Арқаның арда туған азаматы
Бастау
Жақында Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Жаңа Майқұдық» Мәдениет үйінде өткен шараға қатысудың сәті түсе кеткені. Мәдениет ошағының кең дәлізіне өңір мәдениетінің тарихынан сыр шертер ескі фотолар көрмесі қойылған екен. Сол көрмені тамашалап жүріп, екі-үш ақсақалдың өзара әңгімесіне назарым ауа қалсын. Кәсіби дағды ғой, ақсақалдарға жақындау барып, құлақ түрдім.
Ортасындағы жастауы:
– Мына Мәдениет үйіне көптен бері келмеген едім. Жақсы болып қалыпты. Жөндеу жұмыстары да сапалы жасалған екен, – деді. Екіншісі іліп алып:
– Е-ее, бұл ана бір жылдары қаңырап қалған ғимарат еді ғой. Есігіне қара құлып салынып, «өтпелі кезеңнің» бар ауыртпалығын жалғыз өзі көтергендей, бүгінгідей ән әуелемек былай тұрсын, жан баласы «үстіме бірдеңесі құлап кете ме» деп, айналып өтетін қауіпті нысанға айналғанын да көргенбіз. Қателеспесем, сол жылдары осы сарай бұзылады дегенді де естіп қалатынбыз. Мың болғыр Сәрсенбаев осы Октябрь ауданының әкімі болған жылдары осы руханият ордасының тамырына қан жүргізіп, жарығын, жылуын қалпына келтіргені есімде. Сол Дәулет Сәрсенбаевтың арқасында жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, аман қалған ғимарат қой бұл, – деді.
Әңгімеге үшінші ақсақал қосылды. Ол:
– Иә, сол жылдары билікте «жоқтан бар жасап», барды ұқсата білетін мықты жігіттер тізгін ұстады ғой. Жалғыз мына Мәдениет үйі емес, бүкіл қала жарықсыз, жылусыз қалып, балконға от жағып, қазан көтерген кездеріміз болғанын қалай ұмытайық?
…Ақсақалдардың әңгімесіне араласқым келді. Өйткені, олар әңгімелеп тұрған Дәулет Маматайұлы Сәрсенбаев менің болашақ кейіпкерім еді. Кейіпкер болмысын кемелдендіре ашу үшін ең қажетті дүние – осындай естелік. Өкінішке орай, көзкөргендермен сұхбат құрудың сәті түспеді. Ұйымдастырушы тарап өкілінің «Залға кіріңіздер! Бастаймыз» деген даусы естілді де, Дәулет аға дәуірінің куәгерлері залға беттеді.
– Әттеген-ай! – деп, мен де залға ұмтылдым.
Сондағы Дәулет Сәрсенбаев кім дейсіздер ме? Тарих табалдырығын аттағалы тұрған 2025 жылдың 3 қаңтарында мерейлі 70 жасқа толатын мемлекеттік қызмет ардагері, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы, абзал аға, асыл азамат, қайраткер тұлға! Ғалым. Азамат. Қарағандының патриоты. Жаңаарқаның жампозы.
Қас-қағым сәтке созылған ақсақалдар әңгімесінен мен де ой түйдім. Өткенге көз жүгірттім. Сонау 90-жылдардың соңы, 2000 жылдардың басында, яғни, ғасыр тоғысында облыс орталығы Қарағанды қаласында күрделі ахуал қалыптасып, кеншілер астанасының тұрмыс-тіршілігі тығырыққа тірелгенін ешкім ұмытқан жоқ. Әсіресе, коммуналдық саланың халі мүшкіл болған еді. Айлап жалақы, зейнетақы алмаған, ақшаның мөрін ұмытуға айналған қарапайым тұрғындардың да тұрмысы тұралап тұрған. Сол жылдар еске түскенде «Жезқазғанды Қарағандыға қоспағанда, «Қазақмыстың» қаржысы болмағанда…», – деп сөз сабақтай жөнелетініміз де жасырын емес. Иә, оның да септігі болған шығар. Алайда, Арқа төсіндегі апайтөс қаланы тығырықтан шығарып, құлдыраудан аман алып қалған сол уақытта іс басында болған азаматтардың қажыры мен қабілеті екенін де ұмытпауымыз керек. Олар Қарағандының нағыз патриоттары еді! Солардың бірі – Дәулет Маматайұлы Сәрсенбаев.
Құлақкүй
Сыр-толғау жазу да – күй шертумен бірдей дүние. Құлақкүйін келтіріп, пернелерін дөп басып, шанақтан төгілген күмбір күйге мән бермесең, шығарманың шырайы кіре қоймайды. Кейіпкеріңнің келбеті құлақкүйге байланысты.
