Бас тақырып

Қарқаралылық Әділ Мүси шағын несие алып, ІТ жобаны жүзеге асырып отыр

NEEТ-тің не екенін осы күні ежіктеп жату – артық. Десек те, елдің есіне сала кетсек. Оқу оқып, қарық қылмаған, жұмыс істеп жарытпаған, не өзіне, не өзгеге қара бақыр пайдасы жоқ жастарды әлем осылай атапты. Ал, NEET санатының «салмақ» жинауы – жеке адамға ғана емес, бүтін қоғамға кәдімгідей қауіп. Бұл жағымсыз жайтпен біз ғана емес, бүтін әлем бетпе-бет келгелі көп жыл. Сондықтан да, әр ел өз қал-қадірінше қарекет қылып жатыр. Қазақстан да қарап отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың кәсіпсіз, құр қол қусырып жүрмеуі үшін Үкімет деңгейінде біраз бағдарлама мен жобаның дайындалуына тікелей түрткі болғаны мәлім.

NEET санаты

Дүние жүзі білім мен ілімнің бәсекесіне түскенде жастарды жатыпішер масылдықтан арылтып, жағасы жайлаудағы жайбасарлықтан құтқаратын қадамдар жасалып-ақ жатыр. Оны мойындап қою – парыз. Елдің есінде болуы тиіс. Президент Жолдауында кәсіп қылғысы келген жастарға жеңілдетілген несие беруді Үкіметке тапсырған. Ол бағдарлама наурыздан бастап іске қосылды да. Бүгінде осы шағын несие арқылы бизнес бастаған жастар көбейіп келеді. Қарағанды аймағында да 2,5 пайыз несиемен кәсіпкерлікте жүрген нақты жастар бар.
Қарағанды облысында биыл дәл осындай 324 шағын несие беру көзделген. Бұл несиелерге 1,6 млрд.теңге көлемінде қаржы да қарастырылып қойылған. Бүгінгі таңда облыста 133 жас несие иеленді. Берілген қаржы көлемі 599,7 млн.теңге шамасында. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жобалар – мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда-саттық, өсімдік шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп бағытында. Шағын несие алған жастардың басым бөлігі – мал шаруашылығына ден қойыпты. Бұл бағытта несие алған жастардың ұзын саны 76 екен. Қызмет көрсету саласындағы жобаларды 41 жас іске қосатын болады. 13 жас сауда-саттықты дамытады. Жеңіл өнеркәсіпте де бағын сынап көргісі келген екі жас бар екен. Өсімдік шаруашылығына қатысты жоба да келешекте жемісін береді.

Қызмет көрсету саласы дегенде, ол тек көпке мәлім қызметтер ғана емес. Өңірдегі өндір жастың ІТ технологияға да таласы бар.

Осы күні Қарағанды көлемінде көптеген жастың түрлі компьютерлік бағдарлама жасайтын қабілет-қарымын жалпақ жұрт біле бермеуі мүмкін. Бірақ, бағамдасақ, ақпаратты технологияның жілігін шағып, майын ішетін болашақ Джобс пен Цукербергтер арамызда жүруі әбден кәдік.

Бұлайша болжам жасауымыз­ға шағын несие алып, компьютерлік бағдарламаны жіліктеп отыр­ған Әділ Мүсидің жобасы себеп.

Жақында 4 млн. 400 мың теңге шағын несие алған Әділ Мүси Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентінде тұрады. Ол командасымен бөлшек саудада есеп-қисапты жеңілдетуге мүмкіндік беретін бағдарлама жасап жатыр.

– Шағын несиені IT жобаға алдық. Бұл бағдарлама бөлшек сауданың ішкі есебін касса бойынша операцияны және қоймадағы бар тауардың қалдығын көруге мүмкіндік береді. Барлық алғашқы құжаттарды автоматты түрде жүргізеді. Әр тауар сатылған сайын заң жүзінде түгел керек алғашқы құжаттар автоматты түрде шығады.

Бағдарламаның аяқ алысы жаман емес. Кодтау үстіндеміз. Дизайн макетін құрып, алдағы маркетингтік стратегияны құрас­тыруға кірістік. Бәрі ойдағыдай болса, 2024 жылы бағдарламаны сынақтан өткіземіз.

Кәсіпкерлікпен айналысқаныма – 5 жыл. Осы 5 жылда бизнес­ке және кәсіпкерлерге арналған жеңіл әрі түсінікті бағдарлама жоқ екенін түсіндім. Көптеген кәсіпкерлер маған дүкендеріне, дәріханаларына автоматтандырылған арнайы бухгалтерлік есепті жүргізетін, яғни, сатып алғаннан кейін құжаттарды автоматты түрде дайындайтын бағдарлама сұрайды.

Иә, Қазақстан бағдарламалары бар. Бірақ, олар толық емес. Бір функциясы бар, енді бір функция­сы жоқ. Ал, біздің бағдарламада касса, қойма, бухгалтерия түгелдей бір-бірімен керекті ақпаратты автоматты түрде алмасады. Осы күнгі нарықтағы бағдарламаларда біз ұсынып отырған функциялар жоқ. Кездессе де, өте қымбат тұрады, – дейді Әділ.

Қазіргі кезде Әділ бастаған 5 бағдарламашы тың жобаға жұмылған. Алдағы уақытта, бағдарлама сатылымға шыққанда тағы да 10 шақты адамды жұмыспен қамту жоспарда.

Әділ несие алуда тиісті құзырлы ұйымдардың кеңес беріп, мемлекет қолдауын айқын сезінгенін айтады. Кәсіп етуге құлшыныс болса, кедергінің жоқтығына сенімді. Тек ынта мен ыждаһат аса қажет.

NEET санаты

Бұйырта, Әділдің бағдарламашылар тобы мұнымен тоқтамақ емес. Бағдарлары батыл. Команда ел деңгейімен шектелмейді. Әлем алдында төл бағдарламаларының бағын сынағысы келеді.

– Бағдарламаны әлемдік деңгейге дейін жеткізу жоспарда бар. Оның барлығы тынымсыз еңбек пен біраз уақытты талап етеді. Бизнес саласында кең тараған бағдарламалардың тәжірибесіне сүйене отырып, қазақстандық бизнеске керекті құралдардың бағдарламасын ұсыну ойымызда, – дейді Әділ.

Әділ – 22 жаста. Қарқаралы ауданы Аққора ауылында дүниеге келген. Қарағайлы кентінде №16 жалпы білім беретін мектепті бітірген. Мамандығы – тау-кен инженері. Не десек те, «Ақыл – жастан, асыл – тастан» екенін заман дәлелдеп-ақ тұр.

Еске сала кетейік, 1 наурыздан кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікті шағын несие беру үшін құжаттарды қабылдау басталғаны мәлім. Шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз ісін ашу, кеңейту үшін 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың жасы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтінішпен жүгінген кезде ескеріледі.

Шағын несие мөлшері 5 млн. теңгеге дейін, ал, қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылдан (кез келген мақсатқа), 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық – 2,5 пайыз.

Шағын несие алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі. Кезең несие мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.

Кепілмен қамтамасыз ету – міндетті. Оған жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаса, кепіл берушіні тартуға рұқсат.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button