Руханият

«Аман ба Арқадағы, жас Құлагер?»

«…Әйтпесе, келісіп ап айтысады деп, қарады көбі бізге күдікпенен. Біздің жаттап айтпаған жырымызды, сіздер жаттап алады деп үміттенем» деп бастады сөзін сәтбаевтық Абзал МАҚАШПЕН айтысқан қарқаралылық Бекарыс ОСПАНОВ. Иә, бұл – биылғы айтыстың ерекшелігі. Бақ сынасқан 12 ақынның жұбын көрермендер таңдады. Ал, жеребе арқылы жұптасқан ақындар карантиндік талаппен екшелген елу көрерменді жерге қаратқан жоқ. Жыр додасын тізгіндеген облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық-кеңсе басшысы Айтбай ЖҰМАҒҰЛДЫҢ төл өнеріміз айтысты өркендету жолындағы еңбегі – бұл. Осылайша, С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрындағы қыннан суырылған қылыштай лапылдаған жас жүректердің сөз сайысы Арқа аспанында рух найзағайын жарқылдатты.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы, «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі ұйымдастырған «Армысың, әз НаурызІ», дәстүрлі облыстық жас ақындар айтысы Алашорда көсемі Әлихан Бөкейханның – 155, математикадан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің – 130, Алашорда үкіметінің мүшесі, қайраткер Жақып Ақбаевтың 145 жылдығына арналды.

Мақсаты – жас айтыскерлер шығармашылығының қалыптасып, дамуына жағдай жасау. Наурызды жырға қоса отырып, Алаш арыстарының өнегелі өмірі жайлы толғау. Айтыс өнерін насихаттау, ұрпақты ұлттық ата-дәстүр рухына тәрбиелеу.

– Арқа жері қашан да дәстүрі мен ғұрпын дәріптеп, келешек ұрпаққа табыстап отырған. Ұлыстың Ұлы күні дегенде, әрине, Тәуелсіздікті ұмытпауымыз керек. Азаттықтың ақ таңы атқалы 30 жыл өтті. Қарағандылықтар Тәуелсіздікті жақындатуға көп үлес қосқан. Киелі Ұлытауда Ұлық Ұлыс Алтын Орда хандары, кейін Қазақ хандары ұлықталған. Қарқаралы мен Ақтоғайда Алаш арыстары дүниеге келіп, Арқа топырағында үлкен петицияға қол қойылып, Алашорда құрылған. Бүгін сол Алаш арыстарының құрметіне облыстық айтыс өткізіліп отыр. Бүгін жастардың Тәуелсіздік құндылықтары мен алашордалықтардың ерлігін жан-жақты жырға қосарына сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құттықтау сөзінде.

Аламанға 50 көрермен қатысты. Санитарлық талаптар толық сақталды. Тартымды безендірілген сахнадан мерекелік көңіл-күйдің лебі есіп тұрды.

Жастар шамасы жеткенше шапты. Қарсыласының кім екенін сахнада ғана көргендіктен, сөз таппай дағдарғандары да болды. Біраз мәселе ептеп қозғалды. Октябрьдің Әлиханға ауысатыны, Алматыдағы біржыныстылар митингісі, жол жөндеу, тіл мәселесі, Жамбылдың, Қасымның, Әлиханның еңбектері, жетімдер жайы айтылды.

Доскей Ботпай Әлімханды жұмысқа алған Ә.Сағыновтың ерлігін жырға қосса, Жанарыс Тілеубек Қасымның Оралда оркестр жетекшісі болғанына тоқталды.

Шынында, жастар ұзақ амандасты, суырып-салуға біраз қиналды. Елдің мәселесін айтып бақты. Бірақ көп уақытын бірін-бірі кекетіп-мұқатуға арнағандар да болды. Сөз саптауларынан әлі де көп іздену керектігі көзге ұрып тұрды. Арасында Абзал Мақаштың бойында ептілік, кірпияздық барын байқадық. Домбырасы, сахна мәдениеті ерекше, дауысы құлаққа жағымды. Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан сынды аймаңдай ақындардан мысал келтіре сөз қағыстырды. «Ұлытаудың ұлары оралғандай», «Әлихандай әдіптеп сөйлей алсаң, Әлімхандай демейін қолтығыңнан», «Кеме келсе шығады қайық судан» сынды кестелі ой айтып, ақындық қуатын байқатты.

Төрехан Совет сауатты, арынды айтыс көрсетіп, болашағынан үміт күттіретінін дәлелдеді. «Жүрісінен жаңылған бала болдың, Жүрмесең баба салған дәстүрменен» деп қарсыласын қағытса, «Қазаққа мәңгі жұлдыз боп қалады, Барақтың ұрпағынан туған бала» деп Әлихан бейнесін өзінше сомдап, «Егер де бірлік дейтін алтын болса, Қазақтың болашағы жарқын болар» деп болашаққа жол көрсетті. Сонымен қатар, ақындар тарапынан: «Сразу, братишка, крассавчик, за ущерб, лучший, атака» сынды орысша сөздер де шығып жатты. Бұл – болашақта арылуға тиіс әдет.