Сонымен…
Ұлылардың мекені, алыптардың алтын бесігі Жаңаарқада туу да – бақыт. Абылайдың «Семіз биі» атанған Байдалы биден Алаштың абызы Ақселеуге дейінгі жылнамада небір жампоздар мен жайсаңдардың атамекені болған Жаңаарқа топырағынан тектіліктің тамыры үзілген жоқ. Сұңқар Сәкеннен бастап, бүгінгі қазақ өнерінің жарық жұлдыздары Қайрат пен Қорабайға дейінгі тұлғаларды тізімдей берсек, тізгініміз босаңсып, кейіпкер болмысынан жырақ кетіп қалармыз…
Дәулет аға туралы жазбамызда Ақселеудің есімі ғана кейіпкер есімімен қатар аталуы мүмкін. Өйткені, Дәулет Маматайұлы – Ақаңның бауыры, ең жақыны. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның кеден саласында ұзақ жыл басшылық қызмет атқарып, Қарағанды қаласының, Қарағанды облысының әкімі болып, ел игілігіне еңселі еңбек сіңірген Бауыржан Әбдішев – Дәулет ағаның туған бауыры. Олай болса, қатардағы шенеуніктің барлығында бола бермейтін рух асқақтығы, ұлт тарихына, қазақы құндылыққа, Отанға деген ыстық махаббаттың Дәулет ағаның жүрегіне құндақталу себебін тегінен іздей беріңіз.
Дәулет Маматайұлы 1955 жылы 3 қаңтарда жазиралы Жаңаарқада туған. Әкесі Маматай 1938 жылы Петропавлдағы теміржол техникумын бітіріп, Омск теміржол институтына түседі. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады да, бірге оқып жүрген 3-4 жігіт бірігіп әскери комиссариатқа барып майданға сұранады. Құжаттарын мұқият қараған әскери комиссариат оларға «Қазір жағдайдың күрделенуіне байланысты майдан шебіндегі барлық зауыт-фабрикалар тылға, яғни, Орал өңірі мен Сібір аймағына көшіріледі. Тіпті, Азияға, Қазақстанға қоныстанатын өндіріс орындары болуы мүмкін. Сондықтан, өндіріске теміржолшылар қажет болады. Біз сендерді арнайы броньмен алып қаламыз. Тылдағы өндірісте жұмыс істейтін боласыңдар» деп, майданға жібермейді. Ресейдің Пенза облысы маңындағы теміржол желісінде жұмыс істеген Маматай Сәрсенбайұлы соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де осы салада абыройлы қызмет атқарды. Ұзақ жыл Жаңаарқа жол дистанциясында жол қауіпсіздігін бақылаушы болып істеді.
Аудан аумағында абыройы биік, ел арасында өте сыйлы болған әкесі Маматай марқұм анасы Қамар апай Дәулет ағаның білім алып, спортпен шұғылдануына ерекше көңіл бөлді. Жаратылысы зерек, ізденімпаз бала Дәулеттің өзі де ортасының көшбасшысына айналып келе жатқан. Әсіресе, спортқа деген қызығушылығы керемет еді. Тура Дәукеңнің жасөспірім шағында аудан орталығында «Жас сұңқар» спорт мектебі ашылады. Кейіннен ағайынды Байшолақовтардың әлемді дүр сілкіндірген даңқымен қазақ күресі мен самбо бағытына басымдық бергені болмаса, алғаш ашылған «Жас сұңқарда» спорттың барлық түрінен секциялар жұмыс істейтін. Дүйсенбай Бөкенаев, Диханбай Биткөзов, Ғазым Жарылғапов сынды спорт саңлақтары басшылық жасады.
Бұл кезде Дәулет аға өз бастамасымен мектеп оқушыларынан команда жасақтап, кейін аудан бойынша барлық еңбек ұжымдарының командалары қатысқан спартакиадада оның командасы чемпион атанды. Ол кезде аудан намысын абыроймен қорғап жүрген теміржолшылардың «Локоматив» командасы болатын. Ақтық кездесуде осы команданы айқын басымдылықпен жеңген оқушылар командасы Жаңаарқа футболының аңызына айналып шыға келді. Футболға деген ықылас-ынта, асқан шеберлігімен көзге түскен Дәулет аға 8 сыныптан бастап аудан құрамасының сапында ойнап, Тараз қаласында, Алматы облысында өткен Қазақстан біріншіліктеріне қатысты.
