Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ туғанына – 110 жыл

Қарқаралы қаласы – Алты Алаштың архиві

Арқадағы ақ кеңсенің алдында үстінде қысқа былғары күртеше, басында былғары кепка, бұтында галифе шалбар, аяғында жылтыр қара етік киген қазақ жігіті қаланың күнбатысы жағындағы Құнанбай мешітіне қадала қарап, қатып қалыпты. Бұл қазақ – Семей губревкомы берген төтенше өкілетті мандатымен Қарқаралы уезіне келген 23 жасар Мұхтар ӘУЕЗОВ болатын.

Қарқаралы – жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы ретінде қалыптасуына қатты ықпал еткен жаһандағы жалғыз қала. Егерде жас Мұхтар билік үшін күрес жолында, арпалыс ала құйын заманалар, арбасып тұрып алған кезеңде тіршілік тезіне түспесе, Семейден Қарқаралы еліне неше мәрте келмесе, өмірді өз көзімен көрмесе, жүрегімен сезбесе, әділін айтайық, жазушы Әуезовтің қазақ халқының асыл ғасырын, көркем бейнесін шынайы суреттеп шыға алуы неғайбыл еді. Ғалым Әуезовтің Абай мұрасын зерттеу ісі Мұхтардың қоғамдық іске, әлеуметтік тартысқа белсене кіріскен кезеңінен басталған. 1921 жылдың 18 маусымында Семей губревкомының отырысында, №5 хаттамасына сәйкес, советтік жұмысты жолға қою мақсатында төраға С.Садуақасов Мұстамбаевты Зайсанға, Нұрмақовты Павлодарға, Әуезовті Қарқаралыға жолдайды. (Семей Қ-72, т. 1, іс 50, бет 50.)

Төтенше уәкіл М.Әуезовтің Қарқаралы қаласына 1921 жылдың 6 шілдесінде қызмет бабымен барғандығын архив деректері растайды. Қарқаралының «Ақ кеңсе» аталған билік үйінде уездік коммунистік партия бюросы және уездік ревкомның біріккен мәжілісінде М.Әуезов уездік съезд жайында және Қазақ автономиясы туралы хабарлайды. (Алматы. Президент архиві Қ-139, т. 2, іс-18)

