«Алтын тұңғиық» кітабының тұсауы кесілді
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханада Ұлттық кітап күні аясында Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Жәнібек Әлиманның «Алтын тұңғиық» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті.
Оған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Қойлыбай Асанов, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты Айтбай Жұмағұл және басқа да аға буын өкілдері қатысып, кітаптың тұсауын кесті.
Сонымен қатар, дәстүрлі әннің дүлдүлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сержан Мұсайын, әнші, композитор, Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали, актер Дунай Еспаев та арнайы келіп, ізгі тілегін жолдады.
– 17-ден енді асқан бозбала Өспеннің боз даласынан аттанып, Қарағанды университетіне оқуға түсті. Төрт жыл бойы өзіне ұстаз болдым. Жоғарғы оқу орнын және магистратураны да тәмамдағанда дипломдық жұмысына жетекшілік еттім. Содан кейін Жәнібекті «Өзімнің Жәнібегім» деп атадым. Жәнібектің бойында қазақтың боз даласының барлық қасиеті бар. Қарағанның қасиеті, тобылғының тектілігі, жусанның жасындығы, көденің кеңдігі де бар. Жазған жырларынан да осы қасиеттер сезіліп тұрады, – деді Қойлыбай Асанов.
Кеш барысында ақын отты өлеңдерін тебірене оқыды. Сонымен қатар, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі студенттері де арнайы қатысып, ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Мақаланың толық нұсқасын “Орталық Қазақстан” газетінің алдағы санынан оқи аласыздар.
Жәлел ШАЛҚАР