Руханият

«Қарға» әңгімесіндегі обал-сауап

Обал-сауап ұғымы адамзат санасына қай кезеңде, қалай орнағанынан бейхабармыз. Десе де, өзге жаратылыстан адамзаттың бір артықшылығы – обал-сауапты білетіні деп түсінетініміз мәлім. Өзге жаратылыстікі тек инстинкт деп қоятынымыз тағы бар. Алайда, адамның обалсыздығы, өзге жаратылыс иелеріне тіпті, өз-өзіне қиянаты хайуанаттардағы жыртқыштық инстинктен де асып түсіп, жантүршіктірген тұстар жоқ емес.

Қоғам мүшелері өздері өмір сүретін ортаны ізгілендіруде әуелде дінге жүгінсе, дін әлсірей бастағанда ізгілікке үндеу миссиясын әдебиет алып жүргендей көрінеді де тұрады.

Бұл ойымызды қарағандылық жазушы Серік Сағынтайдың «Қарға» әңгімесі мейлінше күшейте түсті.

Жазушының 26 жасында жазған шығармасын 2018 жылдың 23 желтоқсанында Әдебиет порталы жариялап, оны күні кешеге дейін 14989 адам оқыпты. Портал туынды жанрын эфсана деп берген екен. Шығарма желісі қарға жайлы дерек айтатын автор, қарғадан күнбағыс плантациясын қорғағысы келген шаруа, қарғаны үркітудің озбыр тәсілін тапқан шаруаның пысық досы Қабыл және еш жазығы жоқ Әділ арасында өрбиді.

Алғашында ой-толғаммен басталған әфсана орта тұсында оқырманын адамның тіршілік түйткіліне жетелеп алып барады. Жанбағу үшін ойға алған ісін қалай да жүзеге асырғысы келген, өз ойының дұрыстығын, қолынан бірдеңе келетінін дәлелдегісі келген қарапайым адам. Қарғадан айырмасы тек инстинкке сүйенбей, әр шешімін өзі қабылдайды. Нәпақа табу жолындағы амал-тәсілдің жақсы-жаманын да таңдай алады.

Өз пайдасы үшін өзге жаратылыс иесіне қиянат қылған адам жайлы жетісулық жазушы Есболат Айдабосын «Ит тірлік» хикаятында сөз етеді. Екі қаламгер шығармасындағы түпкі ой бір болғанмен, жеткізу тәсілі екі түрлі. Бірінде образ аз, сюжет те жоққа тән. Екіншісінде, образ, сюжет, характер бар. Бірі ойын Құран Кәрімнің сүресімен тәпсірлесе, бірі хикаяттың мәнін түсіндіріп әуре болмайды.

Екі шығарманың басталуы да ұқсас. Бірі – қарға туралы, екінші – ит жайында. Бірі есті тіршілік иесі адамның қарға құрлы болмағанын, екіншісі адамның ит тірлігін баяндайды. Екеуінен де адамның өзінен басқа жаратылысқа миығынан қарайтын пиғыл байқалады. Өзге жаратылысқа миығынан қарауға адамзат баласы, яки, біздің қазақ қай кезде әдеттеніп алғаны тағы беймәлім. Мәлімі екі қаламгерге де сол әдет қатты батады. Қабырғаны қайыстырған жаман әдетке деген ішкі қарсылық пернетақтада теріліп қағазға түсті, сайттарға жарияланды.

«Қазір бастаймыз. Мен мына магнитофонға, таспаға жазуды бастаған сәтте қолдарыңдағы шегемен қарғаларды бас-көзге қарамай піскілейсіңдер. Дауысынан қорықпаңдар. Бәлемдердің үндерін жазып алып, басқа қарғаларға тыңдатамыз…». Бұл плантацияны қарғадан қорудың тәсілін тапқан Қабылдың сөзі. Ал, Киізбет қиянат қылған иттің бала кезін автор «Ызғыт кенже туды, екі ұяласына қарағанда сидаң еді. Сондықтан, болар енесі Ызғытты көп еркелететін. Тар ұяның ішінде таласып ойнап, астаң-кестеңін шығаратын әлгі екеуді ашуланғанда желкеден алып лақтырып жіберетін, ал Ызғытқа тіс батырмайтын», – деп баяндайды.

Қарғаның көп жасайтынын білетін жазушы Серік Сағынтай одан «аталарым туралы айтшы…» деп сұрайды. Бұл сұрақтан автордың аталары өмір сүрген заманда бүгінгіден гөрі обал-сауап деген ұғым күшті болған деп санайтыны және сол кезеңдегі табиғатпен үйлескен өмірге деген аңсар аңғарылады.

Серік Сағынтай өзі жаны ашыған қарғамен ойша сөйлессе, Есболат Айдабосын итке адам секілді характер беріп, сезімтал етеді. Қос мақұлық та авторлар айтқандай бірі сырласуға пейілсіз, бірі сондай сезімтал болмауы мүмкін, бірақ сіз оқырман ретінде иланасыз. Ол иланудың астарында да озбырлыққа қарсылық, мейірімге құштарлық бар.

«Ит тірліктегі» мақұлықтың табиғаты, «Қарғадағы» құстың көзі көрген қоректен құр қалмауы жабайы инстинкт болғанымен жаратылыстың үйлесіміне қайшы емес. Ал, ақылды жаратылыс иесі – адамның таңдауы не себепті үйлесімге қайшы келе береді екен?…

Назым ДҮТБАЙ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button