Осындай жеңісті жолдары қанаттандырған қаршадай бала спортқа шын ықыласымен ден қойды. Жалғыз футбол емес, бұқаралық спорттың бірнеше түрімен айналысты. Мектеп, аудан өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып жүрді. Мектепті үздік бітіргенімен, сол 1972 жылы әкесі науқастанып, оқуға бара алмады. Сөйтіп, екі жыл Н.Крупская атындағы орта мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Дипломсыз мұғалім болуына оның спорттағы жетістіктері, қоғамдық белсенділігі сеп болды. Партия қатарына да қабылданды. 1974 жылы Қарағанды педагогикалық институтының дене тәрбиесі және спорт факультетіне түскен жас коммунистің дәуірлеу жолы осы студенттік шағынан басталды. Төрт жыл бойы жатақханада студенттер кеңесінің төрағасы, құрылыс отрядының командирі, институттың партком мүшесі болды. Диплом алғаннан кейін кафедраға оқытушы болып қалу жөніндегі ұсыныстан бас тартып, аты аңызға айналған бапкер Ғалым Жарылғапов басқаратын Қарағанды спорт техникумында ұстаздық қызмет атқарды.
Бұл жылдар болашақтағы абырой асуларының алғашқы баспалдақтары еді…
Пернебасар
Ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі қабысқан жігерлі жас басқарған құрылысшылар отряды іргедегі «Қазақстан» совхозы мен «Ертіс-Қарағанды» каналының құрылысына қатысты.
Өмір соқпағындағы тағдыр күйінің пернесін дөп басқан Дәулет Сәрсенбаевтың дәуірлеу кезеңі де осы құрылыстан басталған. Бұл кезде отау құрған. Үміт жеңгеміздің аяғы ауыр. Бүгін-ертең деп, отбасы қуанышын күтіп жүрген болашақ әке жұбайының жағдайын білмекке бір күні «Қазақстан» совхозынан қалаға кетеді. Сол күнгі құрылыс басында болған келеңсіз жағдай Дәулет ағаның келешегіне керемет ықпал еткенін айтқалы отырмыз.
Күн ыстық. Қызыл құмға жұмыртқа пісіруге болатындай шыжып тұр. Командир Сәрсенбаев қалаға кеткен. Құрылыс басына «Ертіс-Қарағанды» каналының бас басқарушысы Леонид Константинович Полежаев келеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қорғаныш бас киімді (каска) де, арнайы құрылысшылар киімін де шешіп тастап, жұмысқа құлшына кіріскен жастарды Полежаевтың тосын үні кідіртеді. Ол бас-көз жоқ «Неге еңбек қауіпсіздігі ережесін сақтамайсыңдар? Мынау не сұмдық?» деп дүрсе қоя береді ғой. Күннің ыстығынан әбден титықтаған, оның каналдың бас басқарушысы екенінен де бейхабар жастардың бірі дөрекілік танытып, боқтап жібереді. Сол күні қаладағы командирге хабар жетеді. Ол түнделетіп құрылыс нысанына келіп, жігіттерден мән-жайды біледі де, таңертеңгі уақытқа облыстық комсомол комитетіне болған оқиғаға қатысты түсінік беруге шақырып жатқандықтан, кері қайтады. Ертесіне облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы марқұм Қайролла Қабжановтың алдынан табылады. Барлық жағдайды түсіндіріп, жастардың кінәсіздігін дәлелдермен нақтылап, байсалды түрде түсінік берген жас жігіттің құрылысшыларға араша түскен табандылығы мен коммунист ретіндегі ұстанымы бірінші хатшыға ұнап қалады. Көп ұзамай облыстық комсомол комитетіне нұсқаушылыққа шақырылады.
Комсомолдан басталған өнегелі өмірдің қансонары тек ізденіс, тиянақтылық, өрлеу, даму жолы болып жалғаса береді. Облыс орталығындағы Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Совет аудандық Халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Совет аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қарағанды қалалық халық депутаттары атқару Кеңесі төрағасының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша қаржылық бақылау басқармасының басшысы, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары, Әлихан Бөкейхан ауданының (бұрынғы Октябрь ауданы) әкімі, қайтадан – 2005 жылы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары. Қазақстан ЛКСМ ОҚ XV съезінің, Қазақстан Компартиясының XVII съезінің делегаты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан инженерлік академиясының академигі (2001 ж.). Осал лауазым, оңай абырой емес.
Осынша жол, асқаралы асуды абыроймен бағындырды.
