Қарқаралы

Қарқаралы ауданында мектеп оқушылары арасында көкпар ойыны өтті

Қарқаралы ауданы Шарықты ауылдық округінің  «Теректі» көкпар құрама командасының жетекшісі Нұргелді Ахметжанның һәм өзге де көкпаршылардың ұйымдастыруымен 2005- 2007 жылғы мектеп оқушылары арасында көкпар өтті. Ұлттық спорт жанашырларының бұл бастамасы ауыл жасөспірімдерін спортқа, оның ішінде ат спортына бейімдеуді мақсат етеді.

Осылайша екі ауыл арасында «40 жылдық» және «Шарықты» командасы жасақталып, балалар жастығына қарамастан өте тартысты ойын көрсетті. Алғашында топты бала көлденең жатқан көк серкені әп дегенде жерден іле алмай ұзақ жүрді. Десек те, жанкүйерлер қиқуы жас палуандардың жігерін жанығандай. Қос команда да ойынның алғашқы жартысының бітуіне санаулы минуттар қалғанда ширай түсті. Алғашқы төрт салымды «40 жылдық» командасының ойыншысы Секен Ақан салды. Ал, ойынның екінші кезеңінде палуандар тіпті қыза түсті. Оларға көкпар алаңының қарлы мұзы да кедергі болмады. Бағанағы қорқыныш пен жерге еңкеюге қаймығу артта қалды. Әрі-бері шауып, еті қызған аттар да бусанып, буындарына қан енді жүгіргендей. Сонымен төреші Қанағат Қуаттың белгісімен басталып кеткен ойын әп-сәтте топты тартысқа ұласа жөнелді. «Шарықты» командасының палуандары аянар емес. Команда сапындағы жас ойыншылар арасында ерекше көзге түскен қос ойыншы Серік Аршын мен Сағыныш Қабышев. Екеуі де қос-қос салымнан салып, таразы басын теңестірді. Алайда, бұдан соң қарсылас команда да аянбады. «40 жылдық» командасының ойында тек жеңіс. Ақ қар көк мұздан аттары да тасырқамай, палуандар да тайсалмай тартысуда.

Топты тартыстың салыммен аяқталары анық. Сонымен есеп 5:4, «40 жылдық» командасының еншісінде.

20 минутқа созылған ойын ақыры «40 жылдық» командасының пайдасына шешілді. Есеп 8:6. «Шарықты» командасы мүшелерінің жанарында жалын сөнер емес. Тағы бір ойын болса қайта кірісердей кейіп бар.

– Бүгінгі ойынды өткізуіміздің мақсаты – ауыл жастарын спортқа баулу. Ұлттық спорт құндылығымыз болғандықтан, құндылыққа құрметпен қарап, өз білгенімізді болашақ ұрпаққа үйрету міндетіміз. Жігіттер, жарадыңдар! Алда үлкен додада бұдан да нәтижелі ойын көрсетеді деген сенімдемін, – деп ризашылығын білдірді ұйымдастырушы Нұргелді Берікұлы.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ

Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button