Мұны Жанарыс Тілеубек те «Арыстардың тойына келіп тұрып, Орыстардың қайтесің тілін қосып?» деп кесіп айтты. Алғаш сахнаға шыққан Мәди Олжабайға «Тұсауыңды ағаңа кескізіп ап, Жолымды өзің кесіп кетпегейсің» деп астарлы әзіл айтса, Мәди де қайтпай «Тұсауымды сен кессең, бауырым-ау, Мәдидің болашағы не болады?» деп ұтымды жауап берді.

Осы Жанарыс Тілеубек «Бойында намысы бар бабалардың, Тірлігінен ешқандай мін таппадым», «Рейхстаққа ілген жоқ Туды апарып, Гейқыстақта жүрсін деп ұрпақтарым», деп ойлы өлең тізе білді. Ал, бұған дейін жарқылдап көрініп жүрген Нұрлыбек Төкен бұл жолы шаба алмады. Алғашқы кезеңдегі қарсыласы Нұрсұлтанды жеңгені туралы «30 минут отырам деп несі бар ед, Қазылар да тілегін екі етпеді» деген бірен-саран жолдары есте қалды.

Үзілісте Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншілері Медет Осатаев пен Айнұр Дәулетбаева және «Қуаныш» үлгілі хореграфиялық ансамблі өнер көрсетті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевтың төрағалығымен сүйегіне сөз сіңген аға буын өкілдері Қойлыбай Асан, Ерсін Мұсабек, Тілеген Әділ, Сержан Мұсайын, Дидар Қами айтысқа қазылық етіп, алғашқы кезеңде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандарды анықтап, екінші кезеңге өткізді.

Ақтық сында Доскей Ботпай мен Нұрлыбек Төкенов, Төрехан Совет пен Бекарыс Оспанов үзеңгі қағыстырды. Төрт ақын да уақытты үнемдеп, сапалы сөз айтуға бар күшін салды.

Қорытындыда, айтысқа алғаш қатысқан сәтбаевтық Мәди Олжабай, теміртаулық талантты ақын Әлихан Ерғалиев, қарағандылық Әлихан Нығметолла Алғыс хатпен қоса 30 мың теңгені місе тұтты. Сондай-ақ, «Нұр-Әсем» кәсіпорнының иесі Венера Исина жас ақын Доскей Ботпайұлына шапан тігіп беретінін айтса, ең жас қатысушы Мәди Олжабайға 20 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

Теміртаулық Еркеғали Бекболат – «Әлихан Бөкейхан» атындағы, Майқұдықтың намысын қорғаған Нұрсұлтан Рымбай – «Әлімхан Ермеков» атындағы, нұралық Жандос Бақытұлы – «Жақып Ақбаев» атындағы арнайы жүлденің 50 мың теңгесіне ие болды. Ал, III орынның 100 мың теңгесін сәтбаевтық Абзал Мақаш пен теміртаулық Жанарыс Тілеубек қанжығалады. II орынның 150 мың теңгесі Бұқар жырау ауданынан келген Доскей Ботпай мен Нұрлыбек Төкенге бұйырса, I орынның 200 мың теңгесін Қарқаралы ауданының жүйрігі Бекарыс Оспанов иеленді. 250 мың теңгелік Бас жүлде ауыздығымен алысып, шашасына шаң жұқтырмай, мәреге бірінші келген қарағандылық Төрехан Советке бұйырды.

Шара соңында Аманжол Әлтаев жастардың аяқ алысын қысқаша талдап, ақ жол тіледі. Жалындаған жас ақындар айтысында біз күткен сөзді «Тұяғыңмен жер тарпып тұрсың ба екен, Аман ба Арқадағы, жас Құлагер?» деп Абзал Мақаш айтты… Бірақ жас Құлагерлердің көбінің тұяғымен жер тарпуы сүйсіндірмеді бізді. Себебі, суырып-салып, шаппа-шап айтысу қиынның-қиыны. Сондықтан, жас айтысерлерге кітап кеміріп, қиялын байытып, еңбектенген жөн. Жеңіл-желпі сөздер мен орысша терминдері алысқа апармасы анық. Бірін-бірі кекетуден арылып, елдің мұңын, жоғын кестелі ой, ащы әзілмен айтуды меңгерсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, кей жұптар көпшілікті шаршатып алып жатты. «Көш жүре түзеледі» демекші, ертеңгі күннен үміттіміз…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button