Әуезовтің Абайдың көркем біртұтас тұлғалық бейнесін мүсіндеп шығару ісі осы Қарқаралы сапарынан бастау алған. Дегенмен, суретші Әуезов классик дәрежесіне көтерілуі үшін күрес жолымен бірге жазушы ісіне жетік болуы, ақыл-ойы, жазу шеберлігі қажетті деңгейде өсіп-өнуі тиіс-тін. Біздің елде жазушы Мұхтар Әуезовтің кемел талант, талапты ғылыми-зерттеуші екенін анық аңғарған, көркем көрегендікпен поэзия тілімен айтып, ел-жұртқа жеткізе білген жан – Қасым Аманжолов. Мұхтар Әуезовті «ақындардың ағасы» деп сыйлаған Қасым ақын жазушының лауреаттық тойында «Мұхтар аға! Мықты аға, өзіңіздей өссем деп те ойланам» деп тұйғындай толғанғанда, шын ақынның ақыл сөзі төгілген. Қасымның Әуезовке «өзіңіздей өссем» деуі қалың қазақ баласының, сонау Абай бабасының атынан дана халық перзентіне риза көңілінен шыққан лебізі еді. Қаламгер Мұхтар Әуезовті Абай өнерін бар қырынан, жан-жақты, терең ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне толық бет бұруға мәжбүр еткен себептің бірі – өмір шындығы. 1920-1922 жылдардағы большевиктер жеңісі жас Мұхтарды саяси күресте тірі қалу үшін жаңа амал-әдіске көшуге итермелеген. «Алаш» партиясы мен «Алаш-Орда» қозғалысының белсенді мүшесі Мұхтар билік үшін күрестен амалсыз бас тартты. Мұхтар мен Смағұл Садуақасұлының сөздері: «Біз билік үшін таласпаймыз. Біз билікті қолға алу деген ұранды бірінші орынға қоймаймыз. Бәрібір оны қойғанмен қазіргі сағатта оған жібермейді. Сондықтан, күштің көбін кейінгі жастарды тәрбиелеу, соларды болашаққа даярлауға арнау. Күш жинау» бір жерден шықты. Алаш азаматтары ел билігін өз қолына алу мүмкін емес екенін анық ұқты. Советтік империяның большевиктері де, олармен айқасқан ақтар да қазаққа егеменді ел, Тәуелсіз мемлекет мәртебесін беруді ешқашан қаламағанына Алаштықтардың көзі әбден жетті. «Автономиялық дербестік берілмек» деудің өзі көзбояушылық екенін түсінді. Қазақ жері Совет империясына экономикалық, қаржылық тұрғыдан толық бағынышты, тәуелділікке көшуі тиіс еді, кейін солай болып шықты, қазақтың барлық құқығы шектелді, шегенделді. Большевиктер 05.01.1920 жылы Ақтөбеде өткен коммунистердің конференциясында Қазақ өңірінде жалғыз саяси басқарушы және үйретушілер болатынын бірден мәлім еткен. (Президент архиві. Қ.140 т.1 іс 1.) Бұл уақытта Мұхтар Әуезов Семейде орныққан Омбыдағы Сібір ревкомының Семейлік облыстық ревкомындағы басқарманың «бұратана» бөлімінің басшысы қызметін атқаратын. Семейдің азаматтық өмірінде сол уақытта ерекше жағдай қалыптасып қалған еді. Ресейдің үкіметі 1919 жылдың 10 шілдесінде Қазақ елінде автономиялық құрылым жарияланатын мерзімге дейін қазақ жерін басқарушы ретінде өлкелік революциялық комитет құрып, оның қарауына Семей облысын да кіргізген болатын. Алайда, іс жүзінде Семей облысы 1918 жылдың қарашасынан 1919 жылдың желтоқсанына дейін «Ақтар қозғалысын» басқарған адмирал Колчактың үкіметінің қарауында болды. 1919 жылдың желтоқсанында Семей қаласы мен бүкіл облысты қызыл әскер мен қызыл партизандар Колчактан азат еткенде Омбыда орналасқан Сібірлік революциялық комитеті Семей облысын толық басып алды да, 1922 жылға дейін облысты өзі билеп-төстеді. Сібір ревкомы бар уезге Кирревкомның қаулы-қарарын бұлардың санкциясымен ғана орындауға бұйрық беріп, Орынбордағы билік орталығын басынып, өз дегенін өткізіп бақты. 1919 жылдың 17 тамызында құрылған Сібірревкомының басқаруына біздің Семей, Ақмола облыстарымен қоса Ресейдің Николаевск, Омск, Алтай, Томск, Енисейск, Иркутск губерниялары көшкен. Большевиктер құрған «революциялық комитет» дегеніміз – төңкеріс комитеті. Жоғарғы биліктің жер-жердегі жүгенсіздерді жөнге салмақ аппараты. Уақыт та, іс те тығыз болғандықтан оның құрамын ВКП(б) шет жердің адамдарынан белгілемек. Аппарат ұғымы туралы бұзық большевиктердің бір басшысы Троцкий 1921 жылғы РКП(б)-ның X-шы съезінде мынадай анықтама берген: «Біздің партия – жалғыз партия. Сол себепті ол – саяси аппарат боп табылады». Троцкийдің тұсында партия саяси аппарат саналса, Сталиннің Советтік елінде партия – айыптаушы аппаратқа айналды. Сөйтіп, аппарат армиясы атына заты сай болып шыға келді. Қолданыста жүрген «apparatus» зат есімі «ap-park criminal in aliquem» – латындардың империясындағы «біреуге қарсы айыптау деректерін жинау» деген ұғымынан тарайды. Архив деректері М.Әуезовке қарсы советтік империя аппаратының айыптау деректерін жинау ісі 1921 жылдың күзінен басталғанын дәлелдейді. Архивтегі құжаттарды зерделесек, М.Әуезовтің Қарқаралыға бірден шыға қоймағанын аңдаймыз. Семейдің губревкомының №7 хаттамасына сай, 1921 жылы 27 маусым күнгі отырысына М.Әуезов те қатысыпты. Осы күнгі мәжілісте Қарқаралыдан тақау арада оралған Мәннан Тұрғанбаевтың уездегі жағдай туралы баяндамасы тыңдалады. Тұрғанбаевтан Қар­қаралықтар губревкомнан қызметтеріне бағыт-бағдар көрсететін өкіл жіберілуін сұраған. Қарқаралыға М.Әуезов баратынын естіген Тұрғанбаев өкіл мәселесінің шешіліп қойғанына ризашылығын білдіреді. М.Әуезовтің Қарқаралы жаққа кештеу шығуының бір себебі, сірә губревкомның Ванюков екеуіне берілген тапсырмасында болар. Азамат соғысы кезінде қазақтан шыққан оқыған қара таяқтар қуғын-сүргіннен қорғанып, ел ішіне еніп кетіп, қалаға жоламай қойған. Қай саяси режимге болмасын кеңсе жұмысын білетін, іс қағазын дұрыс жолға қоя алатын маман керек болғандықтан, совет үкіметі де ескі режимдік қазақ интеллигенциясының Семейге қызметке келуін қалағандықтан оларға бас бостандығына кепілдік беретіндігі жайлы бұйрық шығару қажет деп санаған. Сол себепті, 18 маусымда Әуезовке Семейде қамауға алынған қазақтардың істерін тексеру тапсырылған. Сол тапсырманы орындамақ болып Әуезов Қарқаралыға бірден аттанбай Семейде бөгеліп қалған сыңайлы. Қазақ интеллигенциясының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін Қарқаралыдан оралған М.Тұрғанбаев та губревкомның алдына қойған еді. Негізінде, М.Тұрғанбаев Қарқаралыға уездің жалпы саяси-әлеуметтік жағдайын біліп қайтуға жіберілген. Арнайы уәкіл жұмсаудың мақсаты – Қарқаралыда 1921 жылдың сәуір айының 6-13 күндері орын алған қанды қырғын, оғаш оқиғаның себеп-салдарын анықтау. Өйткені, Қарқаралының қазақтары ақтардың жақтасы болды деген қауесет, өсек тарап жатты, ресми хат та жазылды. Жаяу өсек, жөнсіз жала келе-келе қазақтарды ресми түрде айыптауға таптырмайтын сылтауға айналуы ғажап емес-тін. Оқиғаның анық-қанығын анықтау үшін Қарқаралыға Мәннан Тұрғанбаев барып, Семей билігі атынан тергеу жүргізе келе қазақтар туралы жағымсыз пікірдің жалған екенін, ондай бұралқы сөздің пайда болуының себебін іздеп, анықтағанын ревком отырысында баян етеді. Қазақтар Қарулы Күштен қорыққандықтан ақ әскері болсын, қызыл гвардиясы болсын қай отряд келсе де, оларды құшақ жая қарсы алуға мәжбүр болған. Шайқастарда қызылдар ақтарды «қазақтар» деп қабылдап, талай рет қапыда қалып жүрген. Өйткені, ақтар жол бойы көзге түспес үшін қазақтардан тартып алынған сыртқы киімдерді киіп, түстерін ауыстырып алған. Бөгде сырт киімді пайдаланып, қызыл комиссарларды алдап-соғып, қырып салған. Коммунистер өздерінің саяси дәрменсіздіктерін бүркеме­леу мақсатында қазақтарды «ақтардың астыртын дем берушісі» деген жалған сөз шығарыпты. Анығында, Қарқаралы қазақтарын тонау ісі осыдан 5-6 ғасырлар бұрын зеңбірегі соңынан ілесе келетін зерттеушілерден басталған. Қазақты отарлау, қанау ісін 1822 жылы ақ патша қамал-қорған соғып жалғастырса, 1920-1922 жылы орыс революциясы қазақтың малын да, жанын да құртарлық іс қылды. Қазіргі таңда жарыққа шыққан деректер М.Тұрғанбаевтың анықтағаны шындық екендігін растайды. Қарқаралыда тұрған гарнизон басшылары, уезд ревкомы, партбюросы әскери қарауыл мен барлау, бақылау қызметінде өрескел қателік жіберіп, өз іштеріндегі дұшпан көзін көрмей, жауды қалаға өткізіп алған. 1600 қарулы қол қалаға сау етіп, 58 коммунисті атып-асқан, 5 коммунист ақтармен кеткен. Міне, партия және совет мекемелерінің қызметкерлерін ұстап берушілер осы 5-уі (Президент архиві, Қ-139, т.- 4, іс-19).

