Руханият

Арқаның Айгүл ақыны

Айгүл Түсіпбекова!

Бұл есім Арқаның өнерсүйген қауымына өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында, тоқсаныншы жылдарының басында жақсы таныс еді. Қолына үкілі домбырасын ұстап, үстіне оқалы кәмшат көйлегін киген Айгүл ақын толған айдай толықсып, сахна төріне жарқ етіп шыға келгенде, залда отырған қауымның делебесі қозып, қиқулап кететін.

Алаш арыстарының атамекені Ақтоғай ауданының текті топырағында дүниеге келген, құнарлы өлкеден тамаша тәлім-тәрбие алған Айгүл ару Мұхаңша айтар болсам, «қазақ даласының тасада өскен бір гүлі» еді!

Мектептен кейін Айгүл қыз арман қуып, жұмақ қала Алматыға барды. Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсті. Сабағын оқи жүріп, өнер десе ішкен асын жерге қоятын сұлу қыз cол институттың «Айгүл» халық ансамблінің белді де беделді бір мүшесі болды.

Бірінен-бірі өтетін сұлу қыздар бозбалалардың жүрегіне шоқ салып, өнерсүйген қауымды әйбат әндерімен, әсем билерімен қарық қылып, көпшілік қауымның көзайымына айналды. Еліміздің талай қалаларында өнер сапарымен болды. Тіпті, шетелге гастрольге шығып, қазақ өнерінің даңқын аспандатып қайтты.

Өз басым Айгүлді сол өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңынан бастап жақсы таныдым.

Газет редакциясында қызмет атқаратын кезім еді. Облыс аумағында өтетін дүбірлі өнер кештерін құр жібермейміз. Сондай шаралардың бірінде Айгүл теміртаулық дәрігер Қасым Ботановпен айтысқа шықты. Қасым ағамыз сол кезде медицина саласында жүрсе де, өнерге оң бүйірін беріп тұратын сері азамат болды.

Айгүл мен Қаскеңнің сол айтысы көрермен қауымның ыстық ықыласына ие болды. Ел үлкен құрмет көрсетіп, екеуін біразға дейін сахнадан жібермей қойды. Жылдар бойы айта жүретіндей жарасымды айтыс болып шықты!

Амал нешік, Айгүл ақынның айтыстағы өмірбаяны қамшының сабындай ғана қысқа болды. Бір жағынан, етегіне оралған сәбиі бар тұрмыстағы келіншек еді.

Екінші жағынан, сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта кезіне қарай елдегі жағдай өте ауырлап кеткен. Жұмыс жоқ, үй суық, адамдардың қабағы қату. Жалақы айлап берілмейтін. Жаппай қысқартулар кезеңі басталған. Мұндай кезде сахнаға шықпақ түгілі, тамақ асырап, жан сақтаудың өзі үлкен уайым еді.

Осындай жағдайларға байланысты Айгүл ақын нағыз дер шағында ақ тұлпарын қаңтарып, айтыспен хош айтысты. Отбасына оралды. Мемлекеттік қызмет саласындағы болмашы жұмысын, жарытымсыз жалақысын қанағат етті. Дара дарынның бойындағы өнері осылай іште тұншығып қалды.

Айгүл ақын бүгінде – асыл жар, аяулы ана, ардақты әже. Қарағанды қаласында тұрады.

Бірер жылдан бері Айгүл ақынның екінші тынысы ашылды. Ол «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы өзінің мөлдір өлеңдерін, ой-пікірлерін жиі жариялап жүреді.

Еліміздің өнері мен мәдениеті саласына қосқан үлкен үлесі лайықты бағаланып, былтыр Айгүл Түсіпбекова «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды.

Арқаның Айгүл ақынының халқына айтар жыры да, сыры да баршылық.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ҚАРАҒАНДЫ

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button