шаруа­шылығы дақылдарының ауруларымен, зиянкестермен және арам шөптермен күресу үшін шаруашылық құрылымдары мердігерлермен 390 мың литрден астам пестицидтер сатып алуға шарт жасасты. Минералды тыңайтқыштар және гербицидтерді субсидиялауға қосымша бюджет есебінен тағы 3,5 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Біздің алдымызда, бірінші кезекте көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу міндеті тұр. Көктемгі егіс жұмыстарына қажетті 106,5 мың тонна дәнді дақыл және 42,0 мың тонна картоп тұқымы бар. Бұл көрсеткіш ішкі қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеді. Жақсы өнім алу үшін қажетті агротехнологиялардың сақталуы қажет. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қолдау аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 116 шаруашылық 5,5 млрд. теңге сомасына қаржыландырылды. Сонымен қоса, ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша «Азық-түлік корпорациясы Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы 2 жобаға 396,9 млн. теңге көлемінде қаражат берілді, – дейді облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров.

Көктемгі дала жұмыстарына жарамды ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары аяқталуда. Маусымдық науқанға барлығы 9,5 мыңнан астам трактор, 248 егіс кешені және 4 774 бірлік тұқым сепкіштер қатысады. Шаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында жыл басынан 1 101 млн. теңгеге 1 егіс кешені мен 53 бірлік трактор сатып алынды. Аймақ бойынша тракторлардың дайындығы 99%, сепкіштер – 100% және егіс кешендері – 100% құрайды.

Көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыруға 20,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оператор – «Retail Trade Oil» ЖШС мен жеткізуші – «ҚазМұнайГаз» ТЖС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы литріне ақпан айында – 206 теңгені, наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында – 210 теңгені құрайды. Ақпан, наурыз, сәуір айларына арналған көлем 12,0 мың тоннаға қаражат толық төленіп, бүгінде 6,0 мың тоннадан астамы жөнелтілді. Қазіргі таңда 222 шаруашылық 7844,0 тонна дизель отынын жеткізуге шарт жасады.

Аймаққа қолайлы инвестициялық жобаларды тарту өнім өндірісі көлемінің артуы мен ішкі нарықтағы азық-түлік импортқа тәуелділікті азайтуға зор ықпалын тигізеді. Осыған сай, Инвестициялық жобалардың Жол картасына сәйкес, 2022-2026 жылдар аралығында аймақтағы агроөнеркәсіп кешені саласында 3123 жаңа жұмыс орнын құрып, 141,0 млрд. теңгеге 72 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобалардың басым бөлігі мал және өсімдік шаруашылығын дамытуға арналып отыр.

Биыл 14,9 млрд. теңгеге 19 инвестиция­лық жобаны іске асырып, 168 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға жеті жоба, өсімдік шаруашылығына 11 жоба, қайта өңдеу саласына бір жоба жүзеге асырылмақ. Нақтырақ айтқанда, Шет ауданына қарасты «Шерубай Су» ЖШС-нің құны 900 млн. теңгені құрайтын 13 400 тонналық «Картоп сақтау қоймасын салу», Осакаров ауданында қарасты, «Найдоровское» ЖШС-нің құны 640 млн. теңге болатын 4 200 тонналық «Көкөніс қоймасын салу» және «Табыс Агро-Д» ЖШС-нің, құны 3,3 млрд. теңгені құрайтын 500 гектар алқапта «Суармалы жерлерді қалпына келтіру» секілді ірі жобаларды атап өтуге болады.

Бүгінде Бұқар жырау ауданында құны 1 млрд. теңге болатын 7600 тонналық картоп қоймасын салу бойынша бір жоба пайдалануға берілді.

Аймақтың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін мемлекеттік қолдау аясында биылға жоспарланған қаржы көлемі 22,2 млрд. теңгені құрады. Қомақты қаржы агроөнеркәсіп кешеніндегі салмақты салаларға бағытталды. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін 3,4 млрд. теңге бөлінді. Мал шаруа­шылығын дамытуға 276, өсімдік шаруа­шылығы саласында 177, қайта өңдеу саласына 35, техника мен аспалы жабдықтарды сатып алуға 75, ауыл шаруашылық емес бизнеске 90 шағын несие бөлу жоспарлануда. Жалпы сомасы 610 млн. теңгеге 86 кредит беруге өтінім қабылданды.

Фермерлер еңбегінің нәтижесі – өнді­рілетін өнім көлемін ұлғайту және сапасын арттыруға қол жеткізу. Бұл нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға ықпал етеді. Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19-ның 14 түрін жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өндіреді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер сауда желісіне өндірілген өнімді төмендетілген бағамен жеткізу туралы Меморандумдар жасау дұрыс жолға қойылған.

Эфир барысында басқарма басшысы алдағы жопарларымен де бөлісіп, атқарылар ауқымды жұмыстарды тілге тиек етті. Жүйелі жұмыстың нәтижесі ауыл шаруа­шылығы өнімін өндіру көлемі мен инвес­тициялық жобаларды арттыруды көздейді.

Сағыныш ӘБІЛ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button