Жаңалықтар

ҚАРАҒАНДЫ-ҚАРАҒАЙЛЫ ЖОЛЫ ҚОСЫЛДЫ

         Биылғы жүрген қызылсудан кейін Қарағанды-Қарағайлы теміржолының сәуірдің 21-нен бастап жабылып қалғаны белгілі. Облыс әкімі сол кездегі жұмыс қауырттылығына қарамастан тікұшақпен барып жағдайды көрген еді. Айналмалы жол салу туралы ұсыныс та түскен болатын. Бұл қыруар қаражатты қажет ететін ұсыныс еді. Соны ескерген теміржолшылар ақылдаса келе жолды қайтып қосуды қолға алған-ды.

1964 жылы Қарағайлы кенішінің қосылуына байланысты салынған осы жол Қарасор көлінен 200 метр қашықтықта жатқан еді. Алайда, 1984 жылдан бастап су көтеріліп, оның деңгейі бүгінде 5 метрге көтерілген.

Сол су 6 шақырым жерді алып, теміржолдың бір бөлігі су астына кеткен еді.

Сол күннен бастап теміржолшылардың асары басталған. Бұл жұмысқа алматылықтар, көкшеліктер, ақадырлықтар, қызылордалықтар, атбасарлықтар бір кісідей атсалысып, жолды қалпына келтірді.

Жексенбі, 25 маусым – ораза айт күні теміржолмен екі айғы үзілістен кейін Қарағайлы кені артылған ауыр құрама Қарағандыны бетке алды.

Оның тұсаукесеріне Қарқаралы ауданының әкімі Х.Мақсұтов, «ҚТЖ ҰК» Магистральды жүйе әкімшілігі» АҚ филиалының директоры Ж.Ізғұлов, жасанды құрылыстар және жолдар департаментінің директоры А.Баймағанбетов, магистральді жүйе Қарағанды бөлімшесінің директоры А.Майқыбеков, «ҚТЖ ҰК» Қарағанды жүк тасымалы филиалының директоры Д.Жәмиев, Ақадыр машиналандырылған жол дистанциясының директоры Н.Қосубаев және басқалары қатысты.

Төрехан МАЙБАС.

Басқа материалдар

Back to top button