Жаңалықтар

Қарқаралының Жомарты

Қасиетті Қарқаралы топырағынан небір жақсылыр мен жайсаңдар, ел қорғаған батырлар мен билер, ақын-жыраулар мен серілер, қасиетті ғұламалар шыққаны баршамызға белгілі. Өз заманында Елім деп өткен осы бабаларымызды қазіргі ұрпақ мақтана да қуана еске алып, ас беріп, ат шаптырып жатамыз. Дегенмен, әр заманның өз батыры, өз ардақтысы бар екенін де естен шығармағанымыз абзал. Осындай азамат, кеше ғана бірге жүрген, құрмет тұтқан досымыз, Қарқаралының Атымтай-Жомарты, іскер де ақ жүректі бауырымыз Жомарт Жәйілмин еді. Асыл да абзал досымыздың дүниеден өткеніне де 10 жыл толып отыр.

Жомарт Олжабекұлы 1961 жылы Қарқаралы қаласында дүниеге келді. 1978 жылы Қарқаралы қаласындағы орыс орта мектебін бітіріп, ҚарМУ-дың экономикалық факультетінің қаржы және несие бөліміне оқуға түседі. Аталған оқу орнын тәмамдаған соң, Совет Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Әскер қатарынан оралған соң қаржы саласында қызметтер атқарып, 2001 жылы Қарқаралы қаласында «Өнім» ЖШС құрылыс компаниясын құрды.

Жомартымыз өзінің еңбекке деген ынтасының, іскерлігі мен білімінің, халқына деген ілтипатының арқасында қысқа ғана ғұмырында ел құрметіне бөлене білді. Бұл жөнінде «Асыл адам айнымас» мақаласында Бану Мұқашева, «Серік еткен сенімді»  –Тілеуқабыл Байтұрсынұлы, «Өнімсізден өнім жасап кеткен Жомартымыз-ай» атты мақаласында Мәлік Серхан қалам тербетсе, Қ.Жұмашевтың «Құрметті азамат» атты кітапшасында да жан-жақты жазылған болатын.

Жомарт тірі болғанда, әлі де болса еліне, жеріне тигізер шарапаты мол еді. Бірақ, Алланың жазуына не шара?! Аллаға да жақсы адам керек демекші, Жомарттың соңынан ерген тұяғы, өзінің жолын қуып, енді ғана өркендеп келе жатқан Айбек те жан әкесінің соңынан кете барды.

Жастайынан тай-құлындай бірге өсіп-біте қайнасқан, «Өнім» компаниясын бірге құрысқан Қанат Сыздықов пен Мұрат Тышқамбаев, Ердан Искаков та бұл жалған дүниемен тым ерте қош айтысты.

Бірақ та, осы күні аудан көлемінде Жомарт бауырымыздың ізі сайрап жатыр десек артық айтқандық болмас. Жомарттың жасаған ізгі істерін тізіп жаза берсек, мақаламызға сыйғыза алмасымыз хақ. Үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға баспана тауып беріп, жұмыссыздарға жұмыс тауып беріп, қаншама азаматтарды дұрыс жолға салып тәрбиелегені баршамызға аян. Ауданымызда біршама мектеп, клуб сияқты әлеуметтік сала  ғимараттарын, жолдарды жөндеп, ғимараттар салып, талай елді мекендерге ауыз су құбырларын тартты.

Қарқаралы басындағы көне, тарихи ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары Жомарттың қолынан өтті. Әсіресе, Құнанбай қажы мешітіне жасаған еңбегі ерекше еді. Ол жасаған «Михраб» пен «Минбар» мешіт төрінде әлі де тұр.

Құнанбай қажы мешітінде бас имам болған Нұрбек қажы Жомартты еске алу сәтінде Жомарттың атқарған жұмыстары туралы тебірене сөйлеп, мешіттің киелі шаңырағы болып есептелетін күмбезін, оюларын қалпына келтіргенін, ауланы абаттандыру, ағаш егу жұмыстарын атқарғанын, мешіт ішіндегі ойып жазылған құранның аяты басқа мешіттерде жоқ екенін атап өткен болатын.

Кеңес дәуірінің құлап жатқан уақытында жекешелендіріліп кеткен Қарқаралының тарихи ғимаратын өз қаржысына сатып алып, жөндеп, Балалар кітапханасына сыйға тартқанына  да барша Қарқаралы жұртшылығы куә. Бұл ғимарат та қазіргі таңда балалар игілігіне қызмет жасауда. Ендігі жерде, осы ғимаратқа ескерткіш тақта орнату алдымызда тұрған бірден-бір міндетіміз деп білеміз.

Қазір Жомарттың артында қалған жары Сана мен балалары Қарағанды, Астана қалаларында отбасыларымен тұрып жатқан жайы бар. Жомарттың анасы Күлпираш шешеміз үлкен шаңырақта баласы Талғаттың жанында немере-шөберелерінің амандығын тілеп, солардың жақсылықтарына куә болып отыр.

Бір топ достары. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button