…Дәулет аға екеуміз жақын араласып, ұзақ әңгімелесеміз. Аға шерткен сырда айтылмайтын да, жариялауға болмайтын көп құпия бар. Әсіресе, жазықсыз жапа шегіп, жалған жаланың құрбаны болған сәттерін, біз жазбасақ та біледі осы жұрт. Бірақ, ақиқат айтылмай қалмайды. Оны да сабырмен күткен абзал болар.
Тоғыз перненің толғауы
Дәулет ағаны 18 жасында коммунист болып, партиялық жүйенің қазанында піскен шікірейген шенеунік екен деп қалсаңыз, шатасасыз. Ол – ұлттық өнердің жанашыры. Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып жүрген кезінде, нақтысын айтсақ, 2001 жылы қазақтың Тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 10 жыл толуына орай республикалық ақындар айтысын ұйымдастырған да осы Дәулет Сәрсенбаев екенін ұмытпауымыз керек. Ақсүйек өнердің абызы Жүрсін Ерманға ұсыныс жасап, Ақселеу Сейдімбекпен ақылдаса отырып, қазылыққа қазақтың біртуар қаламгерлері Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Сәкен Жүнісовтерді шақырып, барша Арқа жұртының атынан оларға керемет құрмет көрсеткен де – осы Дәукең!
«Шахтер» стадионының бүтін орындығы қалмай, салынғалы жөндеу көрмеген спорт нысанын қайта жаңғырту барысында штабты басқарып, іскерлік танытқан да – осы Дәулет аға!
Облыс орталығына кіреберістегі Архитектурная көшесіндегі көпірді қалыпқа келтіріп, абаттандыру ісінде сол кездегі аудан әкімі Дәулет Сәрсенбаевтың қолтаңбасы бар.
Қаланың Оңтүстік-Шығыс аумағындағы жолдарды кеңейту жобасында да негізгі жұмыс тобына жетекшілік еткенін ешкім ұмыта қойған жоқ.
2003 жылы болу керек, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жылу- электр орталығында оқыс апатты жағдай орын алып, қаланың Майқұдық, Пришахтинск, Сұрыптау аудандары жылусыз, жарықсыз қала жаздаған. Сол апаттың салдарын үш тәулік ішінде қалпына келтірген штабты да аудан әкімі Дәулет Сәрсенбаев басқарыпты.
«Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің сол кездегі басшысы Григорий Презентпен келісім жасап, компанияның демеушілігімен Түсіп Күзембаев көшесіне жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, көше бойына даңқты кеншінің мүсінін қойғызғаны өңір тарихына өшпестей болып жазылды.
Бала күнінен бойында бұлқынған футболға деген құштарлық лауазымды қызметте жүрген кезінде де бәсеңдеген жоқ. Алаң жағалап, ала доп қуаламаса да, 2001 жылы қала әкімінің орынбасары болып жүрген кезінде шағын футболдан республика біріншілігін ұйымдастырып, Арқа төсін дүбірге бөлеген спорт мерекесіне қазақ футболының аты аңызға айналған жұлдыздары Тимур Сегізбаев, Сеильда Байшаков, Анатолий Ионкинді шақырғанын футбол жанкүйерлері ұмытқан жоқ. Одан кейін Қазақстан Республикасы Парламент депутаттары мен облыс әкімдігі командалары арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырғаны тағы бар.
Бір мандатқа 16 үміткер тіркелген 2004 жылғы Парламент сайлауындағы саяси бәсеке кезінде де түпкі нәтижеге ешқандай ың-шыңсыз, әділеттің жолымен қол жеткізуге де өлшеусіз үлесін қосты.
Сонымен қатар, Дәулет аға – Мәскеудің экономиканы басқару академиясында (қазіргі РФ Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы) білім алып, сол академия қабырғасында кандидаттық, докторлық диссертация қорғаған аз қазақтың бірі. Іргелі оқу орнының ректоры, академик Алексей Емельяновтың өзі қазақ ғалымының терең білім, берен болмысын мойындап, академияға оқытушылыққа қалуын өтінген екен. Қазақстанды жер жұмағына айырбастамайтын, Қарағандыны сүйетін Дәулет аға зор мүмкіндіктен бас тартқан. Бұған дейін де Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жауапты қызметке шақырылған. Онда да келісім бермепті.
Ол – Қарағандының патриоты!
Бүгінде зайыбы Үміт апай екеуі үш ұл, төрт немере тәрбиелеп өсіріп, ұрпақ қызығына кенеліп отыр. Үміт апай – КСРО Сауда саласының үздігі.
Барша қарағандылықтар әр ісін, әрбір жобасын ерекше құрметпен еске алып, бүгінгі күнге дейін тілеуін тілеп отырған бір азамат болса, ол да – Дәулет Сәрсенбаев!
Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz