Арқа даласы – Ақселеу әлемінде
ХХІ ғасырда азаттық айдынында тербеліп өскен біздің бір бақытымыз – Алаштың аймаңдайы Ақселеу СЕЙДІМБЕКТІ көрдік. Тау тұлғасы қандай болса, тарланбоздың тұма рухы одан да биік еді. Жерде жүрген Алаштың көлеңкесіндей сезілер еді ғой. Қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен нағыз ұлт жанашыры кім десе, көз алдыма Ақаң тұлғасы келеді қазір. Жалғыз маған ғана емес, жалпыға да солай болу керек. Алаш пен Ақселеу егіз мен үшін. Ал, Ахаң әлемін тану – бітпес әңгіме, алынбас қамал. Бүтін бір ғылыми институт атқарып бола алмасты жалғыз өзі еңсеріп кетті десе, артық емес. Сөйткен Ақселеудей аяулысын Арқа жұрты құрметтемегенде ше? Тірісінде талай бұлақтың көзін ашқан Ақаң бақилық мекенінде де талай жасты желеп-жебеп жатыр. Алаш аманда, жебей береді де.
Гүлнарайым Қаңтарбекова басшылық ететін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма ерлеп тұр. А.Сейдімбек атындағы жас ақындар мен жазушылардың, көсемсөз шеберлерінің облыстық әдеби-шығармашылық байқауын биыл осымен 5 мәрте ұйымдастырды. Арқа даласы Ақаңның өзіндей немесе көзіндей мөлдіреді осы күні. Қазақ руханиятының қыраны Ақселеу атамыз қайсар рухтың семсері деңіз. «Қаламсабы – алдаспан» деп тебіренеді қазір Арқадағы жас ақындар. Қорытындысы Қарағанды шәріндегі «Достық үйінде» өткен әдеби-шығармашылық байқауға биыл 16 мен 35 жас аралығындағы 83 үміткер қатысып, поэзия, проза және публицистика жанрлары бойынша өз туындыларын ұсынған екен
Үміткерлердің шығармаларын саралап, жүлдегерлерді анықтау үшін есімдері елге белгілі, өңіріміздің беделді азаматтарынан құралған қазылар алқасының құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммедғали Әбдуов (қазылар алқасының төрағасы), ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары, Қазақстан Журналистер одағы және облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлықтарының лауреаты Ерсін Мұсабеков, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Жансая Жарылғапов, филология ғылымдарының кандидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасының доценті Мейрам Жұмабеков бар.
Байқаудың марапаттау кешінде Ақаңның асқақ әндері шырқалды. Поэзия, проза, публицистика жанрлары бойынша үш аталымның бас жүлдесін жалынды жас ақын Ерік Нарын иеленді. Қатарында топ жарып келе жатқан таланттың бірі. Сонымен, поэзия жанрынан І орын облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын Жәлел Шалқарға, ІІ орын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті Бек Ықыласовқа, ІІІ орын Сәтбаев қаласы әкімдігінің маманы Абай Оразға бұйырды. Проза аталымында ІІІ орын Жезқазған аймақтық «Мысты өңір» газетінің тілшісі Бағдат Қазкеновке, ІІ орын Қарқаралы ауданы, Теректі ауылындағы №30 орта мектеп мұғалімі Нұрбек Мырзабекке, І орын Орталық Қазақстан академиясы тіл және аударма факультетінің аға оқытушысы Әділ Жакулаевқа табысталды. Ал, публицистика аталымында ІІІ орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Әділет Жағыпар, ІІ орынды «Болашақ» академиясының оқытушысы Ерзат Ермағамбетов алса, І орынға «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі, жас берен Қасымхан Ғалым лайық деп танылды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар ақшалай сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»