Арқадағы ән-күй ұясы
Ән шалқып, әуен жүзген ұясында,
Ұлтымның ұлы сарын күйі осында…
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің құрылғанына биыл 80 жыл екен. Қарағандының ғана емес, Арқа ән-күй өнерінің ажарындай бұл өнер ұжымы. Қазір қазақ музыка өнерінің атын шығарып жүрген қарағандылық таланттардың көбі осында. Жекелеген әнші, күйшілерін айтпағанда, 8 өнер ұжымынан тұратын 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Цирк ғимараты мен “Шалқыма” концерт залына қатар қонып отыр.
Концерттік бірлестікті атаулы мерейтойы қарсаңында М.Әуезов атындағы қалалық орталық кітапхананың өлкетану бөлімі кездесуге шақырып, оқырман жастармен тамаша кеш ұйымдастырды. «Арқа әуенін асқақтатқан» тақырыбындағы шара бейнесалон форматында өтті. Ән айтылды, күй тартылды. Концерттік бірлестіктің өткен тарихы мен қазіргі құрамы туралы бейнепрезентация көрсетілді жастарға. Ұлтты рухани тәрбиеге үндейтін үлкен ұжымның арғы-бергі тарихы қаузалды. Өнер орталығының 80 жылдық тарихы еліміздің дамуымен, рухани жаңаруымен байланысты екені айтпаса да белгілі. Ендеше, осындағы оқырман қауымға өнер жолын насихаттау, әлемдік және ұлттық музыка мәдениетінің озық үлгілерімен таныстыру, жас ұрпақ жанын халықтық өнермен байыту да – рухани жаңғырудың өзегі деп білеміз. Іс-шараға Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік басшысының орынбасары Ғ.Ажмағанбетов және өнер ұжымының басқа да өкілдері қатысты. Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің студенттерін бастап келген оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Н.Алпысбаева, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі А.Сағатова, Инновациялық технологиялар колледжінің директоры Н.Смағұлова, Бұқар жырау ауданы, Ботақара өнер мектебінің директоры Е.Ермұхамбетов, тағы басқалары бар еді. Аталған кітапхананың өлкетану бөлімінің меңгерушісі Г.Жылтыбаева концерттік бірлестікке еңбегі сіңген өнер иелерімен таныстырып өтті. Концерттік бірлестік басшысының орынбасары Ғ.Ажмағанбетов орталықтың тыныс-тіршілігі жайлы әңгімеледі. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері А.Тілек пен Е.Қизатов халық әні «Жиырма бес» пен Ақанның «Сырымбетін» орындады.
Жәнібек ӘЛИМАН