АймақҚарқаралы

Қарқаралы өңірі – ұлттық құндылықтар өзегі

Қазақ даласы – ұлылар мекені, рух ордасы, өміршең идеяны ұран еткен Алаштың құтты қонысы. Топырағына тектілік дəні себілген, тау-тасы тарих тұнбасы сияқты даңқты аймақтың бірі, берекелі өңір – Сарыарқа. Сары алтындай Сарыарқаның аңызға арқау, өлең-жырға өзек болған аймағы – Қарқаралы. Осындай өңірде азаттық қозғалысының бастау алуы кездейсоқ емес. Өйткені, бұл жерде саяси, экономикалық, рухани дамудың маңыздылығын негіздей білген ірі тарихи тұлғалар өмір сүрген. Сондықтан ХХ ғасырдың басындағы Қарқаралы Алаш азаттық қозғалысының бесігі болып тарихта қала бермек. Сол азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы болып тарих сахнасына шыққан білімді қазақ зиялылары болды. Олардың негізгі мақсаты азаттық жолында күрес еді. Бұл күрес қазақ ұлты жəне оның азаттық идеясын жетілдіруге бағытталды. Азаттықтың мəнін түсінген зиялылардың көпшілігі осы Қарқаралыдағы білім орталықтарында оқып, рухани биіктікке жеткен.

Қарқаралы өңіріндегі білім ошақтарының тарихы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен тығыз байланыс ты. Қарқаралы қаласынан 25 шақырым жерде Ақтерек ауылы орналасқан. Осы жердегі мектепті бүгінгі күнге дейін ауыл халқы кие тұтып, көзінің қарашығындай қорғап, сақтап келген. Атақты ғалым Ақжан Машанидің айтуынша, осы мектепті Ахмет Байтұрсынұлы ашқан. Қазіргі кезде мектептің маңдайшасына: «Бұл үйде 1904-1908 жылдары Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынұлы ұстаздық қызмет жасаған» деген тақта орнатылыпты. 1904-1908 жылдар аралығында ұлы тұлға осы Қарқаралыдағы орыс-қазақ училищесінің оқытушысы əрі меңгерушісі болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, Қарқаралыда Алаш азаттық қозғалысының саяси көсемі, бүгінгі Тəуелсіз Қазақ мемлекетінің негізін салушы, ірі мемлекет қайраткері – Əлихан Бөкейхан да алғашқы білім алған.

ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында ресейлік отаршыл үкімет қазақ жерінің көптеген аймақтарында арнайы оқу орындарын ашты. Патша үкіметіне қызмет жасайтын жергілікті халықтың арасынан кадрлар дайындау отаршылдық саясаттың басты мақсаттарының бірі еді. Сол мақсатқа сəйкес Қарқаралыда 1905- 1912 жылдары арасында көшпелілердің арасынан қабілетті балаларды оқытуға арналған алғашқы орыс-қазақ жоғары бастауыш училище ғимараты салынған. Кейін 1912 жылдардан бастап, бұл оқу орны «Реальное училище» деп аталса, 1920 жылдардан «Педтехникум» деп өзгертілді. Бүгінгі күні бұл оқу орны Саран қаласындағы Абай атындағы жоғары гуманитарлық-техникалық колледж деп аталады…

Мақаланың толық нұсқасын газеттің 24 тамызда шыққан №94 (23 270) санынан оқи аласыздар.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
Қуаныш ТҮСІПБЕК,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушылары

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button