Қарқаралы

Қарқаралы – шетелдіктер назарында

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сарабдал саясатының арқасында әлем қазақтың тәуелсіздігін мойындады. Шежірелі елдің тағылымды тарихы мен тұмса табиғатына қызыға қарайтындар қатары күн санап көбейіп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің тарихи жерлерін насихаттауға ден қойылды. Осы орайда, киелі орындар картасы жасалды. Бұл бастама еліміздің рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық дамуына өзгеше серпін берді.

Жақында «Қазақстанның киелі жерлері картасына» кірген Қарқаралы өңіріне Қазақстанның Аустрия және Словениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Сарыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапар Ахметов, Қазақ географиялық қоғамының мүшесі, белгілі саяхатшы Мағжан Сағымбаев, Баден-Вюртемберг федералды аумағының Қазақстандағы Құрметті Консулы Доротея Халлер-Ляйбле, Аустрия-Қазақстан қоғамының вицепрезиденті Кристине Муттонен, Штутгарт аймағының сауда-өнеркәсіп палатасының бұрынғы атқарушы директоры Андреас Рихтер, Аустриядағы туризмді дамыту бойынша халықаралық эксперт Фердинанд Позник бастаған қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы қарсы алып, қасиетті өңірдің тарихымен таныстырды.

Алдымен қонақтар Құнанбай қажы мешітінде дұға бағыштатып, Құнанбай мен бала Абайға қойылған ескерткіш жанында естелік суретке түсті. Абай тоқтаған Бекметовтер үйіне бас сұғып, архитектуралық жобасына қызығушылық танытты. Қарқаралы өлкетану мұражайына барып, Қарқаралының арғы-бергі тарихынан сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады.

«Қарқаралы-Бәйтерек» кешенін аралап, Қарқаралы жерінен шыққан сөз бастаған шешендер мен аузы дуалы билердің, қол бастаған көсемдер мен батырлардың, өнер, мәдениет майталмандарының, Кеңес Одағы Батырларының суреттері ілінген алаңға аялдады. «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деп, туған жерін әнге қосқан ақтаңгер ақын Мәдидің ескерткішіне тәу етті. Одан кейінгі сапарларын тау басындағы Шайтанкөл көлінде жалғастырды.

Меймандар киелі мекеннің тұмса табиғатына тамсанып қана қоймай, оның бай тарихына зор қызығушылық білдірді. Әсіресе, мұражайда тұрған суреттер мен жәдігерлерге мұқият назар аударды. Ал, шетелдік қонақтарға барлық құнды жәдігерлер туралы ақпаратты Қайрат Сарыбай аударып беріп отырды.

Сағыныш ӘБІЛ

Басқа материалдар

Back to top button