Қарқаралыда компьютерлік томография іске қосылды

Қарқаралы ауданында халық денсаулығын жақсартуға арналған игі шаралар легі толастаған емес. Соның бір дәлелі ретінде күні кеше орталық ауруханаға компьютерлік томография аппараты әкелініп, орнатылды, деп хабарлайды Ortalyq.kz

«ANATOM» атты заманауи аппараттың мүмкіндігі өте зор. Адам ағзасын әртүрлі әдіспен толықтай зерттеуден өткізетін құрылғы мұндағы дәрігерлердің жұмысын жеделдетіп қана қоймай ем-дом шараларына да оң ықпал етпек.

Бұрын томографияға түсу керек болған науқастар сабылып облыс орталығына баратын. Онда кезекке тұрып, ақысын төлеп едәуір әуре-сарсаңға түсетін. Мұндай машақат ауру адам түгілі сау адамның жүйкесін жұқартатыны белгілі. Аудан орталығында ашылған дәрігерлік қызметтің жаңа түрі халықты сондай келеңсіздіктен құтқаратыны анық. Ауруханада жатқан науқастарды есепке алмағанда жаңа құрылғымен күніне он-он бес науқасты тексеруге болады.

Компьютерлік томографияға сәулелі диагностика саласы бойынша арнайы оқу курсынан өтіп келген аурухананың байырғы маман-дәрігері Руслан Винтоняк түсіреді.

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ.

Қарқаралы ауданы