Губревкомға М.Тұрғанбаев «уездегі жұмыс бір қалыпқа түсіп келе жатыр, егерде қырда бой тасалап жүрген қазақ интеллигенттерін қызметке тартсақ іс алға басар еді. Алайда, қалаға келген бір қазақ интеллигентінің қамауға алынуы, қалғандарының оралуына бөгет болып тұр. Қазір қазақ интеллигенттерін мобилизациялау ісімен айналысатын уақыт», – депті (Семей Қ-72, т. 1, іс-50, бет-103).

Қазақ оқығандарын совет үкіметінің қызметіне араласуына шақыру 1920 жылдан келе жатқан іс еді. М.Әуезов 1920 жылдың 5 ақпанында тап осындай үндеу-хат «Қазақ тілі» газетінде жариялаған. Большевиктердің бет алысын байқаған қазақтың қара таяқтары қалаға, үкімет жұмысына араласуға асыға қоймады. Азаматтық соғыс әлі аяқтала қоймаған, қоғамдық өмір бір арнаға түсе қоймаған кезде қазақтың оқығандарының көбісі биліктің өзінен де қорқып тайсақтайтын. Қорқатын жөні де бар екенін 1920 жылдың 13 қыркүйегінде М.Әуезовті қамауға алу туралы Семей губревкомының басқару бөлімінің басшысының №196 бұйрығынан анық көруге болар. Әуезовті қамауға алуды Семейдің губревкомы ұсыныпты, қазақтарды мобилизациялауға қажетті іс-шараларды толыққанды атқармағаны үшін деп. Сірә, бұған себеп Мұхтар Әуезовтің 1920 жылы тамыз айында Абайдың немересі Кәмиләға үйлену тойынан қызметке кешігіп жеткендігі болар. Билікке «мобилизация ісі» құр сылтау, Мұхтарды қамауға алу себебі «оның Ойқұдықта өткен үйлену тойына Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов пен әнші Ә.Қашаубаевтың қатысқаны», – деп дерек беріпті Жақсылық Төленов. Бұл Жақсылық деген кісі 1920 жылдың маусымынан бастап Абай, Шәкәрім елінде халық соты болып қызмет еткен кезде Кәмиләнің басына бостандық алып беріп Мұхтарға тұрмысқа шығуына жол ашқан кісі. Жақсылық пен Мұхтар 1921 жылы Қарқаралыда кездеседі. Оған себепші болған басында біз сөз еткен «Қарқаралы қырғыны» оқиғасы еді.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button